• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

15 Наурыз, 2019

Ресейліктерді тәнті еткен әнші бала: Димашқа ұқсағым келеді...

Дарынды қазақстандық жасөспірім Димаш Құдайберген сияқты Қазақстанды әлемге танытқысы келеді

Дарынды қазақстандық жасөспірім Димаш Құдайберген сияқты Қазақстанды әлемге танытқысы келеді.

Ресейдің "Голос. Дети" байқауына іріктеу кезінде әділқазыларды түгел аузына қаратқан қазақстандық Ержан Максим өзі туралы айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегіне сүйеніп.

Жобаға берген сұхбатында атап өткендей, "Голос. Дети" шоуына қатысуды кішкентайынан армандапты. Бірақ ата-анасы "біраз тәжірибе жинақтап алсын" деп биыл ғана жобаға қатысуға өтініш берген екен.

"Жетекшілер бұрыла бастағанда, таңғалған жоқпын, бірақ бәрі бұрылған кезде, арманымның орындалғанын сездім", - дейді Ержан.

Ержанның анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, бүкіл отбасы өнерге жақын жандар – Ержанның ата-бабасы, ата-анасы, аға-әпкелері де ән айтады.

"Үш жасында Ержанның ерекше дарын иесі екенін түсіндік. Күйеуімнің қырық жасында екі ән орындады. Достарымыз бен туыстарымыз таңғалып, "вокалға беріңдер" деді. Біз Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінің вокал сыныбына бердік", - дейді Гүлмира.

Кеудесін мақтаныш сезімі кернеген ана ұлының музыкаға деген махаббаты құрсағында жатқан кезінен басталғанын еске алды.

"Аяғым ауыр кезде ылғи музыка тыңдап жүретінмін. Сол әсер еткен сияқты. Музыка тыңдасам болды, балам да құлақ түргендей қозғалмай қалатын", - дейді Гүлмира.

Ержан бос уақытында ролик, коньки теуіп, бокспен айналысқанды жақсы көреді. Сондай-ақ әкесімен бірге моншаға барып, кейде анасы екеуі торт пісіреді екен. Отбасының ең сүйікті тәттісі - "Вупи пай" торты.

Музыкалық аспаптар ішінде Ержан фортепианода ойнайды, "Голос. Дети" жобасынан кейін домбыраны қолға алмақ. "Ата-бабаларым домбырада ойнағандықтан, мен де үйренуім керек", – дейді жас әнші. Жасөспірім Мәскеуде балалайка тартып үйренгенін де айтты.

Ержанға, әсіресе Андреа Бочеллидің әндері қатты ұнайды.

"Есейген кезде Димаш Құдайбергенге ұқсағым келеді. Димаш Қазақстанды бүкіл әлемге танытып жүр. Жолын қусам деймін", - деді ол.

Бірақ Ержанның айтуынша, бүкіл әлемді бағындырған жұлдыз болу үшін бір ғана дауыс жеткіліксіз.

"Сахнаға шыққанда айтқан әніңді халықтың жүрегіне жеткізуге тиіссің", - дейді Ержан.

"Арманым – бүкіл әлемге танымал әнші болып, Римде Колизей сахнасында ән шырқау", - деп ойын аяқтады жас әнші.

Ұсынған: Назерке Лабихан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір