• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 19:17:54
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

29 Наурыз, 2019 Кәсіпкер

Мақпал Жұмабай: Аниматорлардың келесі буынын қанаттандыру - біздің тағы бір міндетіміз

Балалар бұл жобаларымызды асқан ырзашылықпен қабылдады. Арнадағы рейтингтеріміз әлемдік студиялардың көрсеткішінен озды.

"balapan телеарнасы былтыр алдына қойған басты мақсаттарының бірі - анимация сапасы мен санын арттыру жұмысын қал-қадірінше жүзеге асырды. Оның барлығы туралы осы әлеуметтік желілерде жазып отырдық, сұхбат беріп, презентация өткіздік. Біздің шығармашылық топ "ғарыштық жылдамдықпен" жұмыс істеді. Үлкен мақсаттар қойдық. Жұмыстың ауқымдылығынан сынып кете жаздаған сәтіміз болса да, әр аниматорды, режиссерді, сценаристі, продюсерді қанаттандырып, жаңа сапаға, биікке ұмтылдырдық. Бір жыл ішінде жүзеге асырылуы қай тұрғыдан да қиын әрі мүмкін емес жобаларды жұдырықтай жұмылып жасап шықтық. Бұл - біздің былайғы елге білінбейтін кішкентай ерліктеріміз.

Тұңғыш рет супер қаһармандар жасадық. "Айдар", "Ертемір", "Дала ойындарын" өндіріске жібердік. "Қоңыр қаз" деген атпен қазақтың 20 күйін анимацияладық. "Шахмат патшалығы" 32 сериялы шахмат үйрету мультхикаясын түсірдік. 20 сериялы "Дара тұлға" сериалын жүзеге асырдық. "Бабалар сөзі" анимациялық роликтерін (30 дана) ұсындық. "Кел. шырқайық!" деген атпен өнегелі әндер циклін (20 дана) түсірдік. "Орман күзеті" деген эксперименталды сериалымызды жүзеге асырдық.

Балалар бұл жобаларымызды асқан ырзашылықпен қабылдады. Арнадағы рейтингтеріміз әлемдік студиялардың көрсеткішінен озды. Біз балалардың көкейіндегі дүниелерді дөп басу үшін барынша еңбектендік. Бұл сыннан сүрінбей өткен секілдіміз.

Бірақ, шығармашылық топ көркемдік, сапалық тұрғыдағы кемшіліктері үшін өз "сыбағаларын" алды. Бұл кемшіліктерді жолай жөндеу, реттеу мүмкін емес еді, оған назар салсақ, команданы күйретіп алу қаупі тұрды. Өйткені, сапа, көркемдік - жасап көргенде ғана шыңдалады. Мұндай жобалармен бетпе-бет келмеген жастарды сол көпірден аман алып өту міндеті де balapan-да болды. Және бұл міндетті біз де жан-жүрегімізбен сезіндік.

Студияларды, қоюшы режиссерлерді тізімдеп алып, өзім бірлесе жұмыс істеуге шақырған сол күннен бері анимациялық кеңістікте мүдделестік, идеяластық, қауымдыстық қалыптасты деп ойлаймын. Біздің бүгінгі ортақ іске жұмылған жауапкершілігімізге қызыға қарауыңызға болады.

Біз биыл жаңа сапа, жаңа көркемдік деңгей ұсынғымыз келеді. Соған кірісіп те кеттік. Жаңа қоюшы режиссерлар тәрбиелеу ісін әр студиядан талап етіп отырмын. Аниматорлардың келесі буынын қанаттандыру - біздің тағы бір міндетіміз. Биыл біз тың шешімдер, стилистикалық ерекшеліктер, тақырыптық ізденістер тұрғысынан да бір адым алға жылжимыз. Фундаменталды дүниелерге кірісеміз. Бірақ, уақыт бізден бір адым емес, он адым жасауды талап етіп отыр. Біз тырысамыз! Және алдымызға қойған мақсатты орындаймыз деп сенемін. Биыл арнамыз анимациялық жобалар санын 10-нан 13-ке арттырды. Осы істің бәрінде шығармашыл жастардың жанынан табылғаны үшін Ерлан Тынымбайұылына рахмет айтқым келеді. Ал біз көзіміз жарқырап, жаңа жобаларға кірістік." (орфогр. сақталған)

♦Мақпал Жұмабайдың фейсбук парақшасынан

Ұсынған: Мақпал Сембай

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір