• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:35:44
Алматы
+35°

22 Наурыз, 2019 Аймақтар

Бауыржан Байбек Алматы тұрғындарын наурызбен құттықтап, Елбасы жайлы ерекше пікір айтты

Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақ елінің жаңа дәуірдегі жасампаз тарихында ғана емес, адамзат тарихында да үлкен беделге ие саңлақ саясаткер,кемеңгер тұлға.

Бүгін Алматы қаласында наурыз мерекесін тойлау керемет деңгейде болды деп хабарлайды  Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын қазақ халқының төл мерекесімен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаев туралы да ерекше пікірін айтып өтті.

Алматыдағы наурыз

"Ардақты алматылықтар! Қадірлі қонақтар!  

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – күн мен түннің теңелген, тіршілік атаулының жанданып-жасанған, жер-дүниенің түлеп-түрленген күні. Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан төл мерекеміз. 

Араға ұзақ жылдар салып, 1988 жылдың көктемінде бір топ ұлт зиялыларының ұйытқы болуымен Алматыда алғаш рет тойланған еді. Осылайша ұлы мерекеміз қайта жаңғырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы жарлығымен мемлекеттік сипат алды.

 

Біз биылғы Наурызды ерекше жаңалықтармен қарсы алып отырмыз. Күні кеше, яғни 19 наурызда Елбасы өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімін мәлімдеді. Осынау қадамы арқылы Елбасы тағы да елдік дәстүріміздің озықтығын көрсетті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақ елінің жаңа дәуірдегі жасампаз тарихында ғана емес, адамзат тарихында да үлкен беделге ие саңлақ саясаткер,кемеңгер тұлға. 

Кеңес одағы күйреген өліара тұста ел тұтқасын қолына алып, азаттығымызды жариялады. Еліміздің шекарасын шегендеп, мемлекеттілігімізді бекемдеді. Ата заңымызды, ұлттық рәміздерімізді бекітіп, ұлттық валютамызды енгізді. Сырттағы қандастарымызды елге шақырып, Ұлы көшке жолашты.

Қазақстан халқы Ассамблеясын құра отырып еліміздегі барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына біріктіріп, этникааралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырды.

Ел астанасын Алатаудан Арқаға көшірді. Есіл бойында таңғажайып заманауи елорда салып, оны Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, төрткүл дүниенің саясаты тоғысқан Бағаналы ордаға айналдырды.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындап, еліміздің мыңдаған жастарына әлемнің ең озық университеттерінде білім алуына жағдай жасады. Ал Қазақстанда «Назарбаев» университеті мен «Назарбаев зияткерлік мектептерін» ашты.

Қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қашанда мемлекеттік саясаттың басты өзегі етіп отырды.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасы халқымыздың ғасырлар күткен арманы мен аңсарын іске асырды.

Әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтатқанымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала береді. Осыған дейін Елбасының бастамасымен тұжырымдалған еліміздің даму стратегиясы, ішкі-сыртқы саяси басымдықтары әрі қарай сабақтастығын үзбей, өз жалғасын таба беретіндігін күні кеше ғана ант қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса айтты.

Жаңадан тағайындалған Мемлекет басшысы Елбасының ерен еңбегін ұлықтау мақсатында омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, «Халық қаһарманы» атағын берді. Елбасының төл туындысы болып саналатын елордамызды «Нұрсұлтан» деп атауды, елордамызда Елбасына арналған монумент тұрғызуды, еліміздің барлық облыс орталықтарында Назарбаев атына көше беруді ұсынды.

 

«Алматы – Елбасы– Тәуелсіздік» ажырамас ұғым.Еліміздің тәуелсіз тарихының жарқын беттері Алматыда ашылған. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етер көптеген аса маңызды құжаттарға да осы Алматыда қол қойған. Елбасының сөзімен  айтқанда, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі».

Сондықтан да Алматы қаласы әрдайым Елбасының ерекше назарында, тұрақты қамқорлығында" - деген ыстық лебізін білдірген қала әкімі наурыз мерекесі Алматы қаласында төрт күн бойы тойланатынын атап өтті. 

Алматыдағы наурыз

 

 

"Біздің тілейтініміз – келіп жеткен Әз Наурыз мемлекетімізге, әр отбасыға бақ пен береке, ырыс пен ынтымақ алып келсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірлігіміз бен берекеміз арта берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды болсын!

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын ағайын!"- деп құттықтауын аяқтаған Бауыржан Байбек Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілін қалдырмай, суретке түсіп, дәмнен ауыз тиді.

Бауыржан Байбек

Алматыда наурыз

Ұсынған: Мақпал Сембай

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір