30 Наурыз, 2019 NEWS
Әкім қарамағындағыларға халық алдында ашық болуды тапсырды
Барлық аудан әкімдерінің чат-каналдары бойынша талдау жүргізіледі, соның негізінде әр ауданның ашықтық рейтингі жасалады.
29 наурызда, облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Атырау облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов сыбайлас жемқорлық бұзушылықтары деректерін азайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
- Өткен жылы облыста 132 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді. Негізінен тұрғын үй-коммуналдық, жер қатынастары салаларында. Бұл факторларға ықпал ететін бірнеше себептер бар, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің өздерінің білімдері, дайындық деңгейі, - деп атап өтті Т.Жұмағұлов.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қарамағындағыларды өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
- Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары. Әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетті орындауға жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақстан Президенті жақында облыс әкімдерімен кездесуінде осыған жете мән берді. Президент әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіруді, халықпен кері байланыс орнатуды бақылауда ұстауды тапсырды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Қазақстан Президенті әкімдерге тұрғындармен байланыстың жаңа кезеңіне өтуде жедел әрекет етуді тапсырды. Аймақ басшыларының азаматтармен жеке байланыс орнатуы маңызды.
- Биліктің бұл әрекеттерінің бәрі сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталады. Көп мәселені онлайн режимде шешуге болады. Барлық басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне ашық болуды, жиналыста айтылған мәселелерге назар аударуды тапсырамын, - деді аймақ басшысы.
Бүгінде халықтың 80%-ы мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алады. Бұл атқарушылармен тікелей байланыс тәуекелдерін төмендетеді. Жер телімін алу кезегіне тұру, балабақша кезегі секілді қызметтер Атырау облысының геопорталы арқылы жүзеге асады. Аймақ басшысы басқа бағыттар бойынша да жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Облыстың әр тұрғыны өз мәселелеріне жедел, нақты жауап алулары тиіс.
- Қазір әлеуметтік желілер арқылы мәселелер шешіліп жатыр. Telegram желісіндегі «Атырау облыстық әкімдігі» қосымшасына тұрғындардан сауалдар көп түседі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер телімдерін, баспана бөлу саларында. Тұрғындардың сауалдарына жедел жауап беру арқылы көп мәселелерді шешеміз , - дейді Нұрлан Ноғаев. – Бұл алдыңғы кезекте шешілуі тиіс бағыттарды көрсетеді. Барлық басшыларға өз қызметтеріне ішкі талдау жүргізу керектігін ескертемін. Telegram-да әр ауданның чат-каналы ашылды. Қазір азаматтармен қалай жұмыс істеп жатқандарыңызға қарап отырмыз, кейбір аудандарда тек қолайлы сауалдарға жауап беру кездесуде. Бұлай болмайды. Ескертуді қаперге алмаған басшыларға шара қолданылады.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық аудан әкімдерінің чат-каналдары бойынша талдау жүргізіледі, соның негізінде әр ауданның ашықтық рейтингі жасалады.
Ұсынған: Гүлім Жақан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір