• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 19:46:13
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

18 Наурыз, 2019 Шаруашылық

Ас бөлмесіне қатысты 30 кеңес

Бұл әдістер өміріңізді жеңілдетеді. Әрі сізді ысырапшылдықтан сақтайды.

1.Жұмыртқаның сапасын қалай анықтауға болады? Ол үшін бір ыдысқа су құйып жұмыртқаны салыңыз. Бұзылмаған жұмыртқа суға батып кетеді, егер бұзылып кеткен болса су бетіне қалқып шығады.

2.Жеміс-жидекті бұзбай сақтау амалы. Тоңазытқыштағы жәшіктің астына қағаз орамал төсеңіз. Ол артық ылғалды өзіне тартып алады. Сөйтіп, көкөністер мен жемістің ұзақ сақталуына, әрі көгеріп кетпеуіне көмектеседі.

3.Ашылған шараптың сақталу мерзімін ұзарту жолы. Жартылай ішілген шарап немесе шампанның бөтелкесін лақтырып тастамаңыз. Шөлмектің ішіне 2-3 түйір мейіз салып, екі сағатқа жауып қойыңыз. Мейіздің құрамындағы табиғи қант шампан, шараптың бастапқы қалпына келуіне көмектеседі.

4.Лимон кеуіп қалмасын десеңіз... 2-3 тамшы лимон шырыны қажет болса тұтас лимонды екіге бөлудің қажеті жоқ. Одан да лимонды тесіп, қалағаныңызша шырынын сығып алыңыз. Мұндай әдіс жемістің ұзақ сақталуына әрі кеуіп кетпеуіне көмектеседі.

5.Көк-сөкті ұзақ сақтау тәсілі. Егер көк-сөкті бір ай бойы сақтағыңыз келсе бір бумасын жуып, пластик дорбаларда мұздатқышқа салып қойыңыз. Пайдаланар алдында мұздатқыштан шығарған күйде турап алып, тамаққа қосуыңызға болады. Бірер минуттан кейін аскөк еріп, тамаққа дәмі сіңеді.

6.Үйдегі азық қорын сақтау. Ұн, жарма, макарон өнімдерін сақтайтын ыдыстың ішіне лавр жапырағының бірнеше талын салып қойсаңыз шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа жоламайды.

7.Саңырауқұлақты шырыштан қорғау. Саңырауқұлақты тоңазытқышқа қағаз орамалға орап салыңыз.

8. Ірімшікті қалай құрғатпай сақтауға болады? Ірімшік тілімі құрғап кетпесін десеңіз туралған тұсына май жағып қойған жөн.

9. Көкөністерді қалпына келтіреміз. Егер шалғам немесе сәбіз босаңси бастаса мұздай суға салып, шикі картоп бөлшектерін қосыңыз. Сонда көкөністер әп-сәтте бастапқы қалпына қайта келеді.

10. Пісірілген тоқаштарды сақтау. Қытырлақ және жұмсақ печеньені бірге сақтауға болмайды. Жұмсақ печеньенің құрамындағы ылғал қытырлақ печеньеге сіңіп кетеді. Сөйтіп, өз құндылығын жоғалтып алады.

11.Бананды сақтау. Піскен бананды сабағынан үзбей сақтаған жөн. Сонда ұзақ тұрады.

12. Тұзды дұрыс сақтау. Тұз салғыштың түбіне аздап күріш салып қойсаңыз ұнтақ жабысып, қатып қалмайды. Күріш артық ылғалды бойына сіңіріп алады.

13.Сарымайды тоңазыту. Сары майды мұздатқышта жарты жылға дейін сақтауға болады. Майды бірнеше бөлікке бөліп, герметикалық пакеттерге орап салыңыз. Сонда ол жанында тұрған басқа тағамдардың иісін бойына тартпай, жақсы сақталады.

14. Қышқыл сүт өнімдерін қалай сақтау керек? Ірімшік немесе қаймақ салынған ыдысты төңкеріп қою керек. Төңкерілген ыдыста тұрған сұйық заттың әсерінен вакуум пайда болып, тағамды бұзатын бактериялардан қорғайды.

15. Қантқа айналған бал. Қоюланып қалған балды тастай салмаңыз. Балды 30 секунд бойы микротолқынды пеште орташа қуатта қыздыру керек. Сонда бал өз қалпына келеді.

16. Ірімшікті тоңазыту. Майлылығы жоғары жұмсақ ірімшікті тоңазытуға болады. Қалған ірімшікті ауа өткізбейтін герметикалық дорбаға немесе контейнерге салып мұздату қажет. Мұздатылған ірімшікті дастарқанға қоймасан бір күн бұрын тоңазытқышта ұстаған жөн.

17. Тұзы өткін сорпаның дәмін қалай келтіруге болады? Тағамның тұзы ащы болып кетсе оған шикі картоп немесе алма қосуға болады. Ол артық тұзды бойына сіңіріп алады. Ол үшін сорпаға картоп не болмаса алманы салып 10 минут қайнағаннан кейін сүзіп аласыз. Тамағыңыз әлі де ащы болса бір қасық қант қосыңыз. Егер ол да көмектеспесе бір қасық алма сірке суын қосқан жөн.

18. Тағам майлы болса… Егер уақытыңыз болса сорпаны жарты сағатқа тоңазытқышқа қойыңыз. Бетінде тоңазыған майды қалқып алып тастауға болады. Ал егер уақытыңыз аз болса сорпаға бірнеше түйір мұз салып, маймен бірге қалқып алыңыз.

19. Сүт күйіп кетсе. Ол үшін түбі күйген ыстық сүтке аздап тұз салып жіберсеңіз күйіктің иісі мен дәмін алады.

20. Қатты етті жұмсартайық. Етті пісірмес бұрын маринадтап алған дұрыс. Ол үшін сыра, сірке суы, ананас шырыны немесе қызанақ пайдаланғаныңыз жөн. Бұлардың бойында етті жұмсартатын қышқылдар мен ферменттер бар.

21. Шырын алу. Цитрус өнімдерін сықпас бұрын үстелдің үстіне қойып, ары-бері ысқылап алған жөн. Сонда шырыны көп шығады.

22. Жеміс-жидек тез піссін десеңіз... Егер сіз піспеген жеміс-жидек сатып алсаңыз оны қағаз пакетке салып арасына 1 алма қосыңыз. Алма өсімдіктің тез пісуіне көмектесетін этилен газын бөледі.

23.Тағам сақтайтын контейнерге сіңіп қалған иісті кетірейік. Тамақ сақтайтын ыдыстарды қанша жусаңыз да жағымсыз иістің сақталып қалатыны рас. Олардың ішіне ақ-қара түсті газетті уқалап салсаңыз иісті тартып алады. Пайдаланар алдында тағы бір рет жуып жібересіз.

24.Тауықты мүшелеу. Ең алдымен аяқтарын кесіп алған жөн. Одан кейін жамбасын сүйектен ажыратып, қанаттарын кесесіз. Содан соң төсін төмен қаратып омыртқасынан ажыратасыз. Одан әрі жұмсақ еттерін бөлшектеп турауға болады.

25. Пешке арналған таба мен қағазды қайда сақтаған жөн? Бұл мақсатқа файл салуға арналған қалыпты пайдалануға болады. Мұндай қалыпқа жұқалтыр, ас орайтын үлдір, тағам пісіруге арналған қағаз бен таба, пластик формаларды салып қоюға болады.

26. Қалған кофені қайда жібереміз? Қайнатылған кофе ішілмей қалса, оны төгіп тастамаңыз. Оны мұз жасайтын қалыпқа құйып қатырып қойсаңыз, суық кофе дайындаған кезде пайдалана аласыз. Қатырылған кофенің құрамы өзгермейді.

27. Қатқан нанды тастай салуға болмайды. Оны кішкентай бөліктерге турап, қуырып, сорпаға салып ішуге болады немесе салатқа қосуға болады.

28. Тот баспайтын темірді қалай тазалаған жөн? Ол үшін спирт немесе арақ пайдалануға болады. Мақтаны немесе таза шүберекті спиртке батырып, дақ тұрып қалған орындарды сүртесіз.

29. Күйген қазанды тазарту. Қазанның түбіне көп мөлшерде ас содасын сеуіп 4-5 қасық тұз қосыңыз. Үстіне су құйып бір түнге қалдырыңыз. Сонда күйіп, жабысып қалған тамақ қалдықтары тез тазарады.

30. Піскен макарон желінбей қалса, тастамаңыз. Ауа өткізбейтін пластик пакеттерге немесе қақпағы бар контейнерге салып тоңазытқышқа қойсаңыз ұзақ уақыт сақталады. Дастарханға қояр алдында бірнеше секундқа ыстық суға салып алсаңыз бастапқы қалпына қайта келеді.

Дереккөз: syrlasu.kz сайты

Ұсынған: Мақпал Сембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір