• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 00:22:46
Алматы
+12°

16 Наурыз, 2019 Әлем

Лукашенко Путинге: Бізді қорламағаныңда, бақыт іздеп дүние кезбес едік... (видео)

Ресейлік БАҚ Лукашенконың бұл әрекетін көреалмаушылық, іштарлық салдарынан туған деп болжады.

Ресей Беларусь елін Батыстың құшағына өзі тықпалап берді. Мұндай пікірді айтқан Беларусия президенті Александр Лукашенко. Сейсенбі күні еуропалық ұйымдармен  интеграциялық құрылымдар және ынтымақтастыққа қатысты кеңесте айтылды бұл сөз.

"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, Беларусь Ресей тарапынан болып жатқан шектеудің салдарынан Батыспен серіктестікті нығайтуға мәжбүр.

«Батыспен серіктестіктің орнауы біздің басты серіктесіміз – Ресей Федерациясының көңіліне жақпай қалыпты. Тіпті ашуы қара қазандай екен. Несіне бұлқан-талқан болып жатырсыздар? Біздің өнімді нарыққа жібермейді, арамтамақ дейді, кез келген мүмкіндікті пайдаланып, қысым жасайды, басып-жаншуға дайын тұрады, кеуделерінен итереді. Енді не істейміз? Жер астына жасырынып алып, шықпай отырғанымыз керек пе?», - деді ашуға мінген Лукашенко.

Беларусия үшін бір есік жабылса, ол екінші есікті іздеуге мәжбүр болады. Осылай деген ел президенті Ресейден Беларусьтің мұндай қадамдарын айыптамауды талап етті.

«Біз ешқайда бұрылмаймыз, бұрылатын жер де жоқ. Басымызды айналдырсақ болғаны, себебі біз жағдайдың орталығында – Еуропаның орталығында орналасқанбыз», - деп мәлімдеді ол.

«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала. Егер Ресеймен қарым-қатынасымыз қалыпты болса, егер Одақтық мемлекеттермен еркін келісімдерге келе алсақ, еркін саудалассақ, бізді қорламаса, бақытты алыстан іздеп неміз бар?», - деді президент ашулы сөзінде.

Ал елдің Еуропалық Одақпен келісімге келуіндегі алғашқы міндет – визалық режимді жеңілдету. Оның үстіне ЕО-мен тығыз қарым-қатынастағы Ресейге мынадай ренішін тағы білдірді.

«Ресей Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен, НАТО-мен тығыз қарым-қатынаста. Біз осы үшін Ресейді айыптадық па? Бұл келісімдер тек өз пайдамыз үшін жасалды. Ешкімге бөгет келтіріп отырған жоқпыз, дұшпандарымыздың қатарына қосып қоймадық. Ресейдің де әрекеті осындай болса игі. Соны сөзбен емес, іспен көрсетсе тіпті жақсы болар еді», - деді Лукашенко.

Лукашенконың айтуынша, Беларусь екінші ірі серіктесі ЕуроОдақпен оңтайлы диалог орнатып келеді. Инвестициялар өсіп, сыртқы сауда ұлғайды, байланыстар кеңейді.

Ал ресейлік БАҚ Лукашенконың бұл әрекетін көреалмаушылық, іштарлық салдарынан туған деп болжады.

Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір