• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:45:00
Алматы
+12°

18 Сәуір, 2019 Кәсіпкер

Байлыққа ұмтылу: өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары қандай?

Ескі сарқыншақтан қалған «байлар жаман» дегенді қоюымыз керек.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі "Bai-Quat" инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі - Сайлау Абайділданов азаматтардың қаржылық сауаттылығы жөнінде, ұлт қанындағы қасаң қағидалар жайында көлемді сұхбат жүргізген-ді. Оқырманға қолайлылық жасау мақсатында сұхбатты тақырыпшалармен бөліп бергенді жөн көрдік. 

Біз бай болғымыз келеді. Күн сайын дәулетті болудың жолдарын іздеп, түрлі ақпарат көздерін ақтарып, табысты арттырудың сырларын кітаптардан қарап, бизнес-мотиваторлардың тренингтеріне құлағымыз түрік жүретіні шындық. Алайда өз қаражатымызды басқаруға келгенде түрлі сәтсіздіктерге ұшырап, ісіміз кері кетіп жатады. Мұның барлығы қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан немесе байлық іргетасының дұрыс қаланбауынан. Есепсіздің есесі кетеді деген сөз осы орайда айтылса керек.

Бүгінде несиеге тәуелділік есірткіге тәуелділік сияқты өршіп барады. Әрбір 10 адамның 8-нің басында несие бар. Қарызға бату оңай.  "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған Ұлттық банк деректеріне сәй­кес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банк­терге 6 триллион теңге қарыз екен.­ Сонда жан басына шаққанда әр қа­­­зақ­­стандықтың орта есеппен 900 мың тең­геден аса борышы бар. Бұл ойланатын жағдай.

Осы орайда қарыз алмай, несиеге батпай, қаржылық сауаттылығымызды арттырып, өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Оның жауабын "Bai-Quat" инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі - Сайлау Абайділдановтан сұрап білдік. Қаржылық сауаттылықты қазақи ұғымдармен түсіндіріп, өз табысыңызды басқаруды қарапайым тетігін ұғындырып жүрген Сайлау Абайділданов былай дейді.

"Байлар жаман" деген санадағы сарқыншақтан арылуымыз керек

Бүгінгі күні жеке қаржыны дұрыс басқармаудың салдарынан біздің мемлекетімізде қаржылық тапшылық көріп жүрген адамдар өте көп. Осындай бай, қуатты мемлекетте кедей адамдар неге басым деген сауал туындайды.  Біздің еліміз қазба байлықтары жағынан өте бай мемлекет. Үлкен мемлекетте аз ғана халық тұрамыз. Біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы болу керек.

Жеке қаржының айналасында жүрген соңғы 10 жылда осы туралы көп ойландым. Қазақта "өзің білмегенді кісіден сұра" деген жақсы мақал бар. Сол себепті осы мәселе бойынша білетін мамандарға да сұрақтар қойдым. Бұл жерде бірнеше маңызды мәселе бар. Бірінші, ең үлкен маңызды мәселе біз Кеңестер Одағының өніміміз. Бірақ жастар бұл санатқа жатпайды. Біздің әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз 70 жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болды.  Сол себепті кеңестік идеология санамызға сіңіп қалған. Кеңестер одағының ең бірінші бағыты бай адамды жаман етіп көрсету болды. Бұл мәселе бізде әлі күнге дейін қалды. Соңғы 30 жылдан бері осыдан арыла алмай келе жатырмыз.

Біз Тәуелсіздік жариялағаннан кейін капиталистік дәуірге өттік. Заңдарды ауыстырдық. Үйлеріміз, көшелеріміз басқаша бола бастады. Шетелге адамдар шыға бастады. Бәрі ауысты, бірақ біздің халқымыздың санасы ауыса қоймады. Бірақ, 30 жылдың ішінде капиталистік заманды дұрыс түсінетін, алға қарай ілгерлеп, жаңашылдықты жақсы көретін бүгінгі күннің адамдары арамызда пайда болды. Олар біздің қоғамымыздың жасаушы күші – бизнесмендер. Бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыра алмаймыз. Біз бүгін қанша жағдайымыз нашар десек те алға қарыштап дамыған мемлекетпіз. Бізде үлкен буын тәуелсіз Қазақстанда туған адамдар өсті. Осының барлығын саралап қараған уақытта ескі сарқыншақтан қалған "байлар жаман" дегенді қоюымыз керек.

Қазір азаматтардың жеке қаржы кеңесшісі деген заман талабына сай жаңа мамандық иесі пайда болды. Біз сол жаңадан пайда болған мамандықтың иегерлеріміз. Бізге заң тұрғысынан заңгер, денсаулығымызға байланысты дәрігер  қалай керек болса, жеке қаражатты басқару үшін қаржы кеңесшісі керек. Қаржы кеңесшісі сізге ең басты мәселелерді түсіндіріп, қаржы ілімінің ара-жігін ажыратып, негізгі іргетасын айтып береді.

Бай болу үшін – бай болуға әдеттеніңіз

"Қаржы бұлақтары" деген мағына - ол жеке қаржының іргетасы. Қазір адамдардың көбісі байлық ақша деген уақытта көздері алдымен құралдарға түседі. Ешқандай ақшасы жоқ, қаржылық білімі жоқ адамдар "мен Биткойнмен (Bitcoin)" айналысамын деп айтады. Менің 30 жылдық қаржылық тәжірибем бар, алайда мен Биткойнмен айналыспаймын. Себебі мен оның маманы емеспін. Ол бар болғаны қаржылық құрал. Қаржылық құрал сізді ешқашан бай қылмайды. Сізді бай қылатын сіздің түйсігіңіз. Бай болу үшін - бай болуға әдеттену керек.

Дәулетті болудың екі қағидасы бар: Бірінші қағида – үнемі ақшаңызды жинап үйреніңіз. Екінші қағида - сол жиналған ақшаңызды инвестиция жасап үйреніңіз. Осы екі қағиданы бұлжытпай орындайтын болсаңыз сіз міндетті түрде бай боласыз. Мен айтқан мәселенің ең түпкі тамыры мынада: ең алдымен сіздің түйсігіңіз белгілі бір бағдарламаны орындайды. Сіздің үйде, мектепте алған тәрбиеңіз кейін сіздің қаржылық бағдарламаңызды жазады. Қаржылық бағдарлама жазылған соң міндетті түрде орындалады. Сол үшін ең алдымен түйсігіңіздегі бағдарламаны өзгертуіңіз керек. Ол неге жүзеге аспайды? Себебі, сіз осы туралы білетін маманнан кеңес алған жоқсыз немесе жақсы бағдарламаны қабылдап, ол туралы оқыған емессіз.

Бірінші қағида бойынша сіз ақша жинап үйренуіңіз керек. Ақшаны жинаған дұрыс. Ол дағдыға айналады. Мысалы, сіз жүгіре аласыз. Сіз туа салып жүгіріп кеткен жоқсыз. Жүгіруге дағдыландыңыз, белгілі бір жаттығулар жасадыңыз. Жүгіру дағдысы сіздің ішкі жан дүниеңізде бар. Ақша жинауда жүгіру сияқты дағдыңызға айналу керек. Адам дағдыланса оны автоматты түрде жасайды. Сіз оймен емес, дағдыңызбен ғана бай бола аласыз. Бірінші, дағдыланып ақша жинадыңыз, сол жиналған ақшаны апарып қымбат көйлек алмайсыз, ұлан асар той жасап шашпайсыз. Сіз оны инвестиция жасайсыз. Оған да дағдыланасыз.

Инвестиция дегеніміз мен айтқан cash flow, яғни «қаржы бұлақтары». Сіздің жеке қаржыңызда алғашқы қаржы бұлағы пайда болды. Менің клиенттерімнің ішінде 30-50 қаржы бұлағы қалыптасқан адамдар бар. Ай сайын олардың жеке өміріне ақша өзен болып ағып тұр. Шөл далада жүрген миллиондаған қазақтарға айтарым осы. Ең басты мәселе қаржы бұлағының көзін ашу керек. Ол көп болған сайын сіздің қаржылық өзеніңіздің толымдылығы молаяды.

 инвестиция

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір