• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:56:23
Алматы
+35°

15 Сәуір, 2019 Ғылым-білім

Тони Бьюзен: жад, жылдам оқу және мнемотехника

Мидың қызметін зерттеген ғалым қандай құпияларды ашты?

1942 жылы 2-маусымда дүниеге келген белгілі жазушы, жадтың әлеуетін арттыру бағытында жұмыс жасаған ғалым, жүздеген кітаптардың авторы және авторлар алқасының мүшесі Тони Бьюзан үстіміздегі жылдың 13-сәуірінде өмірден озды.

Бьюзен Лондондағы Китсилано мектебінің түлегі болып есептеледі. Орта мектепті тәмәмдаған соң Тони психология, ағылшын тілі, жалпы ғылым және математика бағыттары бойынша Колумбия университетіне екі диплом жеңіп алады.

Тони Бьюзен «Өзіңді ойлауға үйрет» атты кітабы арқылы көпшілікке танымал. Кітапта мидың жұмыс жасау жүйесі мен «жад картасы» тәсілі сөз болады.

2006 жылы желтоқсан айында «жад картасын» қолдау мақсатында iMindMap атты бағдарлама жасалды.

ВВС арнасындағы сериялық бағдарламалардан кейін Бьюзеннің идеялары мен кескін-келбеті күллі ғаламға мәшһүр болды. Тіпті, ол айтқан идеялардың салмағы бес кітапқа жүк болыпты-мыс. Олар: «Өз жадыңызды пайдаланыңыз», «Есте сақтау қабілетіңізді дамытыңыз», «Өзіңді ойлауға үйрет», «Жылдам оқудың жолдары» және «Жад картасы» туралы кітап».

Тони Бьюзен мидың жалпы функциясының кең ауқымда жұмыс жасауын, есте сақтау қабілетін арттыру жолдарын, оқу жүйесін, шығармашылық үдерісті, жасамыс жандарға жадтың мүмкіншілігін арттыру жолдарын зерттеп, осы бағыттарда дәрістер өткізді.

Әлемге танымал психолог ми мен оның жұмысы, рухани интеллект, жад, алабөтен ойлау және жылдам оқу турасында теңдессіз дүниелер жазды. Оның авторлығы бар жүздеген еңбектер бүгінде ғаламның бұрыш-бұрышында оқырманның қызығушылығына ие.

Автордың ғалам жұртшылығына танымал ең үздік төрт кітабы:

1. «Жад картасы. Емтиханға дайындық»

2. «Интеллект пен жадты дамытуға басшылық. Білім алудың ең қысқа жолы»

3. «Супер-жад. Жадты дамыту мен жетістікке қалай тез жетуге болады?»

4. «Балаңыздың табиғи данышпандығын ашыңыз»

Әлемдік деңгейдегі тұлғаның біздің елде де шәкірттері бар екен. Ұстаз тұтып, психологтан білім алған қандастарымыздың бірі – Бүкіләлемдік Жад чемпионатының тренері Асылзат Мүлкібаева.

Асылзат Мүлкібаева жылдам оқу, жад, MindMap бойынша Тони Бьюзеннің батасын алған, Тонише дәріс беруге рұқсаты бар сертификатталған тренері-шәкірті болып саналады.

«Менің ұстазым – Тони Бьюзен 76 жасқа қараған шағында дүниеден озыпты.

Ол әрдайым бүкіл әлемде жылдам оқу сауаттылығын арттыруды қалайтынын айтатын. Осы жолда біз оның ақылды әрі сауатты жауынгерлері екенімізді жасырмайтын.

Интеллект-картасын жасау арқылы ол мнемотехника саласының дамуына үлкен үлес қосты. Көпшілік біле бермейді, біздің ұстаз ежелгі гректердің есте сақтау техникасын жаңғыртқан еді. Сондай-ақ, Бүкіләлемдік Жад чемпионатының негізін қалады.

Мен осындай адаммен жолығып, осындай тұлғадан білім алғаныма дәнризамын. Оның көздеген миссиясы одан әрі жалғаса беретініне сенімдімін», -деп жазды Асылзат Мүлкібаева өзінің инстаграм парақшасында.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір