• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 22:29:53
Алматы
+12°

03 Сәуір, 2019 Әдебиет

Мұзафар Әлімбай: Аға ұрпақ тәжірибесін аттап өтемін деген алысқа бармайды

"Берген серттен таюдан, екісөзді болудан артық жаман нәрсе жоқ. Ол деген масқаралық. "

(жалғасы. басы төмендегі сілтемеде 

Мұзафар айтқан мәнді сөз: «Маймылдың миы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді».)

«Өнегелі дана жоқ жерде, өнерлі бала да жоқ».

Әрбір жаңа ұрпақ өзінің алдында өткен ұрпақтардың жаңа үлгісінде тәрбиеленеді. Аға ұрпақ тәжірибесін аттап өтемін деген алысқа бармайды. Кемесі қайраңдап, дәрменсіз күй кешеді. Сондықтан өнегені үлгі етіп өмір сүру керек.

***

«Жастың қайраты бойында, қарттың қайраты ойында».

Жалыны лапылдап тұрған жастың қуаты, әрине, әмбеге белгілі. Ал жасамыстың қара күшінің сарқылғаны қашан. Бірақ оның қажыры ақылында, мол тәжірибесінде, көп білетіндігінде.

***

«Үрей ине үстіндегі өмірден де сорақы».

Қорқыныш өлім келмей жатып-ақ өлтіретін сұмдық пиғылдағы көңіл-күй. Мұндайға бой алдырғанның бәрі үрейшіл. Осы жаман! Қолдан келсе, жан жүйкені бекітіп, қиын кездің өзінде ес жия білген дұрыс.

***

«Жігіттің сөзі өлгенше, өзі өлсін».

Берген серттен таюдан, екісөзді болудан артық жаман нәрсе жоқ. Ол деген масқаралық. Сондықтан сөзіңе жауапты бол, сақ сөйле.

***

«Аты озып тұрған адамның айбыны биік болады».

Абыройы асқанның асқақ жүретіні белгілі. Беделді болатыны да анық. Көңілі өсіп, көрікті көрінеді. Бұл оған орынды мақтаныш. Дәйім осындай болып жүргенге не жетсін!

***

«Мысық та жолбарысша қуанады».

Кішкентай кісінің де арманы үлкен. Өз көңілін басқа ешкімге бермейді. Ендеше кішкентайлардың өзінің алға, асқарға ұмтылғанын  сөгуші болма. Қайта оны қолда.

***

«Адалдың арқаны ұзын».

Ақжүректі, ақпейілді адамға алыстан да олжа оралады. Алла әркімнің пейіліне қарай береді. Арамнан ақ май жегенше, адалдың қара нанына қараған артық.

***

«Атасын не қу, не құл ғана жасырады».

Ата-анаңмен, арғы тегіңмен мақтана біл. Ол үшін зәузатыңның қадірлі қасиеттерін жасыңнан зерделеп өс. Ал ата-бабасының өмірінде бір кәдігі бардың өз тегін жасыратыны анық.

***

«Хан тағына отырған адам айдаһардың үстінде отырған жанмен бірдей».

Біріншіден, тақ үсті қатерлі, қауіпті. Екіншіден, хан болу үшін қажыр-қайрат, ақыл-парасат, айла-амал әрі батылдық қажет. Көреген көңілімен көпті ырза етіп отыруы тиіс. Билік иелерінің білгірлігі осымен өлшенеді.

***

«Жетімге де бір той».

Ешкім де түпті түбінде қуаныштан құр қалмайды. Көңілің көтерілер күннен күдер үзбе. Құдай саған да қарасады.

 (жалғасы бар)

Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір