• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:19:41
Алматы
+35°

03 Сәуір, 2019 NEWS

Қазақ журналистикасының қара нары – Саттар Сапарбеков өмірден озды

Артында қалған қос құлыны ұзақ жасап, ел-жұрты аман болсын!

Белгілі журналист Саттар Сапарбеков өмірден озыпты. Марқұмның мәйіті бүгін – сәуірдің 3-і күні сағат 11.00-де өз отбасынан шығарылады екен. Бұл туралы Байбота Қошым-Ноғай Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Саттар Сапарбеков бізден бақандай он жас үлкендігі бар ағамыз-тұғын. «Он жас ол да құрдас» деп, 1971 жылы Қазақтың мемлекеттік университетіне оқуға бірге қабылданып, қатар құрбыдай болып кеттік. Университетті тамамдаған соң ұзақ жыл «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет істеді. Қазақ журналистикасында үлкен орны бар қаламгер Дүрәлі Дүйсебай фейсбуктегі парақшасында 2017 жылғы мамырдың 20-сы күні: «Саттар аға Сапарбеков (бүгінде Саттар Жүсіп) – қазақ журналистикасына қомақты үлес қосқан аға буын журналистердің ортасынан ойып орын алатын тұлға. Қарапайым, елдің алдына түсіп кету секілді «желаяқтық қарқынды» тым ұната қоймайтын, өзіндік байсалды, байыпты жолымен ақырын жүріп, анық басқан осы ағаның қол астында бір-екі жыл жұмыс істегенім бар. «Лениншіл жаста», артық ауыс сөзі жоқ, бастық ретінде де өктемдік байқатпайтын арда азамат. Әттең, журналистикадан сәл ерте кетіп, «бұғып» қалғандай көрінген. Біраз қиын-қыстау кезеңді де бастан кешті деп естіп қалғанымыз бар. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді! Саттар аға секілді азаматтар талай қиындықтан талай рет аттап-бұттап өтіп шығып жүр ғой. Астанаға кетіп қалғандықтан ба, Алматыдағы ағадан қол үзіп қалғандай едік. Соңғы кездері ФБ-да көзге түсе бастады», – деп жазыпты. Ал дәл осы күні Ермұрат Бапи: «Менен тура бір мүшел үлкендігі бар ағатайыма желідегі белсенділігі, қоғам өмірінің қитұрқысына қамкөңіл қасиеті, іні-қарындастарына өнеге боларлық ағалығы үшін тәнтімін», – деп лебіз білдіріпті. Бұл сөздер журналист Саттар Сапарбековтің қаламгер ретінде қадір-қасиетін аңғартады ғой деймін», - деп жазды Байбота Қошым-Ноғай марқұм журналист жайында.

Саттар Сапарбеков

Сәкеңнің иманы саламат болсын! Жанына жаннаттан жай бұйырсын! Артында қалған қос құлыны ұзақ жасап, ел-жұрты аман болсын!

Ұсынған: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір