• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
26 Тамыз, 09:25:59
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

03 Сәуір, 2019 Экономика

Дімкәс ветеринариямен мал басын қалай көбейтеміз?

Бізде ауру малды өртеу де, оны көму де сауатты жүргізіліп отырған жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров кешелі бері еліміздің ветеринария саласындағы мәселелерді жіпке тізіп жатыр. Министрдің сөзінше, 2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жанынан 2 534 ветстанция мен ветпункт құрылған екен. Бүгінде олардың жартысынан көбінде өздеріне тиесілі ғимарат жоқ. «2 534 ветстанция мен ветпункттің тек 834-і ғана өз ғимаратында орналасқан. Ал 1 585-і әкімдіктердің, басқа да ұйымдардың ғимаратын паналап отыр. 115 ветпунктте ғимарат атымен жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді», – деді Сапархан Омаров.

Негізінде БҰҰ-ға қарасты мал шаруашылығы саласын зерттеуші ФАО (федеральды аграрлық бірлестік) орталығының мәліметінше, ветеринариясы жақсы дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Алмания, Италия тәрізді елдерде әр түрлі індеттің себебінен бір жылда  мал басының 7  пайызы  шығынға ұшырайды. Ал бұл көрсеткіш Қазақстанда 30-40 пайыздан асып  жығылады екен.

Елімізде  жалпы саны 27 миллион мал басы тіркелген.  Олардың 6,5 миллионын  ірі қара малы құрайды.  Былтырғы жылы республика бойынша  мал індетіне байланысты аса қауіпті деп 23 эпизотикалық ошақ  тіркелген.  Сондай-ақ, былтыр мал басы ауруына қатысты  1000-ға  жуық инфекциялық дерт анықталса, биылғы жыл басынан бері 327 инфекциялық ауру түрі белгілі болған.  Мал шаруашылығы ғылымының кандидаты Бауыржан Үстемәлиевтің айтуынша, бізге болашақта мал індетін емдеуге қатысты халықаралық талаптарға сай жұмыс істеу керек. Олай етпесек, малдың етін экспорттауда , одан өнім алуда да,  малдың өсімін арттыруда табысқа жете алмаймыз.

«Біздің елімізде 27 миллионнан астам мал басы тіркелген.  Оның 6,5 миллионы ірі қара малы. Осы ірі қара малының 30 пайызы жыл сайын түрлі індет жұқтырып, эпизотикалық ошақтарға апарып көміледі, өртеледі. Тіпті ауру малды сатылымға шығарып жатқандар да бар. Мал індетіне қатысты сібір жарасы, күйдіргі, аусыл, бурцуллез, нодурярлы дерматит тәрізді аурулар әрбір көктем келген сайын өршіп кетеді. 2017 жылы аса қауіпті ауруларға қатысты 149 миллион екпе жасалыпты. Мұның өзі елімізде мал індетінің инфекциясы өршіп тұрғанын аңғартады.  Болашақта біз ауру малмен бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Өйткені сыртқа экспортталатын мал етінің сапасы, көлемі халықаралық талаптарға сай болуы керек», - дейді мал шаруашылығы ғылымының кандидаты  Бауыржан Үстемәлиев. 

Карантиндік режим көмекке келе ме?

Біз ауру малдың көзін қалай жоямыз? Осыдан басталық. Біз әуелі малы ауырған ауылға карантиндік режим енгіземіз. Ал енді бұл карантиндік режим көмекке келе ме?

Мамандардың сөзіне қарағанда мәселені шешудің төте жолы бұл емес. Карантин енгізуден гөрі нақ қазір бізге буферлік аймақ мәселесін, ауру малдың көзін сауатты жоя білу жайын шешуге басымдық берген жөн. Сарапшылардың байыптауынша, әрбір елдімекенде буферлік орталықтар болып, індетке ілігу қауіпі бар мал басы буферлік аймақтарға оқшауланғанда бүгінде нақ бұлай бас қатырып отырмас та едік. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе әлі де шешімін таппай келеді.

« Бізге карантиндік режимге көшкеннен гөрі буферлік аймақ жайын ойластырған жөн. Бұл карантин жариялап өзге аймақпен қатынаспай, мал еті экспортына шектеу қойып есікті тарс жауып отырғаннан әлдеқайда тиімді. Білікті мамандардан жасақталған, мал ауруының жай-жапсарын анық білетін ветеринарлары бар буферлік орындар бізге қажет. Нақ қазір буферлік аймақтарға лайық елді мекеннің карталары да жасақталмай отыр. Мәселен, біз уақыт оздырмай қай облыста қандай ауданында буферлік аймақ жасақтау керек. Қай елді мекен ауру малды оқшаулап апарып өртеуге болмаса көмуге лайық. Осының барлығын картаға сызып көрсеткенімізде шаруа әлдеқайда жеңіл шешілер еді. Өкініштісі бізде әрбір елді мекенде өлген малды көметін, оны өртейтін орындарды салу жұмысы оң шешімін таппай отыр. Қазіргі күндері еліміздің әрбір төртінші елді мекенінде қандай да бір қатерлі індеттен өлген малдарды көметін орындар жоқ. Тіпті ауру малды оқшаулап апарып өртеу жайы да сауатты шешіліп жатқан жоқ. Осындай сауатсыз істелінген іс сау малдарға залалын тигізіп, елде эпизоотикалық жағдайдың ушығуына жол беріп отыр. Міне, осы мәселелерді шешіп алмай карантиндік режим жариялағаннан еш пайда жоқ»,-деді Бауыржан Үстемәлиев.

Осылайша маманның пайымдауынша, бізде ауру малды өртеу де, оны көму де сауатты жүргізіліп отырған жоқ. Мұндай сауатсыз жүргізілген іс соңында аурудың малдан адамға жұғуына да апарып соқтыруда. Ал өзге өркениетті елдерде мұндай буферлік аймақтар әрбір елді мекенде кем дегенде төртеуден көрінеді. Міне, осыған байланысты мамандар заңды қайта қарау қажеттігін алға тартады.

Заңды қайта қарау керек

 Бізде «Ветеринария туралы» Заңдағы өзгерістерге сәйкес «жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызметтер құрылады, соған байланысты әр облысқа 150-дей штат беріледі. Мәселен, бұрын ауылшаруашылығы басқармасында ветеринариялық қызмет жоқ еді, енді бөлек бөлім ашылады» делінген. Заң бойынша, аудандық әкімшілікте ауылшаруашылығы бөлімінен бөлек малдәрігерлік бөлім жұмыс жасамақ. Облыс және аудандардағы бөлімдерде үш адамнан, селолық округтерде бір-бір маман жұмыс жасайтын болады. Бұлар жұмыс жоспарын жасап, әр елді мекенге қаржыны бөледі, тендер өткізеді, жұмыс жүргізуді талап етеді, мал сырғалап, идентификация жүргізеді.

«Заңда  мамандарды міндеттеп жасақтаймыз ба, қайтеміз? Ауылға сауатты ветеринарларды апару үшін не істелінуі керек? Сол туралы ештене айтылмайды. Ауылдық округ бойынша бір ғана маманның жұмыс істеуі ақылға сыймайтын дүние. Ертең төтенше жағдай орын алса бір ветеринардың неге шамасы келеді? Сондықтан осы жердегі шикілікті қайта қарап, ауылға маман жасақтау бағытындағы бапқа қайта өзгерістер енгізген жөн», -  дейді экономист-ғалым Жүмаділда БАяхметов.

Өзгелердің шаңына ілесе алмай отырмыз

Жалпы, бүгінде тәжірибеге үңілсек, әлем елдерінің дені мал шаруашылығын өркендетуге айрықша мән беруде. Мысалы, жоғарыда біз айтқан БҰҰ-ға қарасты ФАО деген орталық бар. Бұл орталықтың міндеті әлем елдерінде қанша мал басы бар? Олардың қаншасы асыл текті, қанша пайызының тұқымы сақталынған осыны есепке алып отыру. Енді осы орталықтың есебіне жүгінсек, асыл текті мал басының тұқымын сақтауда Орта Азия елдері мен Таяу Шығыста оның ішінде Қазақстан да көрсеткіш өте төмен. Тіпті осы аталған елдерде малдың тұқымын сақтаудың, мал азығын сапалы даярлаудың, ірі-ірі бордақылау кешендерін тетікке қосудың арнайы бағдарламасы да жоқ көрінеді.

Бұл ретте мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Мәкен Тойшыбеков:
«Мен Америкада үш рет болдым. Сол жерде малды бордақылаумен айналысатын «Генетикалық орталық» деген мекеме бар. Мен сол бордақылау орталығындағы малдардың күйіне қатты таңқалдым. Америкалық мал бордақылайтындардың оларға беретіні азығы – қайнатылған жүгері және олар сол қайнатылған жүгерінің ішіне неше түрлі дәрумендер қосады. Ал мұндай жағдай бізде мүлдем қолға алынбаған ғой. Біздің елдегі мал басының азығына дәрумен қосып бермек түгілі, жем-шөбінің өзін жетістіріп отырғанымыз шамалы. Сол АҚШ-тың бордақылау орталығында тұрып «мына жерге біздің сіңірі шыққан малды әкелсең де семіреді ғой» деп ойлағаным бар. Бізөзгенің шаңына да ілесе алмай отырып, халықаралық бәсекеге түскіміз келеді. Егер осы олқылықтарды оңдамасақ, ең бірінші тұрайлайтын сала мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы саласы болады. Сондықтан мәселені реттеу қажет»,-деді.

Жалпы,  мамандардың дені бұл салаға бөлініп жатқан қомақты қаржыны бақылау үшін әрбір аймақтан коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар құру қажеттілігін баса айтуда. «Егер қаржыны бақылайтын мұндай кәсіпорын ашылса, бөлінген қаржының, қордаланған мәселенің де сұрауы болады. Бәлкім, сонда дімкәс ветеринариямыз сауығар» деседі мамандар.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір