• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:32:40
Алматы
+35°

09 Сәуір, 2019 Саясат

Тоқаевпен үзеңгі қағыстырар үміткер бар ма?

Айға жуық уақыт билікті уыстаған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сайлаудағы мүмкіндігі жоғары.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халыққа үндеу жариялап, үстіміздегі жылдың 9-маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.

Ол мұндай шешімге еліміздің демократиялық бағытта екенін, халық өз басшысын өзі таңдау қажеттігін ескеріп келген. Сондай-ақ, президент шешім қабылдамас бұрын бірқатар партия басшыларымен және Конституциялық Кеңестің төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқан.

Үндеуден кейінгі кез-келген адамның санасында келесі сұрақтар туындағаны анық: «Сайлауға кім түседі?», «Тоқаев орынын сақтап қалуға тырыса ма?», «Сайлау қаншалықты әділ өтеді?».

Бұл сұрақтардың барлығының жауабы бұлыңғыр. Десек те, Қасым-Жомарт Кемелұлының берген уәдесіне сүйенсек, сайлау барынша адал өтпек. Құп!

Сайлауға қатысатын үміткерлердің қатарында Тоқаевқа бәсекелес бола алатын кім бар екені күллі қазақты қызықтырып отырғаны рас. Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылып, белгісіз адам дауысы Досмұхаммед Көшімовтың кандидатурасын үгіттеп жатқанын байқадық. «Шабан үйрек бұрын ұшадының» кері. Соған қарағанда, кезектен тыс сайлауға Дос Көшімнің ат қосып қалуы ғажап емес.

Өзге үміткерлер туралы болжам жасаудың өзі қиын. Дегенмен, бүгінгі үндеу оң жамбасына келіп, қолын ысқылап отырған үміткерлердің бар екені анық.

Саясаткер, «Жаңа Қазақстан» форумының өкілі Әміржан Қосанов та Елбасы өкілеттілігін тоқтатқаннан кейінгі журналистер сұрағына «Ел қолдап жатса неге түспеске? Мен дайынмын» деп жауап берген. Тағы бір саусағыңызды бүге беріңіз.

Ал «Ауыл» партиясы президент сайлауына үміткер ұсыну жоспарларында жоқ екенін кесіп айтты. Ал «Ақ Жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев босқа ақша шашу үшін емес, тек нәтиже болса ғана үміткер ұсыну қажет екенін айтып, жалпылама жауап берген. «Өгізді өлтірмейді, арбаны сындырмайды».

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері бәйгеге үміткер қосу мәселесін алдағы уақытта тереңірек талқылап барып, шешім қабылдайтындарын жеткізген.

Демек, айға жуық уақыт билікті уыстаған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сайлаудағы мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне халықаралық саяси аренада тәжірибесі бар саясаткердің билік басында болуын халық та құп көретін секілді.
2020 жылдың сәуіріне дейін созылатын өкілеттілігін бір ай өтер-өтпесте кезектен тыс сайлауға салу шешіміне келуі де президент Тоқаевтың сенімділігін көрсетіп береді.

Әділет Мәдениет

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір