• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Тамыз, 16:04:41
Әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері арасындағы аладоп аламаны

15 Сәуір, 2019 Кәсіпкер

Қазақстандық кәсіпкерлерді жетістікке жетелеген ерекше әдіс

Жапондықтардың әр ісі берекелі, нәтижелі. Неге? Себебі олар үшін істі аяғына дейін жеткізу құрметке бөленгенмен тең.

Жапондықтардың әр ісі берекелі, нәтижелі. Неге? Себебі олар үшін істі аяғына дейін жеткізу құрметке бөленгенмен тең. Тіпті, аула тазалаушылардың өзі тағдырларына налыған емес. Жұмыс іздеп әуре де болмайды. Олар армандарын кез-келген жұмыс орнында жүзеге асыра алады. Мұның өзі кайдзен деп аталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң кайдзен әдісін тәжірибеге енгізудің арқасында жапондық компаниялар, оның ішінде Toyota компаниясы аяғынан тік тұрып, мол табысқа кенелді. 

Кайдзеннің 6 қағидасы. Жапондар өмірін қалай жеңілдетті?

2000 жылдардан бастап бұл әдіс елімізге де таныла бастады. Алғашында қабылдау оңай болмады, қорқыныш сезімі болды, алайда бүгінде жапон философиясының арқасында жетістікке жетіп отырған қаншама компания, қаншама басшы бар. Бір кездері тығырықтан шығарға жол іздеп, кайдзенге тап болған басшылар табысқа жету жолдарын баяндап берді.

Ерғали Бегімбетов, Amanat сқтандыру компаниясының басқарма басшысы

Ерғали Бегімбетов

Мен кайдзен әдісіне байқаусызда, ойламаған жерден келдім. 2005 жыл болатын. Әрине, бұл әдістің философиясына үңіліп, жете түсіну үшін 1 жылға жуық уақытым кетті. Толық түйсінгеннен кейін ғана біздің сақтандыру компаниясына енгіздім.

Кайдзен мені несімен қызықтырды? Оның философиясы қасиетті жазбалардың ешбіріне қайшы келмейді. Ол кездері батыстың басқару доктринасымен жалғастыра алмайтынымды түсіндім. Мен үшін, тіпті, ол әдіс тығырыққа тіреп қойған секілді болды. Ал компания кайдзен жүйесін енгізу үшін ең алдымен акционерлерімнің мақұлдауы қажет болды. Олар келісім берді.

Көптеген компания тұтынушысы үшін керекті, қажетті, бағалы дүниені біле бермейді. Бұдан бұрын менің де жолым өзге еді, алайда «Жүйе негізді ұйым» («Организация как система») кітабын оқыған соң көзқарасымды түбегейлі өзгерттім. Сонымен қоса, 2006 жылы бизнестегі табыс тек тұрақты клиентен келеді деп ойлаған едім. Қазір бұл ойым үшін қатты ұяламын.

Кайдзен әдісіне қызығушылық танытсаңыз болғаны, нәтижеге қол жеткізе бастайсыз.

Бизнес-процесімізді ілгерілете бастағанда, клиенттерімізге әсер қалдырарлық дүниені бірінші орынға қойдық. Бірақ телефон қоңырауларын қабылдай алмадық. Ал бұл мәселені шешу үшін бізге небәрі 24 000 теңге қажет еді. Оның 12 мыңына екі  телефон аппаратын, тағы 12 мыңына бонустар сатып алдық. Қазір бізде стандарт қалыптасқан – клиент үшінші шырылдан соң-ақ компаниямен тілдесе алуы тиіс.

Өз тәжірибемнен кайдзен енгізудегі ерекшеліктер деп мыналарды атағым келеді:

-Компаниядағы барлық мәселенің, қиындықтық қайнар көзі – оның алғашқы, негізгі бейнесінде. Адамдар белгілі бір жүйеге сай жұмыс істейді. Ол жүйені өзгерту тек алғашқы басшының ғана қолынан келеді.

-Бейресми басшыларды анықтап, оларды өзіңнің жақтасың етуің тиіс.

-Қателер міндетті түрде болады, қашып құтыла алмайсыз. Тек сол қателіктерден сабақ алып үйреніңіз.

Кайдзен әдісіне бір табан жақындадыңыз ба, болды, нәтижеге сол сәттен бастап қол жеткізе бастайсыз. Оның үстіне Қазақстанда бәсекелестік аз, сол себепті кайдзенді енгізу арқылы жұмыс істеу әлдеқайда тиімді.

Кайдзен орталығына кірдің – ғажайыпқа сапар шектің (фоторепортаж)

Марат Баққұлов, Алматы желдеткіш зауыты директорлар кеңесінің төрағасы

Марат Баққұлов

2008 жылы мәскеулік зауыттарда сатумен айналысып жүріп өз ісімді бастауды мақсат тұттым. Бұл мақсатым орындалып, өндірісімізді іске қостық. Шынында, ол гараж еді. Алайда түрлі қиындыққа тап болдық. Қазақстандық зауыттар белгіленген уақыт бойынша жұмыс істей алмайтынына көз жеткіздік. Тауар да уақытылы жетпейтін. Ол кезде ресейлік зауыттар кайдзеннен хабарсыз еді (күлді). Міне, сонда біз ойлана бастадық.

Компаниямыз гүлдеп, өніміміз артты. Бұл адамдардың саны мен тапсырыстарға да айтарлықтай әсер етті. Маған кайдзен әдісі қатты ұнады, тиімді. Ол әдіспен жүйе құру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен грант алып, олар бізге 40 мың еуро көлемінде қаржы бөлді. ЕҚҚДБ-нің қолдауы біз үшін үлкен көмек болып еді. Зауытымызға ең үздік кеңесшілерді шақырдық. Олар бізге жүйе жөнінде толығырақ түсіндіріп берді.

Кайдзенмен айналыса бастағанымда мен тек сата алатын едім, бірақ өндіре алмайтынмын. Қазір өндіре аламыз, оның үстіне молынан өндіреміз, енді соларды сату мәселесімен айналысуымыз керек.

Қазір мен зауытқа аптасына бір рет барамын. Мұндағы мақсатым – әр қызметкеріме өз-өзіне басшы болуды үйрету. Нәтижесі жаман емес. Төраға әрі меншік иесі ретінде өзімді жайлы сезінемін. Ең бастысы, зауыттың ішкі мәселесіне алаңдамаймын.

Жұлдыз Кәкенов, «Marden Property» ЖШС директоры

Жұлдыз Кәкенов

Marden Property компаниясының іргесін 2006 жылы қаладық. Офистік жылжымайтын мүлікті басарамыз. Анығы – үш бизнес-орталық біздің қарамағымызда: «Алма-Ата іскерлік үйі» (Нұр-Сұлтан), Marden (Астана) және Baykonyr (Алматы).

Кайдзенмен 2012 жылдан бастап айналысамыз. Жапониялық әдіске басқару мәселесінде қиындықтар туғандықтан ауыстық. Кеңесші іздеу үшін Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкі бағдарламасының базасына сүйендік. Кайдзен бойынша елімізде 40-қа жуық кеңес беретін компания бар, қазір саны өспесе... Олардың 11-імен жазысып көрдік. Нәтижесінде, 4 компаниямен кездесіп, «ПРЭКО консалтинг» компаниясымен келісімге келуге оқталдық. Екі кеңесшіні біздің штатқа шақырып, содан бастап Marden Property компаниясы үшін жаңа кезең басталды.

Егер кайдзен әдісін енгізіңіз келсе, компанияңызға адам шақырыңыз, табыстарыңызды көрсін – сізге де, оған да жақсы болады.

Ал бізде қандай қиындықтар болды дейсіздер ғой? Барлық компания өзінің минустарын ысырып қойып, тек жақсы жақтарын көрсеткісі келеді ғой. Несі бар, бізде де бәрі жақсы болатын. Бірақ қазір жағдайымыз тіптен керемет. Жағдайға анализ жасап көргенде, жылдам әрі сапалы әрекет жасап жатқанымызды байқадық. Кайдзен де соңымыздан еріп келеді. Бізде жүйе болатын, алайда тоқтап тұрды. Ол жүйенің көптігі соншалық, тіпті кайдзен-менеджерлер ол туралы білмеген. Ақыл сұрағанымда, ең біріншіден, жүйені іске асыруға кеңес берді. Тәртіп орнатуыңыз тиіс болды.

Кайдзеннің күші өрлей түсті. Оған да, бізге де бірге жұмыс істеген жайлы болып барады. Ең бастысы, кайдзеннің идеялары ешқашан қиынды туғызбайтын.

Тағы ненің маңызды екенін білесіздер ме? Бізге көп компания келді, арасында бәсекелестеріміз де болды. Өз тәжірибемізбен бөлісу үшін, біз барымызды салып дайындаламыз. Офистің ішін тазалаймыз, жинастырамыз, әр затты өз орнына қойып, ретке келтіреміз. Қонақ келген сайын жанымыз рахат табады (күлді). Келген адамға табысыңды көрсету – нағыз «кайфтың» өзі емес пе?

Сөзімді қорытындылай келе мынаны айтқым келеді: басшы кайдзенге үнемі көңіл бөліп отыруы тиіс, тіпті бұл бағытта нағыз кәсіби мамандар жұмыс істесе де...

Айта кетерлік маңызды дүние – кайдзенді компанияға енгізу үшін ондағы барлық қызметкер атсалысуы тиіс. Кей ғалымдар айтады ғой, қоғамда бірнәрсені өзгерту үшін тұрғындар да ойын өзгертуі тиіс.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір