• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:29:05
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 Дәстүр

Қара шаңырақты сыйламаған қара келін

Қайнағам жоқ екен деп қара шаңырағын сыйламай төрге шығатын мені бір көргенсіз деп пе еңдер?

Халқымыздың салт-санасындағы қасиетті ұғымдардың бірі – үлкен үй, қара шаңырақ. Бүгінгі ұрпақ сол қара шаңырақты қастерлеу түгілі, осы сөздің қаншалықты мағынасының бар екенін түсінуден қалып бара жатқандай ма, қалай?
Көршіміз үйіне наурыз көжеге шақырып, үлкенді-кіші іргедегі үлкен бөлмеде отырғанбыз. Ұятты кісілер келіп қалса деген есеппен төргі жаққа бір-екі бос орын алып қойдық. Үй иелері құрақ көрпешені қалыңдау салған екен, бір-бір құс жастықты қолтықтап жантая кеттік. Әрі-беріден әңгіме қызып жатыр. «Баяғы қариялар жоқ-ау» деп қоямын іштей. Айтатыны – саясат, ұсақ-түйек пендешілік әзіл-қалжың. Бір-бірін қағытып, рушылдықтан әріге бара алмайды.
Әлден уақ жасы 80-ді алқымдаған кейуана келіп кірді. Әжемізді төрге ұзатпақ боп орнымыздан өре түрегелдік.
– Отыр, түге! – деп тыйып тастады таяғын шошаң еткізіп. – Қайнағам жоқ екен деп қара шаңырағын сыйламай төрге шығатын мені бір көргенсіз деп пе еңдер? Әруағын аттасам, кім болғаным? – деді де, ірге жаққа отыра салды. 
Шіркін, баяғының адамдары-ай! Осыдан қаншама жыл бұрын о дүниеге аттанып кеткен қайнағасының қара шаңырағын сыйлап, осы әулетті құрмет етіп, өз орнын білген аңқылдақ апам-ай!
Сәлден соң «жұмыстан кеш шығып едік» деп осы әулеттің қызмет ұстаған бірнеше келіндері келіп кірді. Төрге шақырып едік, сөмкелерін қолтықтаған күйі жеңіл сәлем салғансып, тіземізді аттай өтіп, төрге ұзады. Әлгі қысыр әңгіменің қызығына берілген қарттарды тоқтатып қойып:
– Қара шаңырақ – мейлі, ол кім болсын, келін бе, күйеу ме, бөле ме, жиен бе, бір әулеттен тараған бүкіл жұмыр бастының түп тамыры, – деген тәмсілді айттық. – Оны сыйлау – осы әулеттің ата қазығы – үлкен бабаларымызды сыйлау. Осыны уақытша отырған креслосын бұлдап, «мен өзгеден бір қадам төрде отыруым тиіс» деп ойлайтын кейінгі келіндер естен шығармаса екен дейсің.
Білмеймін, қызметкер-келіндер ұялды ма, әлде ренжіді ме, әйтеуір, бір пияла шайларын ұрттап, «жұмысқа асығыс едік» деп, тізіле шығып кетті. Іргеде отырған әжем де "әй, отырмадыңдар ма?" деп тоқтау салмады...

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір