• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Қыркүйек, 16:38:22
Латын әліпбиіне көшу мәселелері семинар-кеңесте сөз болды

04 Сәуір, 2019 Әдебиет

Бөлек туған бауырлар

Бұл күннің боларын білді екеуі де... Бірақ қашан?

(жалғасы)

Басы мына сілтемеде

Жазда ауылға барып жүріп, мектепті жақсы бітіріп, қалаған оқуына түскен Жантас ата-апасының, әке-шешесінің мақтанына, қарындастары мен інілерінің қамқорына айналды. Жоғары оқу орнын да жақсы бітіріп, тәуір жұмысқа орналасқаннан кейін, тұңғыш немересі арнайы атасы үшін үйлену тойын дүркіретіп тұрып ауылда өткізді. Бір ұл, екі қыздың әкесі, ата-апасының көз қуанышы, әке-шешесінің арқауы, достарының ардақтысы, отбасының панасы, жаман қылық, жаман әдет: арақ, темекі, құмар ойын, тағысын тағы, жаман істерден ада Жантас өзіндік өмірін қатардан қалмай сүріп жатты. Жұмысында дәрежесі өскен ол қала шетінен арнайы жер сатып алып, сол бір бала кездегі досы екеуінің арманы - жылқы фермасын ашты. Жылқыларды баптап, алдын бәйгеге қосып, кішігірім жүлделі орындарға да ие бола бастады. Тұңғышы - Бекболды төрт жасынан атқа отырғызып, жылқының қыр-сырын, баптау әдістерін құлағына құя берді. Алты жасқа келгенде ұлы алғаш рет бәйгеге қатысып, үшінші орынды місе тұтты. Сексенге келген атасы шөбересіне арнайы сыйға тартқан құлыны келер жылғы бәйгеге сақадай сай дайын тұр.

Жүрек, шіркін, шыдай ма? Өзіне берген уәдесін бұзып, досын сағынғаннан сол күннен кейін ауылына қаншама рет барып, қаншама адамнан сұрастырса да, Арыс туралы бір де бір дерек таба алмады. Бейне жер жұтып кеткендей. Барлық ісі оңғарылып, бәрі жақсы болса да, жүрегіне бірнәрсе жетіспей тұратын. Қанша уақыт өтсе де, кеудесіндегі қуысты ешнәрсемен толтыра алмады.

Ауыл алқалыларының бірі аталарына арнап бергелі жатқан астың соңы бәйгеге ұласатынын естіген Жантас та жеті жасқа толған Бекболды атасы сыйлаған жүйрікпен қоса ауылына алып келді. Ауыл шетінде өтіп жатқан бәйге қыза түсті. Жиырма бес шаршы шақырым. Он айналым. Бас бәйге де қомақты. Алпыс жүйрік қатысқан бәйге дала шаңын аспанға көтерді. Құдды, алпыс емес, алты жүз сәйгүліктың шабысындай. Көрермендердің айқайы, қиқуы, қосшы сөздері шабандоздарды одан әрмен қыздыра түсті. Тоғызыншы айналымға өткен жүйріктердің алды болып Жантастың Бекболы мен бірнеше жүйріктер оза шауып келеді. Ұлымен бірге жаяу шапқылап жүрген Жантас ұлы жақындаса көрермендердің алдына шығып, кіл жүйріктер шеңбер айналып кетсе, көрермендердың арт жағына қарай жүгіріп, бергі жақты шаңдатып бұл жүр. Шабандозымен бірге санын қамшылап, тақымын қысып, жанын қоярға жер таппай, терге малынып, Алладан тілеуін тілеп, іштей күбірлеп, бір байыз таба алмаған Жантастың кенет біреу иығынан ұстай алды.

«Шабандозың мықты екен! Жүйрігіңді де әбден баптапсың! Жарайсың!» - деген әлгі бейтаныс адамға таңырқай қараған Жантас, әңгімеге уақытым жоқ дегендей, алға қадам аттап кетті. Енді оң иығынан түртіп қалды біреу. Жалт қараса, ешкім жоқ. Сол жағына қарай қалса, әлгі адам тұр. Бұл адамның көздері және жаңағы әдеті сондай таныс. Кім бұлай істеуші еді? Есіне түсер емес. Оныншы айналымға өткен аттардың үшіншісі болып Бекболдың жүйрігі келеді. Бар тілеуін, бар ынтасын, бар қалауын қолына жиып, жұдырығына түйіп, қос жанарымен Бекбол мінген жүйрікті қамшылап тұрған Жантастың құлағына біреу: «Арман тақтасындағы арманымызды орындайтыныңа сенгенмін...» -деді. Бір орында сілейін қатып қалған Жантастың көз алдында шабандоз ұлы оза шауып, мәре сызығынан бірінші болып өтті!

Бағанадан бергі шапқылау, жүгіруден қалжыраған Жантас жерге отыра кетті де, сол бойда шалқалап жата қалды. Бәйгеде ұлы емес, өзі жаяу қатысқандай әл-дәрмені қалмай, малмандай тер болған денесін өз «жөніне жіберді». Бас жүлде иегерін құттықтап соғылып жатқан ду қол шапалақтар, айқайлап, мәз болып жатқан ел, құттықтауға шабандоздарға қарай ағылған жұрт. Бәрін естіп, сезіп жатса да, қозғалуға әлі жоқ ол бір көзін сығырайта аспанға қарады. Көк тақта сол қалыпта.

«Менің ұлым, жүйрігіммен келер жылғы бәйгеге қатысады. Сол кезде жақсылап дайындал. Жеңіліп қалма. Ал, бүгінгі жеңіс сенікі! Құттықтаймын!» - деп аяқтарын лақтыра, қолдарын басына жастана жанына жата кеткен жанның ішінен Жантас шынтағымен салып қалды. «Оны сол кезде көрерміз. Кім озып, кім қалар. Ал, қазір, төсек-жотамызға кім бұрын жетер екен» - деп, орнына атып тұрып сол маңдағы бұрынғы төсек-жоталарына қарай зырқырай жөнелген Жантастың артынан «ой, әкеңнің» деп күліп, атып тұрған Арыс та жүгіре жөнелді. Біраз жасқа келіп, ет жинап, қимылы азайған орта жастағы екеу бала  кездегідей құстай ұшпаса да, қалмаудың амалымен жарысып келеді, әйтеуір.

Кеудесіндегі қуыс шаттыққа толып, төрт дүниесі түгел болғандай күй кешіп, өзін ең бақытты адам сезініп, Алласына алғысын айтып, әрі бірінші жетемін деген мақсатпен озып келе жатқан Жантастың көзінен қуаныштың жасы тамды...

Мақпал Сембай        

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір