• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:26:41
Алматы
+12°

21 Сәуір, 2019 Экономика

Бізге несие алудың қажеті жоқ: қаржыгер себептерін санамалап берді

Мен жеке қаржыгер ретінде халыққа айтарым, несие алмаңыздар. Кредит - сізді қу тақыр кедейлікке алып баратын тура жол.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі "Bai-Quat" инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі - Сайлау Абайділданов азаматтардың қаржылық сауаттылығы жөнінде, ұлт қанындағы қасаң қағидалар жайында көлемді сұхбат жүргізген-ді. Оқырманға қолайлылық жасау мақсатында сұхбатты тақырыпшалармен бөліп бергенді жөн көрдік.

Бірінші бөлімге сілтеме: Байлыққа ұмтылу: өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары қандай?

Екінші бөлімге сілтеме: Кешегі бай қазақтың ұрпағы бүгін неге кедей? Қаржыгер жауап береді

Балаларды қаржылық сауаттылыққа мектепке бармай тұрып үйреткен жөн

Баланы ең алдымен еңбекке баулыңыз. Қазір балалардың барлығы қызығатын копилка деген дүние бар. Ол копилканың міндеті - бірінші қағида бойынша үнемі ақша жинау. Әкесі келген соң баласына тиын береді. Ол копилкаға салды. Бірақ копилкадан шыққаннан кейін оған велосипед алып беруі мүмкін. Осы жерде балаға айту керек, көрсету керек. Мынау сенің алғашқы капиталың, мынау сенің болашақтағы ақшаң, оған біз саған депозит ашып қояйық деп бағыттасын. Немесе қазір алтын бар емес пе? "Балам саған 5 грамм алтын алып берем. Бұл сенің өзіңнің жинаған ақшаң, біз сені алтынға инвестиция жасауды үйретейік", - десін. Ол ақшасын жинап бірінші қадамын жасап тұр. Сосын әкесі баласының оқуына, тойына ақша жинайды. Мұны алғашқы қаржылық жоспарлау деп атаймыз. Бала тәрбиесіне келгенде мен әкемнің айтқанын істеген жоқпын, мен әкемнің істегенін істедім. Балаңызды бай болуға тәрбилеймін десеңіз, бүгіннен бастап өзіңіздің жеке қаржыңызды басқарыңыз, ақша жинаңыз. Ақшаны инвестиция жасаңыз. Балаңыз өскен соң оған үйретудің қажеті жоқ, ол өзі де соны істейді. Біздің ата-бабамыз мың жылдай балқып-шалқып  өмір сүрді. Неге? Себебі оларда жазылмаған кодекс болды. Бала ақыл тыңдамайды, әкесі мен шешесінен көргенін жасайды.

Айырбасты Еуропаның адамдары бізге үйреткісі келеді

Қазақ баласына енші береді. Еуропалық ғалымдар: "Адамдар арасында айырбас болу керек. Тегін ештеңе алуға болмайды. Айырбас бұзылады" дейді. Бұл сіздерге жаңалық па дедім. "Ия бұл Еуропада өте өзекті", - дейді. Менің ата-бабам осы жолды ұстап келе жатқанына мың жыл болды дедім. Біз тіпті келін алсақ, қалыңмал береміз деп едім, бәрі шалқасынан түсті. Сендер адамдарды сатып аласыңдар ма дейді. Енді, сіз ойлаңыз, қазір неге ене мен келін ортасында араздасу көп. Ене ол жақсы адам. Бірақ сізді тегін алды, яғни ұрлап алды. Сізге қалың мал төлеген жоқ. Оған мынадай қарапайым мысал келтіруге болады. Мысалы сол енесі барды да бір тонды көшеде тұрған жерінен тегін алып келді. Оған аса мән бермей, үйге іліп қоя салды делік. Ол тонды тегін алып келгеннен кейін қадір-қасиеті бола ма? Ал енді сол тоңды екі мың долларға сатып алсын. Сатып алғаннан кейін күйеуіне қарамайды, тонын әукестеп, шифонердің ішіне дәрісін сеуіп іліп қояды. Неге? Өйткені эмоция көп, тонды сатып алу үшін ақша жұмсады. Осы мысалдағыдай неге сіз қалың мал бермейсіз? Мыңдаған жылдар бойы қазақтар оны бекер жасамаған.  Сіз қалың малға  миллион теңге бердіңіз дейік, ененің көз алдына миллион теңге елестейді. Келіннің де қадір-қасиеті болады.  Одан бөлек, қазақ қайда барса да құр қол бармаған. Мысалы, бір үйге қонақ болып бара қалсақ, конфет апарып береміз. Мұның барлығы біздің қанымызда бар дүние. Айырбасты еуропаның адамдары бізге үйреткісі келеді.

Бізге ешқандай несие алудың қажеті жоқ

Қазір біздің қоғамға несие бірде-бір пайда келтірмейді. Мен жеке қаржыгер ретінде халыққа айтарым, несие алмаңыздар. Кредит - сізді қу тақыр кедейлікке алып баратын тура жол. Несиені тек бизнесмендер бизнесін жүргізіп, дамыту үшін ғана алуы керек. Несие - негізі бизнесмендерге арналған құрал. Олардың айналым капиталын кеңейту үшін, толықтыру үшін несие алу дұрыс. Оған мен келісемін. Ал сізге теледидар, көйлек алу үшін несиенің қажеті жоқ. Қарап отырсаң, ол -маркетинг. Қарапайым ғана айтатын болсақ, тауарды сатудың жолы. Олар сіздің активтеріңізді мүмкіндігінше пассивке айналдырып отыр. Той жасау үшін несие аламыз деп мәз боламыз. Біз несие алғанда қуанбауымыз керек, қайта сіз сондай жағдайға жеткеніңізге жылаңыз.  Сіз балаңыздың қуанышында  өз басыңызға үлкен мәселе жасап тұрсыз. Не болса да қаржылық жоспар жасау керек. Қарыз алу деген нәрсе қазіргі уақыттың ғана қуанышы. Сол бір мезеттік қуаныш, жылдар бойы өкінішке алып келеді. 

Сұхбатты жүргізген

Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір