• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 12:35:47
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2019 Ғылым-білім

Ғылым саласын ары да, қолы да таза адамдар басқарғаны жөн

Шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастауды талап еткеніміз жөн.

Бүгін, 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні «Әлеуметтік-гуманитарлық зиялы қауым өкілдері мемлекеттің қолдауына ие болып отыр ма?» деген сұрақ төңірегінде бір-екі ауыз сөз жазғымыз келеді.

Біз ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурстарға және білім-ғылым салаларындағы басқа да байқауларға бұған дейін де үнемі қатысып келе жатырмыз.

Алайда, ғылыми жобаларға қаржы бөлетін Ұлттық ғылыми кеңеске мүше болған адамдар ғылымға қарастырылған мемлекеттік ғылыми қаржылай гранттарды өз-өздеріне бөліп алып келеді.

2015-2017, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша конкурстың нәтижесіне кезінде көпшілік ғылыми қауым наразылық білдіріп, ғылыми гранттарға арналған байқаудың соңы үлкен дау-дамайға ұласқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Оның басты себебі – конкурста жеңіп шыққан, яғни тиісті Ұлттық ғылыми кеңестердің оң шешіміне ие болған көптеген ғылыми жобалардың ғылыми жетекшілері – сол Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамына енгізілген мүйізі қарағайдай, белгілі бір лауазымдарда отырған адамдардың өздері, анықтап айтқанда, мемлекеттік білім және ғылым мекемелерінде ірі-ірі қызметтердің тұтқаларын ұстап отырған, тірегі мықты тұлғалардың өздері болатын.

Сонда бұған қарапайым ғылыми қауым: «Бұлардың конкурсты өздері ұйымдастырып, оған өздерінің жетекшіліктерімен жасалған ғылыми жобаларды ұсынып, ақыр аяғында өздерінің жобаларын өздері жеңімпаз етіп шығарғандары қалай?» - деп таң қалып, наразылық білдірген еді.

Алайда, Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері өздерінің қолдарын өздері қалай кессін?

Елбасымызға дейін арыз-шағымдарын жолдап, жан-жаққа хат жазған ғалымдар шулап-шулап қойды.

Ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті наразылық білдірген ғалымдарды: «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ұсынылған ғылыми жобалардың барлығын бірдей қаржыландыруға қаржы жоқ», - деген сылтаумен шығарып салып, керісінше, жұртты шулатқан сол жобаларды одан ары қарай қаржыландыруды жалғастырып келеді.

Биылғы жылы осындай өзекті мәселелер бойынша мынадай жұмыс топтарының:

- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінде және оған бағынысты ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау жөніндегі;

- «Нұр Отан» партиясының Білімді және ғылымды қолдау мен дамытуға бағытталған іс-шараларды жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс топтарының құрамында жұмыс істеп, құзыретті мемлекеттік органдарға біраз ұсыныстарымызды жеткіздік.

2018 жылғы 26 шілде күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев еліміздің ғылым және білім саласындағы өткір мәселелерді әлеуметтік желіде ашық жазып, өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын жариялап жүрген бір топ ғалымдарды арнайы шақырып, кездесу өткізді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қабылдауында белгілі ғалым-әріптестерімізбен бірге біз де болдық.

Бұл кездесуде:

- 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде Ұлттық Ғылыми кеңестер мүшелерінің ғылымға арналған қаржыны өздерінің жобаларына бөлдіріп алғаны;

- Лайықты ғылыми жобаларды конкурстан өткізбей тастап, бұрмалаушылық іс-әрекеттер жасағаны;

- Осыған байланысты ғалымдардың наразылық танытқаны;

- Бұл жөнінде Елбасымызға хат жазған ғалымдардың Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің сол кездегі бірінші басшылары тарапынан қудалауға түскені;

- Тағы да басқа мәселелер туралы егжей-тегжейлі сөз болды.

Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы жанында гранттық қаржыландыруды қоса алғанда ғылымды қолдау мен дамыту шараларын жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды.

Біз осы жұмыс тобының 2018 жылғы 4 қыркүйек, 24 қазан күндері өткізілген отырыстарына қатысып, «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Заңының 9-шы бабына (Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі) және 10-шы бабына (Зерттеу университеті) толықтырулар мен өзгерістер енгізуді ұсындық.

Осы ұсынысымызды бүгін тағы да қайталағымыз келіп отыр.

Өздеріңізге белгілі, еліміздің «Ғылым туралы» алғашқы Заңы 2001 жылғы 9 шілдеде қабылданған еді.

Өз басымыз жоғары білім саласында қызмет істеп келе жатқан 25 жылдан бері университеттің ғалымы ретінде ғылымға қатысты нормативтік құқықтық актілердің қандай да бір әсерін немесе ықпалын сезінген емеспіз.

Біз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, басқа да мемлекеттік уәкілетті органдар, тіпті өзіміз қызмет істейтін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылары тарапынан ғалым немесе гуманитарлық зиялы қауым өкілі ретінде ешқандай да қолдау көрген емеспіз, жасалып жатқан қандай да бір жағдайды да байқамаппыз.

Профессор-оқытушыларға тек студенттер мен магистранттарға өткізген күнделікті сабақтарымыз үшін ғана жалақы беріледі.

Жоғарыда айтылғанындай, 2015-2017 және 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурстарға бірнеше рет ғылыми жобаларымызды ұсындық.

Алайда, біздің ғылыми жобаларымызға сарапшылар жоғары балл қойса да, грант жеңіп алған емеспіз.

Сонымен бірге университет басшылары жыл сайын профессор-оқытушылардың өз қаражаттары есебінен жариялаған ғылыми еңбектерінің тізімін және көшірмелерін жинап алады да, оларды жоғары оқу орындарына ғылыми жұмыстар үшін және басқа адамдардың ұтып алған гранттарына бөлінген мемлекет қаржысының жұмсалғанына есеп тапсыру үшін пайдаланады.

Осыған байланысты «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Заңының 9-шы бабына:

«Жоғары оқу орындары өзінің ғылыми қызметкерлеріне ғылыми қызметпен айналысуына қажетті барлық қолайлы жағдайларды жасауға міндетті.

Жоғары оқу орындарында қызмет істейтін ғалымдардың аудиториялық жүктемелері олардың ғылыми қызметпен шұғылдануына кедергі келтірмеуге тиіс.

Жоғары оқу орындарында қызмет істейтін ғылыми қызметкерлердің ғылыми қызметпен айналысуына қажетті жағдайлардың жасалуына жоғары оқу орындарының бірінші басшылары тікелей жауапты болады», - деген толықтыру енгізу қажет деп есептейміз.

Осындай толықтырулар «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Заңының 10-шы бабына да енгізілуі қажет.

Тағы бір өзекті мәселе – жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының ғылыми-зерттеулер жұмыстарын жүргізуге уақыты да, мүмкіндігі де, мемлекет тарапынан ешқандай қолдау да жоқ!

Үкіметіміз бекіткен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» іргелі және қолданбалы зерттеулердің кешенді және практикалық нәтижелілігін арттыру үшін жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті тиімді пайдаланылатыны жазылған.

Жоғары оқу орындарында ғылыми әлеует деген бар ма өзі қазір? Кімді алдап отырмыз?

Профессор-оқытушылардың студенттерге сабақ беруден қолдары босамайды. Таңертеңнен кешке дейін аудиторияларда жүреміз.

Жоғары оқу орындарының ғалымдарына деканаттың лаборанттарынан бастап ректораттағы сабақ кестесін түзетін қатардағы қызметкерлерге дейін барлығы бастық.

Қит етсе, профессор-оқытушылардың үстерінен лаборанттар мен әдіскерлер дереу арыз-шағым жазып, ректорлар мен проректорларға, декандарға жедел түрде жеткізіп тұрады.

Ал үш жылда бір-ақ рет өткізілетін ғылыми жобаларға мемлекеттік гранттар беру конкурсында тек қана Ұлттық ғылым академиясы мен Ғылым комитетінің басшыларына жақын жүрген адамдардың ғана ғылыми жобалары жеңімпаз деп танылып, қаражат сондайларға ғана бөлінеді.

Осындай жүйеден кейін жоғары оқу орындарында ғылым қалай дамиды?

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын өркендетеміз деген мақсатпен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша миллиондаған, миллиардтаған қаражат бөліну үстінде.

Ғылымға бөлінген сол қаржы қайда кетіп жатыр?

Осындай өзекті сұрақтар Ғылым комитетін басқарып отырған адамдарды ойландыра ма екен, өзі?

Ғылым комитетін басқарып отырған адамдар Елбасымыздың «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын, Тұңғыш Президентіміздің идеяларын, ғылым саласын тамыр-таныстық, рушылдық, жерлестіктің құрбанына айналдырып отыр.

Ғылым саласын ары да, қолы да таза адамдар басқаруы керек.

Сондай-ақ, шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастау қажеттігі - өздерінің ұлттық негіздегі еңбектерін қазақ тілінде жазатын ғалымдарды көптен бері толғандырып жүрген мәселе екені құпия емес.

Осы мәселені 2019 жылғы 19 ақпан күні "Нұр Отан" партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірге өткізілген "Нұр Отан" партиясы Сайлауалды бағдарламасының "Білім беру" бағыты бойынша Партиялық комиссиясының отырысында арнайы көтердік.

Ғылыми еңбектер бойынша мақалаларды шетелдік беделді басылымдарда жариялауды гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салаларынан талап ету еліміздегі гуманитарлық бағыттағы ғылымның дамуын кенжелетуге алып келіп отыр.

Атап айтсақ, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Отан тарихы, ұлт этнологиясы, қазақ журналистикасы, түркітану, тағы басқа тақырыптар бойынша жазылған PhD докторының диссертацияларын қорғау және профессор, қауымдастырылған профессор ғылыми атақтарын алу үшін шетелдік базаларға кіретін журналдарға ғылыми мақала шығаруды міндеттеу мүлдем орынсыз.

Шетелдік журналдар таза ұлттық сипаттағы ғылыми ізденістерге қызықпайды, ондай мақалаларды жариялауға құлықсыз, бұл тақырыптардағы мақалаларды бағалауға біліксіз.

Шетелдік ғалымдардың қазақтың әдебиетін, тіл өнерін, мәдениетін, тарихын, этнологиясын, басқа да салаларды жеткілікті дәрежеде білуі өте қиын.

Сол себепті гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салалары бойынша профессор және қауымдастырылған профессор ғылыми атақтарын алуға үміткер ғалымдардан өздерінің ғылыми еңбектерін шетелдік беделді басылымдарда жариялау талабын алып тастау керек.

Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Қ. Сұлтанов А. Тасболатов, Е. Бектұрғанов, Ә. Бектұрғанов және т.б. Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа арнап 2018 жылғы 19 желтоқсанда жарияланған Депутаттық сауалында арнайы айтылған еді.

Алайда Үкімет басшысының осынау Депутаттық сауалға берген ресми жауабында шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастау қажеттігі жөніндегі ұсыныс қолдау таппай отыр.

Ал гуманитарлық ғылым саласының ғалымдары Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің мұндай жауаптарына мүлдем риза емес.

Сол себепті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім және ғылым министрлігінен шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастауды талап еткеніміз жөн.

Ғылыми ортада қалыптасып отырған бүгінгі ахуалға Президентіміз, Үкіметіміз бен мемлекеттік уәкілетті органдар ерекше назар аударуы тиіс.

Мырзантай Жақып,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), Нұр-Сұлтан қаласы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір