• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 13:38:39
Алматы
+35°

27 Наурыз, 2019 Дәстүр

Глубокое кентінде Наурыз мейрамы айрықша аталып өтті

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен байланыстырып, символикалық мәні бар шара ұйымдастырды.

Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданының жұртшылығы Ұлыстың ұлы мейрамын ерекше атап өтті. Көктем келіп, күннің жылып, адамдардың жадыраңқы көңіл күйіне дөп келетін наурыз қазіргі уақытта бар жұртшылықтың асыға күтер мерекесіне айналды.

Аудан орталығында ғана емес, наурыз шарасы  Глубокое ауданының ауылдық округтерінде де ерекше өтті.  Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз - Наурыз көпшілікке  сөйтіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Глубокое кентінде Наурыз мейрамына арналған "Көктем аруы" атты сайыс та өтті. Жеңімпаздар марапатталды, жүлделер таратылып берілді. Халық шат-шадыман күйге бөленді.

Глубокое кенті наурыз

Ең бір айрықша атап өтерлігі, Глубокое ауданының әкімшілігі наурыз мейрамындағы мерекелік шараларды Тұңғыш Президентіміз, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен байланыстырып, символикалық мәні бар шара ұйымдастырды.

Осыған байланысты аудан орталығына арнайы  7 киіз үй тігілді. Оларға «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген атау берілді. 7 атқа мінген жігіт шеруді бастап, ортаға шықты. Отыздан астам этнос өкілдері мекендейтін аудан тұрғындары 7 киіз үйді аралап, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысты. Әртүрлі ұлттық тағамдардан дәм татты. Ән салды, би биледі. Алтыбақан тепті. Әртүрлі спорттық шаралар өтті. Қысқасы, ежелден келе жатқан наурыз мейрамы аудан тұрғындарына мереке сыйлады.

–Наурыз 5 мың жылдық тарихы бар жер жүзіндегі ең көне мейрамдардың бірі. Шығыс халықтары Наурыз мерекесін қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді деп ырымдайды. Көктем мерекесі әр шаңыраққа шаттық, ырыс-ынтымақ әкелсін. Биылғы жыл Наурыз дастарханындай ырысты, берекелі жыл болсын», - деп ақ тілегін айтты  аудан әкімі Қалиқан Байғонысов.

Сондай-ақ,  7 киіз үйде «Қоржын ашу», «Бесікке бөлеу», «Құйрық бауыр асату», «Беташар», «Қазан жарыс», «Тілашар», «Құдалық» секілді қазақтың әдет-ғұрыптары келушілер назарына ұсынылды.

Сонымен, достық пен татулықтың, ырыс-береке, бірліктің мейрамы наурыз шығыс өңірдегі Глубокое ауданында осылай салтанатты жағдайда айрықша аталып өтті.

Еркін Қалдан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір