• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қазан, 21:48:53
Алматы
+8°

19 Наурыз, 2019 Экономика

Наурыз көжені ұлттық брендке айналдырудың 3 тетігі

Егер біз отандық кәсіпорындарға наурыз көжені жасауды міндеттесек, оның жасалу технологиясы да дами түсетіні даусыз.

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі жақындағанда әр отбасы наурыз көже жасауды міндетіне балап, тіпті көженің жасалу технологиясын білмейтін жас келіндер үлкен кісілерден оның жасалу тәсілдерін сұрастырып қал-қадірінше мейрамға қамданып-ақ жатады...

Негізінен, тереңіне үңілсек, наурыз көженің қасиеті, құрылысы, жасалу тәсілдері тым ерекше. Бойына айрықша қасиет жиған бұл асты жасау оңай шаруа емес. Дәмі тіл үйіру үшін оған міндетті түрде сүр ет қосу керек. Сондай-ақ көжеге қосылатын басқа дәмдерді де нақпа-нақ дәл қоса білу үлкен шеберлікті талап етеді. Жасыратыны жоқ, қазірде Наурыз мейрамында дайындалып жүрген қайсыбір көженің технологиясы, құрамы, дәмі көңілімізден шықпай жатады. Көжені кім қалай естісе немесе бір жерден оқыса, болмаса біреуден үйренсе солай жасап жүр. Ал жылдар өте келе осы дәміміздің сапасы одан әрі төмендеп кетпесіне кім кепіл?! Мұндайға жол бермес үшін не істеу қажет? 


       Наурыз көже ең алдымен халықты біріктіретін ас...

Кезінде ата-бабаларымыз халықты дастарқан басына тоғыстыратын ынтымақ құралы ретінде осы наурыз көжені пайдаланған. Үлкен «қара қазанға» әзірленген көжеден бүкіл ауыл-аймақ дәм татып, ел-жұрттың ырыздығы кіріп, берекесі жарасқан. Ендеше осы көжені ұлттық брендке айналдыруға біз неліктен асықпай отырмыз?! Мүмкін, наурыз көжені дайын өнім ретінде нарыққа шығаруға отандық кәсіпорындарды міндеттеу қажет шығар?!

 

Экономист-сарапшы Ильяс Исаевтың пайымдауынша,  наурыз көжені ұлттық брендке айналдырудың мынадай бірнеше тетіктері бар:

а) Бірінші Наурыз көженің ішіне жеті түрлі ас қосылатындықтан көжені жартылай өнім ретінде шығаруға кәсіпорындар
ды міндеттеу қажет. Бұл үрдіс қарпайым отбасы қауымына да үлкен көмек болады. Егер көжені жартылай дайын өнім ретінде шығарсақ, көжеге деген сұраныс артып, Наурыз көже тек наурыз келгенде ғана емес, жылдың басқа мезгілдерінде де сұранысқа ие болмақ;

ә) Егер біз отандық кәсіпорындарға наурыз көжені жасауды міндеттесек, оның жасалу технологиясы да дами түсетіні даусыз. Мәселен, қымызды, шұбатты, қымыранды қазірде дайын өнім ретінде шығаратын кәсіпорындар бізде бар. Бүгінде олар қымыздан, шұбаттан емге дәру құрғақ таблеткалар да жасай бастады. Осы тәрізді наурыз көжені бір даярлап көріп
, табысқа қол жеткізгеннен кейін кәсіпорындар оның жасалу технологиясын дамыта түседі деп сену керек. Кейін наурыз көжеден дертке дауа құрғақ таблеткалар жасалып жатса, бұл құптарлық жайт.

б) Үшіншіден, Наурыз көжені кәсіпорындар сатылымға арнайы қорапшалармен
шығара бастаса, қораптың сыртында көженің құрамы, қасиеті, оған қосылған тағамдардағы дәрумендер толық жазылады. Осыдан барып көженің қасиеті мен құрамының құндылығынан хабарсыз қауым өзіне қажетті дерек алады;


Міне, маманның пайымдауынша, наурыз көжені брендке айналдырудың түп-төркіні осында жатыр. Сарапшылар бұған қоса «көже жасаумен айналысатын кәсіпорындарды жыл сайын наурыз айында салықтан босатып, олар төлеуі тиіс қосымша құн салығын алып тастап отырса, кәсіпорындар тек қана пайда көрер еді. Бұдан соң сол мекемелер өздері-ақ наурыз көжелерін жарыса нарыққа шығарып, бәсекелестік орта тудырады» деседі... 


Нәр-уызды қолданысқа енгізген жөн... 
Негізінде, наурыз парсы тілінен алғанда «нәр-уыз» – жаңа күн деген ұғымнан шыққан. Наурызды бирамалықтар «Су мейрамы» десе, тәжіктер «Гүл гардон», «Гүл наурыз» дескен. Хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган» деп те тойлатыпты. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайында Омар Хайям, Махмұт Қашқаридың еңбектерінде тереңінен жазылған. Қалай десек те Наурызда барша бұқара қыстан аман-есен шыққанына шүкіршілік етіп, елдің аузы аққа тигеніне масайрайды. Заманында ата-бабаларымыз наурыз көжеге жаңа туған малдың уызын қосып та үйіндегі «қара қазанын» толтырған. Бұл әрине, бабаларымыздың «наурызда малым төлдеп, өрісім кеңейіп, қоңысым мерейленсін» деген тілегінен туған ниет екені даусыз. Ал қазір наурыз көжеге уыз қосу тәсілі мүлде ұмыт қалды.

 Сондықтан мамандар «наурыз көжеге жаңа туған малдың сүтінен жасалған нәр-уызды пайдалануды қолданысқа енгізсек оңды болар еді» дейді.

Жалпы, кезінде қазақтар наурыз келерден бір күн бұрын үйіндегі қазан атаулыны «аққа» толтырып ыдыстарының бетін ашып қояды екен. Бұл «қай үйде ақ мол болады, сол үйге ырыс-бақ келіп қонады, дастарқаннан ақ үзілмейді» деген ырымнан туындаған пейіл. Ендеше «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген ата-баба тілегі жалғасын табуы үшін осы бір Ұлы күннің басты белгісі наурыз көже жалпыхалықтық брендке айналуы тиіс. Бұған отандық кәсіпорындар бар ықылас-ынтасымен кіріссе, түйткілдің түйіні тарқатылары даусыз...

 

Қарлығаш Зарыққанқызы


 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір