• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Қыркүйек, 01:52:37
"Шетелде оқу – өмірлік миссия мен қызметтік жолыңызды тануға көмектеседі"

16 Сәуір, 2019 Кәсіпкер

Холакратия: басшысыз жұмыс жаса және өзіңді өзің биле!

Басшы алдында бұға бермейтін уақыт келді. Жаңа жүйемен таныс бол!

Технологиялық компаниялардың көпшілігі өз тауарларының инновация көшінен қалмай дамуына және әрдайым толықтырулар енгізіп тұруға ғана емес, ішкі үдерістердің де орнықты болуына көп көңіл бөледі. Жаңашылдықтарды қабылдап, жаһандық дамудың жолына алғаш түскендердің бірегейлері - Zappos, Medium, GitHub сынды компаниялар. Аталған алпауыт ұйымдар ұжым ішінде менеджерсіз, қадағалаушысыз басқару жүйесі – холакратияны орнатқан.

Компанияға холакратиялық басқару жүйесіне көшу қандай пайда әкелетіні туралы және өзгеру үдерісі барысында agile-тәсілдер қаншалықты көмектесетіні жайлы талдап көрелік.

Холакратияның жалпы әлеуметтік танылымы Қазақстанда өте төменгі деңгейде. Өйткені, біздің елдегі басқарушы мен бағынушы жүйесі әлі де өз күшінде, тіпті, күн санап дамып келе жатқандай. Әлемнің бірқатар мемлекеттері, оның ішіндегі жетекші компаниялар холакратия жүйесі менеджерлердің штатын қысқартып, әрбір қызметкердің өз ісіне деген жауапкершілігін арттырады деген сенімде.

Холакратия қашан пайда болды?

Холакратия идеологтары ретінде белгілі кәсіпкерлер Брайан Робертсон мен Том Томисон саналады. Дәл осы екі азамат 2007 жылы HolacracyOne деп аталатын компанияның негізін салған. Ал арада екі жыл өткенде, 2009 жылы олар осы модельде жұмыс жасайтын ұйымдарға арналған «Холакратия конституциясының» алғашқы нұсқасын жариялады.

Холакратия – төмендегі қасаң қағидалардан ада компанияларда бизнес үдерісті ұйымдастыру жүйесі:

Басқарушы мен бағынушы қатынасы;

Менеджерлерге өзгелерді бақылау ғана тапсырылатын;

Бөлімдер мен департаменттер кіші компания кейпіне айналған;

Қызметкерлерге қосымша әрі ұдайы тапсырмалар берілетін.

Көрсетілген дүниелердің орнына холакратия төмендегі бағыттарды ұсынады:

Билікті орталықтандыруды, әрбір қызметкердің негізгі шешімді қабылдауға әсер етуін;

Қызметкердің негізгі жұмысынан бөлек атқарылатын 4 басқару бағытын;

Қызметкерлер шешім қабылдау үшін бірігетін алаңдарды;

Қызметкердің әлеуетіне қарай бірнеше рөлді атқаруға мүмкіндік беруді.

Холакратия жүйесіндегі басқарудың 4 тәсілі

Холакратия жүйесінің негізгі идеясы – ерік-жігері бар, жұмысқа деген, дамуға деген, өсуге деген құлшынысы басым азаматтардың ешбір басқарушысыз жұмыс жасайтын орта құруы.

Бұл жерде менеджерлердің міндеттері 4 бағытқа бөлінеді.

Lead Link. Бұл қызметкер іштегі жұмысшылардың сырттан ақпарат алуына немесе ортаға жаңа кадр алып келуге, егер мамандар үлгермей жатса, олардың міндетін өзі атқаруға бекітілген.

Rep Link. Кері байланыс «арнасы» - іштегі мәселелерді сыртқа шығарып, негізгі басшылыққа жеткізу. Бұл жетекшіні орта мүшелері тағайындайды.

Secretary. Кездесулерді тағайындап, түрлі нәтижелер мен есептерді жинайтын орта мүшесі.

Facilitator. Ортаның көшбасшысы. Бұл көшбасшы да орта мүшелерінің таңдауымен сайланады.

Аталмыш жүйеде қызметкерлердің әрбірі өз функциясын мүлтіксіз жүзеге асыруы тиіс. Егер қызметкер жұмысын игеріп кете алмаса, оны Lead Link жұмыстан шығарып жіберуге құқылы.

Холакратияның негізгі мақсаттарының бірі – адамға өз қабілетін шыңдауға еркіндік беру және бағынышты жұмысшылардың құқығын қорғау.

Холакратияның да кемшіліктері аз емес. Мысалы шешім өте баяу қабылданады. Өйткені, әр орта өздеріне қатысты шешім қабылданар тұста дауысқа салып, пікірлерін айтып, келіспегендер табылса, шешім қайта қаралуға жіберіледі.

«Agile» деген дүниені естігенсіз бе?

Иә, холакратиямен бірге жасасып келе жатқан тәсілдердің бірі. Әр жұмысты өзінің негізгі маманы істеу керек, оның жұмыстан ләззат алуы маңызды әрі оған бәрі ыңғайлы болуы тиіс дегендей.

Қазақ оны баяғыда айтып кеткен. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген...

Аgile-тәсілді қолдану арқылы «Райффайзенбанк» секілді ресейлік ірі ұжымдар да холакратияны енгізу үдерісін өткізуде.

Алғашқыда менеджерсіз ұжым құру қиын. Бірақ «менеджерлердің жаңартылған түрімен» жұмыс жасау тәжірибесі холакратия жүйесіне бір табан жақындата түспек.

Холакратия – тәуекел жолы

Ескі жүйе қалыптасқан қоғамда холакратияны орнату үшін маңдай тер мен табан ет еңбек керек.

Мысалы, жаңа жүйеге көшсеңіз, сіздің компанияңыздағы ескі жүйенің қызметкерлерінің көпшілігі үйренісе алмағандықтан, жұмыстан шығады. Сол үшін жаңа жүйені енгізерден бұрын жалпы ұжым қызметкерлеріне бұл жүйенің артықшылығын түсіндіру керек.

Мансаптық өсуді көздейтіндер холакратия жүйесі орнаған ұжымда қалмасы анық. Мысалы, Zappos компаниясы холакратияны қабылдағаннан кейін қызметкерлерінің 14 пайызы өз еркімен жұмыстан кеткен.

Қазақстандық компаниялар холакратиялық басқару жүйесіне көшуді жөн деп тапса, алдымен, аgile-тәсілді қолданысқа енгізген жөн. Сол кезде тұтынушының да, қызметкердің де, басшысымақтардың да жаңа жүйеге көзі үйреніп, қалыпты жағдайда қарайтын болады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір