• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:14:55
Алматы
+35°

30 Наурыз, 2019 Тарих

Қыпшақ даласынан шыққан шеркеш Қайтбай сұлтан қамалы

Мысыр мен Шам жерлерін, Хижазды 1468-1496 жылдары аралығында 28 жыл билеген бабамыз Қайтбай сұлтан қамалы Александрия қаласының батыс бөлігінде орналасқан.

Мысыр мен Шам жерлерін, Хижазды 1468-1496 жылдары аралығында 28 жыл билеген бабамыз Қайтбай сұлтан қамалы Александрия қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Сыртқы жаулардан қорғану мақсатында Қайтбай сұлтанның пәрменімен 1477-1479 жылдары әлемнің жеті кереметінің бірі Александрия маягының орнына салынған. Деректерде қамал құрылысына 1302 ж. жер сілкінісі салдарынан қирандыға айналған Александрия маягының кейбір материалдары қолданылғаны айтылады.

Қайтбай сұлтан қамалы Жерорта теңізі жағалауындағы ең маңызды қамалдардың бірі болды. Қамал ішкі және сыртқы қабырғалармен қоршалған.  Ішкі қабырғаларында әскерлердің жатар орындары мен қару-жарақ қоймалары болды. Сыртқы қабырға ішкі қабырғаның биіктігі деңгейінде салынған және оқ атуға арналған ойықтары бар. Ал қамалдың өзі үш қабатты. Төрт бұрышында жартылай дөңгелене біткен төрт мұнара мен қабырғаларының үстіңгі жақтары оқ атуға арналған ойықшалармен өрілген. Бірінші қабаты алаңы бар төрт аркалы мешіттен, қорғаныс кезінде әскерлер ары-бері қозғалуға ыңғайлы өткел жолдардан тұрады. Мешітте биік мұнара болған, алайда ол кейінірек қираған. Екінші қабаты оқ атуға арналған ойықтар мен әскерлердің қозғалуына ыңғайлы ұзын өткелдерден, бөлмелерден тұрады. Осы қабатта қамалға кіретін үлкен қақпаның үстіңгі жағынанан дұшпан әскерінің үстіне ыстық май төгетін тік ойық жасалған. Үшінші қабатында күншілік жердегі кемені байқауға арналған, үстіңгі жағы күмбезделе біткен үлкен бөлме бар. Сонымен қатар бұл қабатта дән тартатын диірмен мен нан пісіретін ошақ болған. Қамал сүйірленіп келген Фарұс түбегінің бітер жеріне орналасқандықтан, үш жағы теңізге қараған.

Александрия қаласы тарихи орындары бөлімінің директоры Мұхамед Мүтәуәлидің айтуы бойынша, Қайтбай сұлтан қамалы туристік орын ретінде 2016-2017 жылдары 2018 жылдың бірінші жартысын қоса есептегенде (30 айда) қала бюджетіне шамамен 13 млн. жүней кіріс түсірген.

Мысыр мен Шам жерінде Қайтбай сұлтан салдырған бұдан да өзге мешіт-медіреселер, кесенелер, т.б. ғимараттар бар. Қазіргі таңда олардың дені әсемдігімен әлемнің түкпір-түкпірінен барған туристердің көз жауын алуда. Қайтбай сұлтан мешітінің бейнесі Мысыр елінің бір жүнейлік банкнотында бедерленген. Сонымен қатар бабамыз Мәдина қаласындағы Пайғамбар (сау) мешітінің құрылысын жаңарту жұмыстарын жүргізген.

Қалдыбай Арыстанбекұлы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір