Баланы мектепке дайындаудағы психологиялық кеңес беру

/uploads/thumbnail/20190404224120990_small.jpg

«Мектепке дайын болу – оқи алу, санау, жаза білу емес .

Мектепке дайын болу – осылардың барлығын үйрене білуге дайын болу»

Венгер Л.А.

Мектеп – бала үшін де, оның ата-анасы үшін де аса жауапты кезең. Балаларды психологиялық зерттеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мектепте оқу іс-әрекетін жеңіл меңгеріп кетуге, барлық бала жан-жақты дайын болып келмейді. Баланың мектепке дайындығының маңыздылығын түсіне отырып, оқу жылының басталуынан бірнеше ай бұрын олардың жаңа өмірге бастамаларында, балалармен мақсатты дамыту сабақтары ұйымдастырылады. Бұл мақсатта бала үшін ата-анасы көп нәрсе істей алады. Мектепте оқуға психологиялық дайындау көп кешенді білімді қажет етеді. Ең алдымен баланың мектепке барамын деген құштарлығы, яғни психология тілімен айтқанда оқуға деген ынтасы болуы қажет. Балада оқушының әлеуметтік ұстанымы қалыптасқан болуы тиіс: оның құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасап, мұғалімнің талабын орындай және өз мінезін бақылай білгені дұрыс. Маңыздысы, баланың дені сау, шыдамды болуы қажет, әйтпесе мектеп жүктемесін алып жүру қиынға соғады. Мектепте жақсы оқып, сыныппен бірге жұмыс істеу үшін ақыл-ойының дамуы жақсы болғаны жөн. Мектепке дейінгі баланың танымдық қабілеті және даму мүмкіндіктері шын мәнінде орасан зор. Онда білуге, тануға деген құштарлық үлкен. Сол қабілеті мен мүмкіндіктерін дамытып және жүзеге асыруға көмектесу қажет.

Осы жерде баланың мектепке дайындығының критерийлерін атап кеткен дұрыс:

  • дене;
  • адамгершілік;
  • психологиялық;
  • ақыл-ой.

Адамгершілік дайындығы:

  • мұғалімдермен қатынасын құра білу;
  • сыныптастарымен тіл табыса білу;
  • сыпайылық, ұстамдылық, тіл алушылық;
  • өзін-өзі бағалауы;
  • өз іс-әрекетін, мінез-құлқын дұрыс ұстау және оқу тапсырмасын қабылдай білу, мұқият, үлкендердің сөзін бөлмей тыңдау;
  • басқаның көзқарасын қабылдау, өз-өзіне басқа қырынан қарау, сыныптастарын тыңдай білу, басқалардың сәтсіздіктерін адекватты түрде бақылау;
  • ата – аналар тарапынан берілген көмек бұйрық түрінде емес, кеңес түрінде болуы керек.

Баланы «баға» үшін оқытуға болмайды. Одан да тіпті кішкене жетістігі болса да, үнемі мақтап отыру керек.

Психологиялық дайындық:

  • бұл баланың оқудың маңыздылығын, қажеттілігін нақты түсінуі, жаңа білім алуға қызығушылық танытуы;
  • бұл мұғалімді тыңдай білуі және оның берген тапсырмаларын орындай

білуі;

  • үлкендермен, сыныптастарымен тіл табыса білуі (үлкендердің беделін

сезінеді, қарым-қатынасқа жеңіл түседі, кез келген қиындықтан шыға білуге тырысады);

  • бұл ойлаудың, зейіннің, естің дамуының анықталған деңгейі,  мектептік маңызды функциялардың  дамуы;
  • қолдың, саусақтың қимыл-қозғалысының дамуы (қол жақсы дамыған, бала қарындашты, қайшыны сенімді ұстайды);
  • кеңістіктегі қозғалысты сезіну (жоғары-төменді, алға-артқа, оңға-солды

дұрыс анықтау);

  • көз бен қолдың жүйесінің координациясы - (бала көзбен алдындағы

мысалы: кітаптағы);

  • графикалық бейнені, фигураларды, өрнектерді дәптерге дұрыс түсіру,

мектептік маңызды психологиялық функциялардың дамуы;

  • логикалық ойлауының дамуы (әртүрлі нәрселерді салыстыруда арасындағы айырмашылықты, ұқсастықтарды табу, белгілеріне қарап жалпылай алу);
  • ырықты зейінінің дамуы (орындап отырған тапсырмаға 15-20 минут

зейінін тұрақтандыру);

  • ырықты есте сақтауының дамуы (есте сақтай білу: есте сақталған

материалды нақты бейнемен, сөзбен немесе жағдаятпен, суреттермен байланыстыру).

Ақыл-ой дайындығы:

  • ең маңызды көрсеткіш – бұл сөйлеу мен ойлаудың дамуы;
  • балаға «сондықтан да», «егер де», «себебі» деген сөздерді пайдаланып,

талдаулар, қорытындылар жасауға үйрету өте пайдалы;

  • сұрақты дұрыс қоя білуге, жауабын тыңдай білуге үйретіңіз,  бұл өте

пайдалы, ойлау әрқашанда сұрақ қоюдан басталады;

  • ойлан деп жай айтқаннан баланың ойы іске аспайды;
  • сөйлеу – оқу үрдісінің негізі болып табылады.

Ең маңыздысы монологиялық сөйлеудің дамуы. Бала үшін бұл әңгімелеп беру. Оқып болған соң балаға сұрақтар қойып талдатыңыз. Балаға алған білімінің сапасы маңызды.

Негізі мектептегі оқу үлгерімінің жақсы болуы зейіннің қаншалықты дамуына байланысты. Мектепке дейінгі балада ырықсыз зейін басым, бала өз зейінін басқара алмайды, сондықтан сыртқы әсерлердің еркінде болады. Бір нәрсеге тұрақтай алмаушылық сияқты, көңілі тез ауады, Мектепте оқыған алғашқы күндерден бастап балада ырықты зейін қалыптаса бастайды. Ырықты зейін дегеніміз – әрекет әсерінен туған объектіге саналы түрде көңіл аудару. Зейіннің бұл түрінде эмоциялық жағынан жағымды нәрсеге ғана емес, көбіне атқарылуға қажет нәрсеге көңіл аудару. Ырықты зейін дамуы жауакершіліктің дамуымен тығыз байланысты, қызық және қызық емес тапсырмаларды да орындау керек.

Зейін аудару дегеніміз – зейінді бір объектіден екінші объектігі әдейі ауыстыру. Зейіннің тұрақтылығы оның объектіге ұзақ аударылғандығынан көрінеді. Зейіннің бұл қасиеті көптеген себептерге, жүйке жүйесінің күшіне, әрекеттік сипатына, қалыптасқан әдеттерге т.б. байланысты болады..

Жалпы көп мәселе балаға емес, ата-анаға көп байланысты екенін ұмытпау керек. Баланы мектепке дайындауда  отбасының орны үлкен. Көп ретте ата-ана өз міндетін толыққанды орындай алмай жатады. Сондықтан олар үшін үнемі есте сақтайтын нәрселер де  бар. Атап айтқанда...

  1. Баланың сабағын жеңілдететін жағдай жасауға тырысыңыз, тұрақты күн тәртібі, жақсы тамақтану, толыққанды ұйқы, жайлы тұрмыстық жағдай, сабақ оқуға жайлы және ыңғайлы орынның маңызы үлкен. Сондықтан баланың кішкене жетістігі болса да, қуанышыңызды білдіріңіз, оның оқуына төзімділік, мейірімділік танытыңыз, бала үлгермей жатса, қатты сөйлемеңіз, балаңызды – мәдени анықтамалармен, сөздіктермен, бейнетаспалармен, мектептің оқу бағдарламасына сәйкес кітапшалармен қамтамасыз етіңіз.
  2. Өз балаңызды тыңдаңыз: ол жаттауға, есте сақтауға берген тапсырманы айтып шықсын, жазуға берген мәтінді бөліп-бөліп, асықпай оқыңыз, оқулықтағы сұрақтар бойынша сұраңыз.
  3. Өзіңіздің бала кезіңіздегі жетістіктеріңіз туралы айтып, біліміңізбен

бөлісіңіз.

  1. Ата-ананың назарында баланың бағасы ғана емес, білімді болу керектігін есте ұстаңыз. Сондықтан да баланың болашағы туралы ойлап, алған білімінің қай кезде, не үшін қажеттілігін түсіндіріңіз. Баланың оқуға белсенділігін тудыратын отбасылық дәстүрлер мен әдеттер құрыңыз.
  2. Баланың бос уақытын құр қалдырмай, оны мазмұнды әрі пайдалы етіп

өткізуге көмектесіңіз.

  1. Балаңызды оқу үлгеріміне қарамай, жақсы көретініңізді сездіріңіз.
  2. Балаңызды жан-жақты бақылау және мүмкіндігінше көмек көрсету үшін әрдайым балаңыздың қатысатын үйірмелерінің, факультативтерінің, қосымша сабақтарының, сабақ кестесімен танысыңыз.

 Жалпы баланың мектепке барғысы келмейтін сәттері де болады, әр нәрсені сылтау етіп, үйде қалуға тырысады. Баланы мұндай жағымсыз әдеттен аулақ болуы үшін не істеу керек? Ең алдымен...

  1. Оның уақтылы ұйықтауын қадағалаңыз. Ұйқысы қанбаған бала –

сабақта селсоқ, шаршап отырады.

  1. Мектеп туралы жаман ой айтпаңыз, баланың көзінше мұғалімдерді сөз қылмаңыз.
  2. Бала тапсырмаларға, мектептен әкелген кітаптарына сіздің қызығушылық танытып, қадағалайтыныңызды көрсін.
  3. Өзіңіз оқыңыз, бала ата-аналарының бос уақытын тек теледидар мен

компьютер алдында өткізбейтінін білсін, көрсін.

  1. Компьютерлік ойын ойнауды бала күніне 20 минуттан асырмауы тиіс.
  2. Балаға өз ойын жазбаша жеткізуді үйретіңіз: онымен хат жазып алмасыңыз, бірге хат жазыңыз. Егер бала сізбен қатты әсер алған оқиғасымен бөліссе, сол оқиға жайлы әңгіме құрастырып жазуын өтініңіз, ал кешкісін оны барлық отбасы мүшелеріне оқып беріңіз.
  3. Мектеп пен сынып өміріне үнемі белсенділік танытыңыз.
  4. Балаға өзіне деген сенімін жоғалтпауға көмектесіңіз.
  5. Кейде бала мектепттегі жағымсыз жағдайларды жүрегіне жақын

қабылдап қалуы мүмкін. Әркез оған ненің маңызды, ненің аса маңызсыз екенін үйретіңіз.

  1. Негізінде сіздің балаңыз әрқашан жақсы, тек бүгін ғана бір нәрсені дұрыс істемеді. Осы туралы оған айтыңыз.

11.Әдетте бала жаман қылық істегенде ол ұялу сезімін бастан кешіреді. Ал сіз оны жазалағанда, оның ұялу сезімі өшеді. Ал бұл - қауіпті.

Баланың сабаққа ұмтылысын сездіруі мұғалімге де байланысты. Сондықтан мұғалімнің сабақты қызықты әрі мазмұнды етіп өткізуі аса маңызды. Ол үшін мұғалім қандай болуы тиіс және ең алдымен нені ескеруі керек? Атап айтқанда...

  1. Сабақ кезінде мұғалім баланың зерігуіне жол бермегені дұрыс. Егер балаға оқу көңілді болса, ол жақсы оқиды. Қызығу – ең күшті ынта, ол балаларды нағыз шығармашыл жеке тұлға етеді.
  2. Жаттығуларды қайталаңыз. Баланың ақыл-ой қабілетін дамыту уақыт пен тәжірибені қажет етеді. Егер қандай да бір жаттығу қолынан келмесе, үзіліс жасаңыз, кейін қайтіп келіңіз немесе жеңіл нұсқаны беріңіз.
  3. Баланың кемшіліктеріне бола шектен тыс мазаланбаңыз.
  4. Шыдамдылық танытыңыз, асықпаңыз, баланың қолынан келмейтін, ауыр тапсырмаларды бермеңіз.
  5. Сабақта баланың шамасына қарау керек. Бала жыбырлап отырса, шаршаса, көңіл-күйі болмаса, оны жаттығу беріп қинамаңыз, басқа нәрсемен айналысыңыз. Кейде баланың өзі істегісі келетін ісін істеуге мүмкіндік беріңіз.
  6. Мектепке дейінгі балалар, яғни балабақшаға бармаған болса, қатаң тәртіпті, қайталанған, бір сарынды дыбысты  нашар қабылдайды. Сондықтан сабақты ойын түрінде өткізген өте жақсы.
  7. Баланың қарым-қатынас, ұжымдық, ынтымақтастық дағдысын дамытыңыз, басқа балалармен дос болуға, олардың жетістіктеріне бірге қуанып, қайғыруға ортақтаса білуге үйретіңіз, мұның бәрі мектеп қабырғасында жүргенде әлеуметтік күрделі атмосферада қажет болады.
  8. Жағымсыз бағалаудан қашыңыз, қолдау сөздерді тауып айта біліңіз, оның шыдамдылығы үшін, қайсарлығы үшін жиі мақтаңыз т.с.с. Басқа баламен салыстырып, оның әлсіздігін бетіне баспаңыз. Өзіне сенімділігін қалыптастырыңыз.
  9. Ең маңыздысы, балаға сабақ беру ауыр еңбек деп қабылдамаңыз, қуаныңыз, балалармен қарым-қатынастан қанағат алыңыз, ешуақытта әзіліңізді жоғалтпаңыз. Есіңізде болсын, сіз де баламен достасатын тамаша мүмкіндік бар.

Әрине, мектеп табалдырығын енді аттаған немесе балабақшадағы сәбидің тәрбиелі болып өсуі ең алдымен ата-анаға байланысты. Сонымен қатар, тәрбиеші мен мұғалімнің де үлкен үлесі бар Ал баланың талапты, талантты болып тәрбмеленуінде мектеп пен ата-ана тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, онда нәтиженің болғаны.

Жеміс Төлеуова, психолог.

Батыс Қазақстан облысы,

Орал қаласы №45 мектеп 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар