• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:06:59
Алматы
+35°

18 Сәуір, 2019 NEWS

Азат Перуашев Гүлшара Әбдіқалықоваға хат жолдады

Азат Перуашев Үкіметке тарихи атаудың қайтарылуына дәлелдер келтірді

Азат Перуашев Үкіметке тарихи атаудың қайтарылуына дәлелдер келтіріп, Қазақ Республикасының 100-жылдығын өткізуді қайта ұсынды, деп хабарлады "Ақ Жол" партиясының баспасөз қызметі Qamshy.kz ақпарат агенттігіне.

Азат Перуашев Үкіметке тарихи атаудың қайтарылуына дәлелдер келтіріп, Қазақ Республикасының 100-жылдығын өткізуді қайта ұсынды – тиісті хат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықоваға жолданды.(хаттың мәтіні төменде берілген).

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Г.Н. Әбдіқалықоваға

Құрметті Гүлшара Наушақызы

Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи тамыры тереңде жатқаны баршамызға мәлім.

Бүкіл адамзаттың дамуына әсер еткен арғы аталарымыздың жаңашылдығын жуырда ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ашып көрсетті.

«Мәңгілік Ел» идеясының арқасында Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын мерекелеу барысында олардың ұмтылысын ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатына теңеді.

Алаш Орданың дәл осы бұрынғы жетекшілері Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізіп, болашақ республиканың территориялық тұтастығы үшін күресті. 1920 жылы тамыз айында Мәскеуде СовНарКом-ның отырысында шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі белсене қатысты. Олар Әлихан Бөкейхан жүргізген ғылыми экспедицияларда жинастырған деректерге сүйеніп, қазақ жерінің халқымызға тиесілі екенін дәлелдеп шықты.

Зор еңбектің нәтижесінде, сол жылы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Республикасы құрылып, ал 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың байырғы аталымына сәйкес Қазақ АКСР-і деген атау берілді.

Құрметті Гүлшара Наушақызы!

Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының (АКСР, кейін КСР) құрылғанына 100 жыл толады.

Осыған ұқсас негізде, былтыр Әзірбайжан Республикасы өзінің 100 жылдығын атап өтсе, ал биыл Ресей президенті В.Путиннің ресми жарлығымен «Алашорданың» құрдасы – Башқұрт Республикасы 100-жылдығын тойлайды.

Осы орайда, «Ақ жол» Демократиялық партиясы:

1) Қазақ Республикасының 100 жылдығына мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлініп, бұл датаны лайықты деңгейде атап өтуді ұсынады: ғылыми конференциялар ұйымдастыру, оған себепкер болған қайраткерлердің еңбектерін жариялау, олардың есімдерін көшелер мен мекемелерге беріп, пошта маркілерін, естелік монеталар шығару және т.б.

2) Республиканың 100 жылдығы шеңберінде өткізілетін іс-шаралар мен қолданылатын бұйымдарға «Қазақ Республикасы» атауын ресми түрде пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Мұндай ұсыныс білдіруімізге негіз болып отырған:

а) «Қазақстан Республикасы» деген сөз тіркесін бұл мерейтойда қолдану мүмкін емес. Тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ол «Қазақ АКСР», «Қазақ КСР» атауларының түпнұсқасына пара-пар емес және де ресми атау ретінде 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана пайда болған.

б) Республиканың 100 жылдығы аясында қолданылатын атаудың негізін тарихи тұрғыда түпнұсқаға пара-пар етіп алу қажет (Қазақ АКСР, Қазақ КСР). Яғни, одан өтпелі («Қырғыз», «автономиялы») және идеологиялық («кеңестік социалистік») терминдерін алып тастап, алайда мемлекеттік құрылымның құқықтық формасы (республиканы) қалдыру керек. Осы себепті, іс-шаралар кезінде «Қазақ Республикасының 100 жылдығы» атауын пайдалану қажет деп санаймыз.

Тіпті тоталитарлық биліктің өзі мойындаған «Қазақ Республикасы» байырғы терминін ресми түрде қолдану – тек тарихи шындыққа сүйену ғана емес, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін.

Құрметпен,

Фракция басшысы,

Депутат                                                                                                    А.Перуашев

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір