• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Шілде, 05:43:24
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

22 Сәуір, 2019 Кәсіпкер

Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес

Жұмысшының уақыты бағаланып, еңбекақысы желінбейді бұл жүйеде.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматыдағы kaizen орталығының жұмысы жайлы көп сериялы мақалалар беруді қолға алды. Аталмыш орталықтың басты миссиясы – кайдзен түсінігінің кеңірек таралып, қолданысқа енуіне септік ету.

Жапониялық жүйемен жұмыс жасап, тасын өрге домалатып отырған өндіріс орындарының бірі – «Алматы желдеткіш зауыты» екенін естігелі бері көзбен көріп, қолмен ұстауға деген құлшыныс артты.

Кайдзен жүйесіне деген қызығушылық Алматы маңындағы Қоянқұсқа қарай құстай ұшырған-ды. Таксилетіп жетіп, еңселі көк қақпадан өткен кезде-ақ бірізді тәртіптің, жолға қойылған жүйенің иісі келеді.

Алдымыздан күтіп алған зауыттың сату бөлімінің басшысы Исмаилов Берік ішке бастады. Мұнтаздай таза кеңсе, кіреберістегі маңызды құжаттар мен алғыс хаттардың, сертификаттардың көрінісі жүйенің нәтижелілігін тағы бір дәлелдеп үлгерді.

Біздің мақсат – өндірістегі кайдзен жүйесінің қаншалықты жұмыс жасайтынын, жұмыс үдерісін көру, жаңашылдықпен танысу.

Зауыт басшысы Нұрғали Қанатұлымен жүздесіп, аз-кем әңгімеге кезек бердік. «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС басшысы нарық жайымен, жалпы кайдзен жүйесінің тәртіптерімен, экспорт мәселесімен, қызметкерлерді бағалау жүйесімен таныстырды.

Көзге түскен тағы бір ерекшелік – зауыт басшысының алдындағы жұмыс үстелінде желдеткіш туралы журналдар, брошбралар, әсіресе желдеткіштің бірнеше бөлшектерінің жатуы. Бұл іскер адамның негізгі қасиеттерінің бірі болуы шарт деп бір түйдік.

Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша сәл кейінірек сайт бетінде сұхбат жарық көреді.

Зауытты таныстыруға сату бөлімінің менеджері Ренат Самаджиев бастады. Кішігірім дәлізден өткеннен кейін-ақ атшаптырым өндіріс ошағы көрінді. Ішінде сапырылысқан қимыл жоқ. Бір-бір нүктеде өз істеріне шұқшиған каскалы қызметкерлер.

Әрі қарай әрбір бөлімді жеке-жеке таныстыралық

Асхана жайы

Ас ішілетін орын кең орналасқан. Түскі ас уақытында зауыт қызметкерлеріне арнайы уақыт беріледі. Белгіленген уақыт ішінде жұмысшылар 50 пайыздық жеңілдікпен қалаған тағамымен ауқаттануына мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, тәулігіне өндірісте жұмыс жасайтын барша қызметкерлерге тегін айран беріледі. Бұл үрдіс азаматтардың металлдың, токтың, бояудывң айналасында еңбек ететінін ескеріле отырып қалыптасқан.

Киім ауыстыру бөлмесі

киіну бөлмесі

Бұл бөлмеде қабырға жағалай арнайы шкафтар қойылған. Және қажеттілік туындаған уақытта олар лас киімдерін жаңасына ауыстыра алады. Ауыстыру жиілігі 3 күн. Қызметкердің тегі жазылған арнайы ұяшыққа кір форма тасталып, жаңасына ауыстырылады.

Бұл – мекеменің қызметкерге деген құрметі.

Зауыттағы үдерістер

Өндіріс ошағына кіреберісте тұрып каска киіп алдық. Ренат әрі қарай таныстыра бастады.

Сары сызықтар сыры

сары сызық

Шаршы тәріздес орналасқан үлкен өндіріс ошағының тас еденінде әртүрлі бағыттарға қарай созылған сары сызықтар қызығушылығымызды қытықтады.

Көзімізден сұрақ байқаған болу керек, Ренат іле-шала түсіндіре бастады. Айталық, сары сызықтардың ортасы ғана кез-келген адамның жүруіне рұқсат береді. Сары сызықтан оңға немесе солға қарай шығу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы киімдер мен көзілдірікті, касканы кию керек.

Сары сызықтан кедергісіз өту «бақыты» сол аймақтың мамандарына ғана бұйырған.

Қызыл сызықтар құпиясы

қызыл сызық

Екінші көзге түскен ерекшелік – әрбір жұмыс үстелінің, техникалардың орыны қызыл сызықтармен белгіленген. Одан тысқары жылжуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, әр жұмыс үстелі әр маманға тиесілі. Мысалы, дәнекерлеуші бөлек орында, оператор бөлек орында дегендей.

Әрбір жұмысшының алдындағы қабырғада немесе оның жұмыс үстелінде әрекеттердің сурет арқылы, жазу арқылы көрсетілген стандарттары, тәртіптері, талаптары тұр. Артық-кем жасаудың қажеті шамалы. Көзіңмен қағидаларды бір шолып өт те, жұмысыңды жалғастыра бер.

5С қағидасы

Оқырманға түсінікті болу үшін кайдзен жүйесінің «Алматы желдеткіш зауытының» қолданысында бар 5С қағидасы туралы сөз қозғай кетелік. Мысалдарды темір жонушының тақтасынан келтірейік.

1С – «Ірікте, керексізінен арыл»

«Керексізін қызылмен белгіле - лақтыр!

Қалдырғаныңды тиімді пайдалан!»

Аста-төк шығынға жол жоқ екенін ескертеді.

2С – «Жұмыс орынын жаса!»

«Жолдас, ұжымыңды ұялтпа,

Орынын белгілеп, орынына қой!»

Бұл тіркестер қызметкердің есіне бірізділікті, жинақылықты сақтауды салады.

3С – Жұмыс орыныңды таза ұста!»

«Басқаларға үлгі көрсет ісіңмен,

Жұмыс орынын таза ұста, артық қоқыс түсірме!»

Айта кету керек, зауыт тәртібі бойынша әрбір жұмысшы өзінің белгіленген аймақтағы жұмыс орынын уақыт аяқталғанда жинап қоюы тиіс.

4С – «Қалыпқа келтір!»

«Жұмыс орыны – жәшік емес керексізді салатын,

Тәртіп болу керек затты оңай тауып алатын».

Әрбір құралдың атауы жазылған арнайы орыны бар. Бей-берекет жинастыруға жол жоқ.

5С - «Жетілдір!»

«Темір жонушы болсаң да, басқарушы болсаң да, жұмыс орыныңды жетілдір!»

Бұл өз қызметіңе деген махаббатың болсын дегенді меңзейді.

Шикізаттан өнімге дейін

1-қадам

«Алматы желдеткіш зауытының» қызметкерлері күніне 16 желдеткіш жасайды. Олар көлемі жағынан, атқаратын функциясы жағынан алуан түрлі. Олар алдын-ала берілген тапсырыс бойынша жоспарлы түрде жасалады.

Ең алдымен, алюминий панельдер қоймадан шығарылып, Германиядан және Қытайдан әкелінген жону және лазерлі кесу аппараттарына жөнелтіледі. Немістің «Trumatic 500» құрылғысы панельді тегістеп, оған орнықты болуы үшін кішкентай кертіктер салады.

Ал «TruLaser 1030» құрылғысы алюминий панельдерді қажетті формаға сай кеседі. Ең басты артықшылығы – кесілген орындардың тегіс шығуы.

Қос аппарат та компьютер арқылы, арнайы бағдарламалар көмегімен жұмыс жасайды. Құрылғылар жанында операторлар қадағалап тұрады.

2-қадам

Әр түрлі бөлшектер шаң-тозаңынан арылып жуылады да, арнайы бояу аппаратына жеткізіледі. Боялған бөлшектер құрастыру алаңына жеткізіледі. Сол жерде желдеткіштің жалпы пішіні қалыптаспақ.

3-қадам

Әрі қарай кесілген панельдер құрастырылып, желдеткіштің сыртқы нобайын шығарады. Ал онымен бір уақытта желдеткіштің қозғалтқыштары жиналып жатады.

Одан әрі сыртқы қалып пен қозғалтқыш біріктіріліп, бұрандалармен бекітіледі.

4-қадам

Құрастырылған желдеткішті арнайы тексеріс алаңында токқа қосып, сынақтан өткізеді. Егер ешқандай ақау шықпаса, бақылаушы жарамды деп таңба қояды.

Тапсырыстар номерленіп отыратындықтан, өнім қапталған соң бақылаушы оның сыртына тапсырыс номерін жазады.

5-қадам

Тексеруден сәтті өткен желдеткіштер қаптау, орау алаңына жіберіледі. Сол жерде өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заттар арқылы желдеткіш қапталады. Содан кейін астына ағаш тұрғы қойылған дайын өнім арнайы орынға жеткізіледі.

Міне, осы жерден арнайы номерлері бойынша тапсырыс берушілер желдеткішін алып жөнеле бермек.

Қарапайым қызметкерлер Ұлыбританияда

Кайдзен жүйесінің бір талабы – шексіз даму үдерісінде болу. Осы талапты орындау мақсатында «Алматы желдеткіш зауытының» дәнекерлеуші мамандары Ұлыбританияда шеберліктерін шыңдап қайтқан.

Олар қазір шетелдіктердің үздік тәжірибелерін өздерінің жұмыс істеу тәсілдеріне кіріктіріп, еңбек өнімділігін арттырған.

Бұдан бөлек, барлық мамандарға өздерінің бағыты бойынша квалификацияны арттыру курстары, тренингтері өткізіліп тұрады.

Қызметкер ұсынысы үшін ақша алады

тақта

Зауытта қызметкерлермен кері байланыс тақтасы бар. Жұмыс барысындағы кейбір үдерістерді жеңілдету үшін қызметкерден тікелей басшылыққа ұсыныстар жасалынады.

Тиімді ұсыныс жасаған қызметкерге басшылық тарапынан бонус ретінде қаражат есептеледі.

Жұмыс жаса да, шексіз жалақы ал

Кайдзен жүйесі қызметкер мүмкіншілігін шектемейді. Қызметкер барынша өнімді жұмыс жасаса, негізгі жалақысына қосымша ретінде сонша ақша табады.

Бұл үрдіс «Алматы желдеткіш зауытында» да жолға қойылған. Зауыттың қарапайым жұмысшысы мен бас директоры аралас-құралас жүрген жерде берекенің болары анық.

Кайдзен көмегімен кәсібін 40 пайызға ұлғайтқан Нұрғали Қанатұлымен сұхбат жақын арада сайт бетінен жарық көреді. «Алматы желдеткіш зауытының» қызметкерлерді бағалау, өнімділікті арттыру, жұмысшылармен тіл табысу сынды тақырыптар сұхбатта қаузалады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір