• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:24:17
Алматы
+35°

31 Наурыз, 2019 Дәстүр

"Келіншегің көтерді ме?" – бұл еркек айтатын сөз емес

Қазақтың келіні жүкті болып, іші біліне бастаған кезде ағасының, әкесінің көзіне түспеуге тырысады.

Бірде көптен көрмеген 3-4 жігіт жолығысып қалдық. Аман-саулық сұрасып болғасын:

– Көрмегелі көп болды, не жаңалықтарың бар? – дедім.

– Үйлендім, 3 ай болды – деп бірі қуанышын жеткізді. Құтты болсын айтыстық. Сөйтіп тұрғанда енді бірі:

– Қалай, келіншегің көтерді ме? – деп сұрақты төтесінен қойды. Үйленген жігіт қысылып, қызарақтап, түрі бұзыла бастады. Мен төбемнен біреу су құйып жібергендей болдым. Шыдай алмай:

– Сұрағың ыңғайсыз екен?– дедім. Содан ол үнсіз қалды да, әңгіменің ауаны басқа жаққа бұрылды. Әлгі жігітке кейін түсіндірдім. Несін жазғырайын, мүмкін кішкентайлы болғанын қалағасын сұраған шығар. Бірақ, бұл еркектің айтуы тиіс сөзі емес еді. Жиі байқап қалам, соңғы кезде жігіттер арасында «келіншегің көтерді ме?» деп сұрап қап жатады. Қайталап айтайын, бұл еркектің айтатын сөзі емес. Осындайда бұрынғы қазақтың кесек мінез, бекзат болмысы еске түседі. Еріксіз қайран қалам!

Әрбір ата-ана қызын ұзатқаннан кейін оның перзентті болғанын қалайды, сол үшін Ұлы Алладан дұға тілейді. Аяғы ауыр болғанын білгісі де келеді. Бірақ, әкесі, ағасы тұрмақ, шешесінің өзі оны қызынан сұрамайтын болған бұрын. Өйткені, оны сұрау ұят деген ұғым қалыптасқан. Я, ақ некелі адал жары. Алланың да, адамның да алдында ары таза. Десе де, бұл тілмен айтып түсіндіре алмайтын қазаққа тән ұят, иба, инабат. Оны қыздың өзі де төркініне ашықтан-ашық жариялаудан қысылады. Бірақ, аяғы ауыр болғанын қыздар шешесіне білдірген. Сонда қалай? Ол былай.

Өз елінен жыраққа келін болып түскен қыз алғашында әке-шешесінің аялы алақанын, ыстық құшағын сағынады. Іздейді. Мүмкін оңашада жылап та алатын шығар. Мұны қазақ жақсы біледі. Міне, осы кезде қыздың әке-шешесі құдасын әулетімен бірге «ірге көрсету»деген салтты негізге алып, қонаққа шақырады. Сөйтіп, құдалар арқа-жарқа болып қауышады. Қыз төркініне келгесін әбден сағынышын басады. Осы кездің өзінде қанша білгісі келгенмен анасы қызынан «аяғың ауыр ма?» деп сұрауға қысылады, қызы да айтпайды. Тек сөздің реті келгенде анасына: «бір жылға дейін келе алмайын деп тұрмын» дейді. Енді ойланып көріңізші! Неге бір жылға дейін келе алмайды? Өйткені, қазақтың келіні жүкті болып, іші біліне бастаған кезде ағасының, әкесінің көзіне түспеуге тырысады. Сондықтан, ол босанып, баласы қатайғанша ешқайда бара алмайды. Енді қараңызшы, құрсақ көтергенін қалай жеткізеді, ә?! Бәрін іштей түсіне қойған анасы ақылын айтып, кеңесін береді.Ана жүрегі нәзік қой, енді қызының аман-есен босануын Алладан тілейді. Кезінде анасының қызына қоюға батпаған сұрағын бүгінде жігіттердің аузынан естігенде қынжыласың?! Қазақы танымның жоғалып, болмыстың өзгергені жүрегіңді ауыртады.

Айдос Марат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір