26 Мамыр, 2015 NEWS
"Жеті жарғыны" қазақтардың тұңғыш құрылтайы қабылдаған
«Қазақтардың құрылтайы» еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлтымыздың бүгінгі берекесі мен келешектегі болашағын талқылайтын үлкен бас қосу жиналысы ретінде...
«Қазақтардың құрылтайы» еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлтымыздың бүгінгі берекесі мен келешектегі болашағын талқылайтын үлкен бас қосу жиналысы ретінде қабылданып келеді. Ұлттық санада ерекше орын алатын мұндай бас қосудың қай ғасырдан бастап тарихымызда нақты орын алып келе жатқаны әлі күнге шейін толық ашылмаған. Қазақтардың тұңғыш құрылтайы мынадай уақытта өтті деген нақты тарихи дерек те жоқ. Дегенмен де, қазақтардың құрылтайы өткені күмансыз. Оған куә дерек – қазақ арасында ауызша сақталып жеткен мәліметтер мен соның негізінде түзелген мәйек сөз - «Күлтөбенің басында күнде кеңес» атты тіркес және сол құрылтайды ұйымдастырған билеуші Тәуке ханға «әз» лақабының таңылуы.
Көшпелі мемлекеттерде құрылтай өту үшін саяси-экономикалық тұрғыдан қарағанда «айы-күні толған», пісіп-жетілген бірнеше мәселелер жүзеге асуы қажет. Атап айтқанда, біріншіден, құрылтай шақырушы Шыңғыс хан тұқымы болуы тиіс. Екіншіден, құрылтай Шыңғыс хан дәстүрінен қалған далалық, яғни көшпелілер танымы бойынша тілі, діні, дүниетанымы бір тайпалардың басы бірігіп, бір билеушіні таныған, ортақ заң жобасы қабылданған оқиғаны жариялайтын жалпыхалықтық акт болуы тиіс. Осы екі себепке толық жауап беретін оқиға – «Күлтөбенің басында күнде кеңес».
Халықтың тарихи жадында Тәуке ханның билік құрған уақытын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт, мамыражай кезең ретінде сақталған. «Салқам Жәңгірден кейін,- деп жазады қазақ шежіресінің білгірі Мәшһүр Жүсіп: «Әз Тәуке деген хан болды. Мұның өзі ақылды, табанды кісі болды. «Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды» дегендей, халықты жақсы басқарды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» - осы Әз Тәуке тұсында айтылған сөз....Бұл Тәуке де терең ойлы, толық милы дөкей ірі хан болды».
Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Тәуке ханға: «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді»,- деген баға беріледі.
«Халықты жақсы басқарғандықтан», «терең ойлы, толық милы хан» болғандықтан, «Күлтөбенің басында күнде кеңес деген бітім жолды» шығарғандықтан Тәукенің есімі халық жүрегінде ерекше орын алды. «При имени сем сердце всякого киргиз-казака, несколько возвышающегося духом над толпами буйных соотечественников своих, наполняется благоговением и признательностию. Это Ликруг, это дракон орд казачьих», - деп жазады А.И. Левшин. Бұл –бір.
Екіншіден, Тәуке хан «Жеті Жарғыны» хан ордасы (хандық астанасы) Түркістан қаласында емес, далалық жерде талқылап қабылдаған: "... в XҮII в. хан Тауке (Тявка) собрал на урочище Культобе (в Сырдарьинской области) семь биев во главе с известным бием Туле Алибековым и составил уложение"[Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы. Ташкент, 1889. с.24].
Үшіншіден, құрылтайға қатысушылар – қазақ хандары мен билері және көршілес тайпалардың көсемдері. Олар ел жадында «Жеті жарғы» деген атаумен сақталған қазақтың заң-жосық үлгісін талқылаған.
Құрылтайдың мақсаты не еді? Онда хандықтың (мемлекеттің) қандай мәселелері талқыланды? Оған кімдер қатысты? Құрылтайда қабылданған құжат неге «Жеті жарғы» деп аталған?
Мұндай сұрақтарға жауап беру үшін көшпелі мемлекеттердің құрылтай өткізу тарихына шолу жасауға тура келеді. Көшпелі ру-тайпалардың басын біріктіріп, мемлекеттің тіршілік-тірлігіндегі көкейкесті мәселелерін шешуге қажетті заң жобасын талқылап, бекіту түркі-моңғол тарихында бірнеше рет болған. Оның бастауында, әрине, Шыңғыс ханның «Ұлы Жасағы»(«Великая Ясса») тұр.
«Ұлы Жасақ» Шыңғыс ханның бірнеше кішігірім хандықтарды (Керей, Найман) жойып, моңғол-түркі тайпаларының басын біріктіріп, қаған атанған рәсімімен қатар қабылданған. Түркі-моңғол тайпаларына заң-жосық үлгісін бекіткен Шыңғыстың даналық істерінің құрметіне деген ықыласын халық оған «Боғда Шыңғыс хан» деген лақаппен орнықтырған. Ханның ел басқаруда көрсеткен даналық ісіне орай қосымша ат беру құбылысының тарихы Шыңғыс тұсынан да әрі екендігі сөзсіз. Бұл тұста тым қазбаламай-ақ, Түрік қағанатының билеушісі Могилянның таққа отырғаннан кейін «Білге қаған», яғни «Дана қаған» деген атқа ие болғанын еске түсірейік. Демек, ежелгі дәуірдегі Көк түрік қағанатынан, орта ғасырдағы Шыңғыс ханнан қалған дәстүр бойынша, жалпы жұртқа ортақ заң, жөн-жосық қабылдау – билеушінің ру-тайпалардың басын біріктіріп, шын мәніндегі толық хан болу тұсында жүрген құбылыс.
Мұндай көріністің дәлелін немесе оның тарихи деректерде сақталған нақты мысалдарын Жоңғар (ойрат) хандығының (ХҮ-ХҮІІІғ.) тарихынан байқайға болады. 1640 жылы Жоңғар хандығының билеушісі Хара-Хулаұлы Батыр-қонтайшы (шын аты – Хото-Хоцин-Батыр. Далай-лама тарапынан Эрдэни-Батур-қонтайшы деген атақ алған) моңғол тектес тайпалардың басын біріктіру мақсатында Тарбағатайда үлкен құрылтай жасап, онда «Цааджин бичиг» заңын қабылдайды. Заңды қабылдауға Халха, Көкнор, Жоңғар және Еділ бойын жайлайтын моңғол тектес тайпалардан 44 белгілі феодалдары жиналады және олар бекітілген заңды бұлжытпай сақтауға ант береді [Златкин И. Я. История Джунгарского ханства(1635-1758). Москва, Издательство «Наука», 1964. с. 172-173)]. Ойрат мемлекетінің негізін бекіткен аталмыш заң-жосықта моңғол феодалдары өзара өштестік отын тұтандырумаға, қандас кісілерді құл деп санамауға, бір-біріне кек сақтамауға серттеседі [Эрдниев У. Э. Историческая судьба ойратов. Элиста, 1993.с. 62],
«Цааджин бичиг» қабылдаған құрылтайды ұйымдастыруға жетекші әрі мұрындық болған билеуші Батыр-қонтайшының негізгі көксеген мақсаты бір орталыққа бағынатын хандық құру еді [Златкин И. Я. Аталған еңбек, 176 б.]. Аталмыш мақсатқа қол жеткізу үшін Батыр-қонтайшы келісім мен бітім сөздер жүргізу құралын пайдаланады. Бұл саясат өз жемісін беріп, Тарбағатайда өткен ойраттардың тұңғыш құрылтайы Батыр-қонтайшының қалаған ұстанымында өтеді. Бұл ұстаным өте маңызды әрі жемісті саясат еді. Себебі Батыр-қонтайшыға дейін Ойрат бірлестігін бір хандыққа бағындыру іс-әрекеттерін жүргізген Эсен (Есен) мен Даян хандар күш пен зорлық-зомбылық көрсету тәсілін пайдаланады, бірақ ондай әрекеттер соңы сәтсіздікпен аяқталып отырды.
Тәуке ханға дейін билік құрған атақты Қасым, Есім хандар да қазақ тайпаларын бір орталыққа бағындыру үшін күш пен зорлық, қақтығыс құралдарын пайдаланды. Бұған мысал ретінде, Қасым ханның билік үшін өз ағайыны Керей ханның баласы Бұрындықты (Қазақ хандығының негізін қалаушы үлкен ханның баласын) үлкен тақтан ығыстыруын, Хақназар хан балаларының Ресей үкіметінен пана табуын, Есім ханның Ташкентті билеп тұрған қазақ Тұрсынды өлтіруін мысалға келтіруге болады.
1640 жылғы құрылтайдан кейін бірлігі нығайған Ойрат тайпаларының сыртқы саясаттағы белсенділігі арттырып, ұрыс-қимыл әрекеттерінің басты бағыты Қазақ хандығына қарай бұрылады [Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (ХҮІІ-ХҮІІІ вв.). – Алма-Ата: Гылым, 1991. с. 43].
Батыр-қонтайшы өлген соң (1653 жылы-А.Ә.) да оның мұрагерлері Қазақ хандығына қарсы қоңтайшыдан қалған саясатты ұстанады және Жоңғар хандығының ішкі бірлігін нығайтатын, сыртқы жауға күш біріктіретін істерге септігін тигізетін заң-жосық үлгілерін жетілдіру жұмыстарын жүргізеді. ХҮІІ ғасырдың соңғы ширегінде Жоңғар тағына Лама шіркеуінің шәкірті болған Галдан отырады. Ол 1678 жылы Жоңғарияның жаңа қалыптасқан жағдайға орай түзетілген Жарғысын белгілейді. Галданға Далай-лама «Бошокты» деген атақ береді [Златкин И. Я. Аталған еңбек, 250; 259 б.].
Галдан-Бошокты да өз тарапынан ойраттардың Қазақ хандығы мен Орта Азия хандықтарына қарсы әскери қимылдарын күшейте түседі. Ішкі қайшылықтарды заң-жоралғылар арқылы әбден жөндеп алған Жоңғар хандығы көрші Қазақ хандығына қауіпті жауға айналады.
Міне осы тұста, ХҮІІ ғасырдың соңғы ширегінде Галдан-Бошоктымен тұспа-тұс таққа отырған Тәуке ханның алдында қазақ ру-тайпаларын бір орталыққа терең бағындырып, сыртқы жауға қарсы күш біріктіру мәселесі көлденеңнен тартылады. Хандықтың ішкі бірлігін нығайту, оған көрші елдің беделді рубасыларын тарту үшін қазақ ханы «Жеті Жарғыны» қабылдатуға күш салады. Оның өзі жетекшілік етіп, қазақ хандары мен билерін, көршілес елдердің көсемін Күлтөбеге жинап, солардың келісімімен жасалған «Жеті жарғы» Жоңғар хандығында көрініс алған саяси оқиғаға ұқсас әрекет, яғни қазақтардың көршілес тайпалармен біріге отырып, діні бөлек, ойы бұрыс ойраттардың тегеуіріне тойтарыс беру талпынысы еді.
«Жеті Жарғы» қабылдау, бекіту ісіне негізгі мұрындық, жетекші болған қазақ билеушісі - Шыңғыс тұқымы Тәуке хан. Сөз жоқ, Тәуке хан Шыңғыс империясынан қалған көне дәстүрді Қазақ хандығының мемлекеттік тұтастығын бекіту үшін пайдаланған. Көшпелі мемлекеттер үшін Шыңғыс ханның «Ұлы Жасағы» ел бірлігі мен тұтастығын сақтауға себеп болар жөн-жосық, ал егер ел басына аласапыран, аумалы-төкпелі заман туған уақытта қиыншылықтан шығар жолды сілтейтін бағыт-бағдар еді.
Тәуке ханның «Жеті Жарғыны» қабылдауға мұсылман діні өкілдерінің ерекше ықпалы болғаны байқалады. Заңның басты баптарында дін өкілі қожалардың сұлтандармен бірдей құқыққа ие болуы – дін орталығының әсері екені сөзсіз. «Кімде кім сұлтанды немесе қожаны өлтірсе, онда ол оның туыстарына жеті адамның өлімімен құн төлейді. Сұлтан мен қожаға тіл тигізген кісіге бір тоғыз айып, ал қол тигізген кісіге үш тоғыз айып салынады», - деп белгіленген «Жеті жарғының» басты баптарында. Сонымен қатар «Жеті Жарғыда» мұсылмандық қазақтардың ресми діні ретінде орныққандығын айқындай рәсімі де байқалады. «Жеті жарғыда» мұсылмандықты қорлаған кісіні таспен атып өлтіру, ал мұсылмандықтан тайып, өзге (христиан ) дінге өтіп кеткен кісінің туыстарынан барлық дүние-мүлікті алып қою жазасы белгіленеді [Левшин А.И Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей (под общей редакцией академика М.К Козыбаева). -Алматы, «Санат», 1996. с.368- 369].
Қазақ билеушілеріне көп ықпалы бар мұсылман дінінің өкілдерінің заң-жосық үлгілері арқылы хандықтың саяси өміріне белсене араласуына сол тұстағы тарихи оқиғалардың үлкен ықпалы болғаны сөзсіз. Біріншіден, Жоңғар хандығы мұсылмандық Орта Азияға үлкен қауіп төндірді. 70-жылдарының аяғында Галдан-Бошокты Шығыс Түркістанға (Кіші Бұқараға) өз билігін орнатады. Мұсылмандық Орта Азияның кіші көшірмесі болып саналатын Шығыс Түркістанның Жоңғарияға қарауы – Орта Азия хандықтарын үлкен әбігерге түсіреді.
Екіншіден, Галдан-Бошокты Қазақ хандығына шабуыл жасай отырып алым-салық алып отыратын бодандықты орнатумен қатар, қазақтармен көршілес жатқан мұсылмандық Орта Азияның дін бағытындағы саясатына қатты зиян келтіретін мақсат та көздеді. Ол қазақтарды ойраттармен біріктіруді және оларға будда дінін қабылдаттыруға ұмтылады [Моисеев В.А. Аталған еңбек, 51 б.].
Осындай қалыптасқан тарихи жағдайлар мұсылмандық Орта Азияның Қазақ хандығы бағытындағы діни саясатын белсенді жүргізуге итермелейді. Көршілес елдерде қалыптасқан саяси жағдайлар мен қазақ қоғамының көшпелі салтымен санасақан Тәуке хан бұрынғы моңғол империясында кең қолданған Шыңғыс ханның «Ұлы Жасағы» мен Орта Азияға кең тараған мұсылмандық дінінің идеологиясын біріктіре отырып, Қазақ хандығының алғашқы заң жобасы «Жеті жарғыны» қабылдайды. Бұл, бір жағынан Шыңғыс заңдарына сүйенген Жоңғар хандығының қыспағында, екінші жағынан мұсылмандық Орта Азия хандықтарының шекарасында шаңырақ көтеріп отырған Қазақ хандығының саяси өміріндегі аса бір маңызды оқиға еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөзде қазақ халқының басы бірігіп, бүкіл халықтық мәні ортақ мәселені талқылаған деген мағына сақталған.
Сонымен қатар басты саяси мәселе ретінде қазақ деген ұлт бір-бірін қандас деп қарап, бірін-бірі құл етпуге, бірін-бірі өлтірмуге ант берісу, бәтуаласу қабылданған секілді. ХҮІІІ ғасырдағы билердің әрекеттері (Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресей бодандығына ру-тайпа көсем-билерінің қарсы болуы, Әбілқайырды өлтірген Барақты билердің сотына салуы ) Күлтөбеде осындай саяси шешім қабылданғанын айғақтайды.
Тәуке «Жеті жарғыны» көшпелілердің ежелден келе жатқан салты бойынша далалық жерде (Күлтөбеде) қабылдайды. Бұл көшпелі тұрмыстың қалпынан туған, хандықтың негізін құрайтын ру-тайпалардың саяси көзқарасына, тұрмыс-тіршілігіне ыңғайластырып жасалған әрекет еді. Мұндай көрініс моңғол империясының құрамында болған көшпелі мемлекеттерге ортақ, тән болған құбылыс. Мысалы, Алтын Орданың астанасы Сарай қаласы болғанымен, Орданың ру-тайпалар көсемдерінің қатысуымен шешілетін негізгі мәселелері далалық өлкеде өтетін. Бұл орайда, Алтын Орда хандығының қоғамдық құрылымын арнайы зерттеген тарихшы ғалым Г.Феодров-Давыдовтың мына пікірін келтіре кеткен жөн деп санаймыз: «В Золотой Орде утвердилось система двух столиц: центром городской жизни и торговли был Сарай, а центром политической жизни кочевья резиденция хана-орда, куда приезжали за инвеститурой, где выдавались ярлыки и где было сосредрточено управление государством»[Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды М., 1973. с.107].
Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыстың Литва Корольдігіне жазған хаты Сарайда емес, Дон өзенінің жағалауындағы жаздық ордада жазылған [Валиханов Ч.Ч. Письмо профессору И.Н. Березину // Соб. соч. в 5-ти т. т.1. А., 1984.с. 166].
ХҮІ ғасырдың ІІ жартысынан бастап Қазақ хандығымен Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалалар үшін таласқан қарақалпақтар ХҮІІ ғасырдың басында Ташкент қаласына ие болады. Бірақ қарақалпақтардың ханы Абд ал-Ғафар Ташкентте қыстап, ал көктем шығысымен қаладан шығып, Ордасын далалық өлкеге тігеді [Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХҮІ века. – Алма-Ата: Наука, 1985 с. 61].
ХҮІІІ ғасырдағы Кіші жүз ханы Әбілқайыр орыс үкіметіне Ор өзенінің бойынан Орынбор қаласын салдырғанмен онда өзі тек қысқы уақытта тұруды мақсат еткен. Демек, Тәуке ханның тұсында Ташкент, Түркістан қаласы қазақ хандығының діни саяси әрі сауда орталығы болғанымен, көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігі туралы саяси мәні бар мәселелер әлі де болса далалық жерде жиналатын үлкен құрылтайларда жүзеге асатын болған. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталатын тіркестің бір мағынасы да көшпелілердің маңызды мәселерді қала де емес, далалық жерде шешілетінен хабар береді.
Құрылтайда Ұлы жүзге Төле би, Орта жүзге Қазыбек би, Кіші жүзге Әйтеке билер қабылданған заңның орындалуын қадағалаушы көсемдер ретінде белгіленеді. Сондықтан «Жеті жарғыны» немесе «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген тіркестерді атағанда, қазақтың Үш жүзіне атақты билері- Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билердің есімдері еріксіз оралады.
Біздерге ауызша жеткен деректер «Жеті жарғыдағы» заң баптарын дайындауға аталмыш қазақтың атақты үш биінен басқа да билердің қатысқанын айғақтайды. Мұны кезінде Н.Гродеков жеті би деп атап өткен болатын. Қазақ аңыздарына сүйенген тарихшысы М.Тынышпаев «Жеті жарғыны» қатысуға аталмыш үш бидің қасына қырғыздан Қоқым, қарқалпақтан Сасық, Қатаған, Жайма руының би-көсемдерін қосады. Біздіңше, бұл аңыздық деректер шындыққа сәйкес секілді. Тәуке хан «Жеті Жарғы» баптарын жеті бидің көмегімен жасағанға ұқсайды. Ол билер құрылтайда қабылданған «Жарғының» орындалуын қадағалайтын болған. Сондықтан заң «Жеті жарғы» деп аталған. Өйткені «жарғы» деген сөздің түпкі мағынасы, бүгінгі біздер айтып жүрген «бап» дегенді білдірмейді. Оның мағынасы «жариялау, жарыққа шығару» дегенге саяды. Қазіргі қолданысымыздағы «жарлық» дегенді еске түсіріңіз. Жеті би жарлықты қадағалаушы болғандықтан «жарғышы» атанған. «Жарғышыдан» қазіргі қолданысымыздағы «жарғы»сөзі қалыптасқан. Айтпақшы, Жоңғар хандығында да әкімшілік істерге көмектесетін көмекшілерді «жарғышы» деп атаған [Моисеев В.А. Аталған еңбек, 36б.].
Тәуке ханның қазақ ру-тайпаларының басын рубасылармен келісімге келе отырып бір орталыққа бағындырған ісі халық көкейінен шығып, Могиялянды «Білге», Шыңғыс ханды «боғда», Алтын Орда ханы Жәнібекті «әз» деп атағаны секілді «Әз-Тәуке» деген құрметті атау береді.
Қазақтың ауызша жеткен деректемелерінде «әз» деген құрметтке ие болған екі хан бар. Бірі - Жәнібек, екіншісі – Тәуке. Қазақ аңыздарындағы «Әз-Жәнібек» деп атайтын тұлға Керей ханмен бірге қазақ хандығының негізін қаласқан тарихындағы Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орданың тарихындағы Өзбекұлы Жәнібек. Алтын Орда ханы мен қазақ ханының есімдері аттас болғандықтан Өзбекұлы Жәнібекке берілген «әз» атауы қазақ ханына ауысқан. Ал шын мәніндегі «әз» деген құрметті атауға атқарған тарихи қызметі мен миссиясы арқылы тек Тәуке хан ғана лайық еді. Қазақ хандарының тарихында «әз» деген құрметке ие осы - Тәуке хан.
Алтын Орданың ханы Өзбекұлы Жәнібекке «әз» деген құрметті атау «әділдігі мен дарқандылығы, ақ жолдан таймайтын адалдығы» [Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме.–Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 180 б.] және «ғажайып мұсылмандығы, ғұламалығы, ақылдылығы»[Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006. 114 б.] үшін тағылған болса, мұсылман дінін құрметтеуді алғаш рет далалық заң-жосық үлгілеріне кіргізген («Жеті жарғыға»), хандар мен рубасыларын бір орталыққа зорлық пен зомбылық, соғыс жолдары емес, бейбіт келісім, бәтуа сөздер арқылы біріктіруге ұмтылған, халықты ақылмен басқаруға көп күш асалған Тәуке ханға «әз» деген құрметті лақап есім берілген.
Қорыта келгенде, Қазақ хандығының Орта Азиядағы геосаяси тартыстарда ықпалды, тегеуірінді мемлекет болып толық қалыптасуы Әз-Тәукенің тұсында ерекше күшейген. Бұл тұста Қазақ хандығының құрамындағы ру-тайпалардың «қазақ» атты этникалық бірізділігі қалыптасқан көне әрі жаңа бірлестікті мемлекеттік нышандармен рәсімдеу актісі (құрылтай) жүзеге асқан. «Жеті Жарғы» - қазақ хандығының бір тұтас мемлекетке айналған, көршілес түркі тайпаларына елеулі ықпалы бар ел екендігін паш ететін саяси құбылысты рәсімдеген қазақтың тұңғыш құрылтайы. Бұл рәсімдеу актісі Күлтөбенің басында өтеді. Сол құрылтайдағы оқиғаның тарихи жаңғырығы халық жадында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген аңсар мен құрметке толы сөзбен шегеленген.
Алмасбек Әбсадықов, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры. Қостанай қаласы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір