• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 09:49:25
Алматы
+35°

09 Сәуір, 2019 Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі не жайында болуы мүмкін?

Конституцияға сәйкес, Қазақстанда президенттік сайлау 2020 жылдың аяғында өтуі тиіс.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сағат 13:00-де қазақсандықтарға үндеу жариялайды. Ал үндеу жасайтынын жарияламас бұрын президент Ақордада Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевті, Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдаған. 

"Кездесу барысында қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды", - делінген Ақорданың ресми сайтында. 

Тоқаевтың арнайы үндеуін халық сайлауға байланысты болжап отыр. "Қазақстанда мерзімінен бұрын  президенттік сайлау өтуі мүмкін" деп шуласты. 

Конституцияға сәйкес, Қазақстанда президенттік сайлау 2020 жылдың аяғында өтуі тиіс. Алайда 2019 жылы ақпанның 4-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен Конституциядағы «президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді» сұраған. Содан бері әлеуметтік желі қолданушылары мерзімінен бұрын сайлау өтеді деп болжай бастады. Бірақ Назарбаев ертеңінде-ақ қазақстандықтарға арнайы мәлімдеме жасады. Онда халықтың бекер әбігерге түспеуін, уақытынан бұрын сайлаудың болмайтынын ескерткен. 

 Ал Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан.

Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті. Ал​ Тоқаевтың орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаев сенат спикері болып тағайындалған.

Айта кетейік, 8-9 сәуір күндері президент Атыраудағы бірқатар нысандарды аралауы тиіс еді. Алайда сапары кейінге, яғни 11-12 сәуірге шегерілген. Ал кеше "Көк-Жайлау" жобасын уақытша жабу туралы ұсыныс айтып, нәтижесінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жобаның кейінге қалдырылатынын мәлімдеді. 

Енді міне Президенттік таққа отырғанына бір ай толмай жатып, Тоқаев үндеу жарияламақ. Осыған байланысты бірнеше сарапшыға қоңырау шалып көрдік, алайда мардымды жауап ала алмадық. Біздіңше, бұл тікелей сайлауға қатысты болуы мүмкін...

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір