• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:59:04
Алматы
+35°

22 Сәуір, 2019 Сұхбат

Мейірім Джатқанбаев: Найман-торының деңгейіндегі тұлпар баптау – арманым

Уағында сыртымнан теріс дұға жасап аяқтан шалуға ұмтылғандар да кездесті.

Бәйге дүбірі естілсе, елең етпейтін қазақ жоқ. Ат жүгіртіп, додаға дүлдүл қоспаса да, жаны жақын тұлпарды өзінің меншігіндей көріп, жан-тәнімен жанкүйер болады. Бұл – қазақтың тектілігі, ерек мінезі.

Жай қазақтың кейпі әлгі болса, ат баптап, жүйрік жүгірткен азаматтардың сезімі,алар әсер қандай болмақ? Біз Найман-торы, Сарғалдақ-қасқа деген тұлпарлардың иесі, атбегі – Мейірім Джатқанбаевпен сұхбаттасқан едік. Оқыңыз! Өкінбейсіз!

- Сізді ел Найман торының иесі ретінде таниды. Танымал тұлпарды құлын күнінен баптадыңыз ба? Тұқымында тектілік бар ма?

- Мен бұл жылқыны Алтай Республикасы көлемінде "Эл-Ойын" деген атпен әр ұлттар бас қосып дәстүрлі түрде өтетін жарыста таптым. Ол кезде екі жаста болатын. Екі жылда бір өтетін бәйгеде жүйріктер 12 шақырымдық қашықтыққа шабатын.

Мен де бардым бәйгеге Сарғалдақ-қасқа деген жылқымды қосуға. Артыма мінгескен Нұрсұлтан деген ұлым бар. Сол жерде асау үйретуден бірнеше жасөспірім сынға түсіп жатқан. Сол жаққа жақындай бергенде құнан мініп, сайыс тамашалап тұрған баланы көзім шалды. Сол сәтте құнанмен көз түсістіріп қалдық. Ерен жүйрік екенін жанарынан таныдым. Ешбір мүшесіне назар салған да жоқпын. Мен жанынан өтіп кеткенше көзінің қиығымен қарап тұрдым.

Сол жерде балама "біз қазір қайтадан жанынан өтеміз. Егер тағы да қараса, ол бізді таңдағаны" дедім. Айтқандай-ақ болды, құнан бізден көз алмай шығарып салды. Үстіндегі балаға барып құнын білмек болып едім, ол жөнді жауап қайырмай кетіп қалды.

Кешкісін келе жатсам, сол құнанды таныс жігіттердің бірі көкке шығарып, арқандап жатыр екен. Аттан түскен бетте жата-жастана жабыстым. Қанша сұраса да, беруге даяр болдым. Әлгі жігітке өзімнің Әділет деген екінші ұлыма мінгізбекші екенімді айттым. Сонымен, әйтеуір, ол ойланып-толғанып келісім берді. Бірақ шешімді жауабын ертеңіне болатын бәйгеден соң айтпақ.

Ертеңіне бәйге болды. Таныс жігіттің бәйгеге қосқан басқа бір жүйрігі өзге аттардан оқ бойы озып келіп, иесіне автокөлік ұтып берді. Қасына барып құттықтап, не шешкенін сұрадым. Түнімен ұйықтамай алаңдаған, күткен жауабымды естуді тіледім. Сондағы сол жігіттің: "Сен қазақ, мен алтай. Екеуміз түбі бір туысқанбыз. Ұлыма деген екенсің ал", - деді. Әлі есімнен кетпейді. Бір автокөліктің құнын сұрады, бердім. Айта кетейін, жүйрік алғыңыз келсе, иесінің сұрағанын, тіпті, үстіне қосып беріңіз. Жылқы темір емес саудаласатын. Иесі разы болса, сенің қолыңда жүйрік болып шығуын тілейді.

Жылқы қазақ баласының мәртебесін өсіреді, күш-қуат, жігер, намыс, рух береді.

- Қиындықпен келді дейсіз ғой. Енді тұқымы жайлы тарқатсақ?

- Найман-торының тұқымы ағылшын және араб жылқыларынан. Әкесі – Краснодардан келген таза ағылшын жылқысы. Ал шешесі – таза араб биесі. Бұрынғы иесі қойған лақап аты – «Екі ене». Екі биені еміп өскенінің құрметіне қойылған.

Қолыма тізгін тигеннен соң атын "Найман-торы" деп өзгерттім. Мақсатым – Алла амандық берсе, Қазақстанға апарып аламанға қосу еді. Ресейдегі Қос-Ағаш ауданында ат төбеліндей 11000 найман бар. Атажұрттағы қандастар қосылып, бір елдің жылқысындай көріп, марқайып жүрсінші деген ой себеп болды атын өзгертуге.

- Қазақтың атбегілік, ат сыншысы сынды ғылымға бергісіз бағыттарын ұстанатындар жоқтың қасы. Күндіз-түні ат баптап, бәйге жағалап жүру бала күнгі арман ба әлде айтарлықтай кәсіп көзі ме?

- Өз жұртымда атбегілікпен айналысқан ешкім жоқ. Атам – бухгалтер, әкем – колхоз басшысы, кейін аудан әкімі болды. әкем жылқыны қатты жақсы көреді, бәйгеден қалмайды, бірақ ат баптамады. Сүйегім – Сарғалдақ, ішінде Жылкелді. Кезінде рулас Ошан деген ағамыз Ошан-торы деген ат жүгіртіп көрген екен.Бірнеше жыл бойы әлгі Ошан-торының алдына қылқұйрық түспесе керек. Ол кезде айналым жоқ, бәйгенің жолы бөлек. Сол кісі мен нағашы жақтан қосылған қасиет деп білемін өзім.

Нағашы атам Алаш деген кісінің әкесі Қожабай мың басқа жуық ылғи көк түсті жылқы ұстапты уағында. Нағашы атам да, нағашым Әділбек те ат жүгірткен кісілер.

Бала кезімде жирен қасқа жетім тайым болды. Тіл ұғатындай етіп үйреткенмін. Кейін оны жаз бойы жайлауға жіберіп, бір туыстардың жылқысына қостық. Сол жирен қасқаның жанына бару үшін ала жаздай жайлауда қой бағушы едім. Қай сайдың ішінде жүрсем де, менің дауысымды естісе, кісінеп жетіп келеді. Ешбір ноқта-жүгенсіз, жайдақ мініп алып, көрші ауылдарды аралап жүруші едім. Бәрі таң қалатын. Құнан кезінде қорадан секіремін деп, ішіне сырғауыл кіріп өлді.

Жетім құнанның аяқ асты өлімі маған қатты батты. Досымнан айырылдым деп бас көтермей жатып алдым. Құса болып жүргенде нағашым дәл сондай бір құнан әкеліп берді. Ол кезде біздің аймақтарда селекцияның мықты дамыптұрған кезі. Сөйтіп, 9 жасымнан бастап дончак пен буденнің буданын ешкімнен ештеңе сұрамай өзім баптадым. Тамақ беру жағын ғана нағашымнан сұрадым.

Сол кезде 10 жыл бойы бәйгеніңбасын бермей келе жатқан Боранбай деген кісінің атымен мәреге таласып кірдік. Ел аң-таң. Келесі бәйгеде ол аттан озып кеттік. Осылайша, Зарница екеуміз бірнеше жыл бойы бәйге бермедік.

- Ұлдарыңызды ат өнеріне баулисыз ба? Айтыңызшы, жылқыға үйірсек болу ер баланың мінез-құлқына қаншалықты әсер етеді? Әкеңіз сізге не берді?

- Ер баланы атқа баулыған өте дұрыс екен, мінезі қалыптасады, әр ісіне тұрақты болады, жауапкершілігі артады, берген сөзіне, жасаған ісіне жауап беретіндей. Әкем бастық болды деп мен шіреніп жүрген емеспін, қарапайым халықтың ішінде атымды бәйгеге қосып, әр кезде бір қалыпта ұстанып жүруге тырыстым. Өйткені, атақ, мансап, ақша бәрі тұрақты емес екенін кішкентайымнан санама сіңірдім. Кейін адамдар кеп көзімді шұқып, бетіме түкірмесінші,  тәкаппар болмайын, қолда мәңгі ештеңе тұрмайтынын білдім.

Әкем халықтың қамын көп ойлап, денсаулығын аямай еңбек етті, маған қарайтын уақыты болмады, шынымды айтсам. Кейін өзі де маған айтты, "балам, сен өзіңді өзің жылқымен тәрбиеледің" деп. Үнемі әкем сегіз қырлы, бір сырлы бол дейтін. Әрине, ата-анаңды мәңгі қанжығаңа байлап жүрмейсің, ерте ме, кеш пе ол кісілер де кетеді, сонда жанталасып кішкентайымнан әр өнерді менгеруді бастадым.

Ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнап, шаш алып, фото-видеоға түсіріп, монтаж жасап, тігіншілікпен айналысып, қой сойып, ірі қара мал сойып, қазақтың қол өнері: жүген-ноқта түйіп, ер тұрман жасап, теріден, ағаштан сувенирлер жасап, тұрмыстық техника жөндеп т.б. көптеген жігітке керек дүниелерді жетік меңгердім. Кейін осының бәрінен нанымды тауып жедім, аштан өліп, көштен қалған жоқпын.

Ер адамның ісінде біршама тер төккеннен кейін ұл тәрбиелеуде қорықпаймын. Көрсетерің бар, айтарың бар. Мен 11-сынып бітіргеннен кейін студент болып, жылқыдан 5-6 жыл қол үзіп қалдым. Кейін шаңырақ көтеріп, атбегілікті қайта жалғастырып кеттім.

Сарғалдақ-қасқамды 15 жылдан аса жүгіртіп, біраз бәйгені қанжығаға байладық. «Ең үздік тұлпар» атағына да ие болды.

- Жылқы үстінде кірпік айқастырып жүре беретін қазаққа жүйрігінен айырылу – қасірет. Өзіңіз де сондай қазақтың бірісіз. Айтыңызшы, егер алдыңызда жиырма бес жасар қандасыңыз атқа бұт арта алмай жатса, қалай қабылдайсыз?

- Әрине, бұл - қазақ баласына өте қиын жағдай, ат үстінде жортып жүріп жер шалу, ел көру – ата-бабамыздан бері үзбей жалғастырып келе жатқан салтымыздың бірі. Қолында сұңқары жоқ араб жетім, қолында аты жоқ қазақ жетім.

Келер ұрпаққа әлі де шамам жеткенше үйретуге тырысамын, көптеген жас балалар қызығушылықпен маған жазып, кеңес сұрап жатады. Біреуінің бетін қақпаймын, барымды, білгенімді айтып отырамын. Біздің келешек солар ғой. Ары қарай жалғастырып алып кетсе керемет болар еді.

- Қалай ойлайсыз, тұлпарға деген ерекше сыйлы көзқарас бәйгеге тігілген қаражаттың қалтарысында қалып қойды ма? "Шаппай бәйге беру" деген сияқты құрмет сізге көрсетілді ме?

- Шаппай бәйге алып көрмедім. Бірақ мен жүйрігімді қай шақырымға қоссам, аттарынбасқа қашықтыққа жазғызып жатқандар талай кездесті. Біз қатысқанда бірінші орынға иегі қышитындар кемде-кем. Бұл жетістікке жүйрігімнің, шабандозымның ойыңды дөп басатын қасиеті арқылы жеттік.

Атқа шапқан бала - Есенжаров Самат Айдынұлы. Өте сезімтал бала, астындағы аттың ыңғайына қарай шабады, қинамайды, бәрін болжап, маңайындағы аттарды қарап отырады. Қысқасы, атты қинамайды, отырысы қаққан қазықтай, қолымен желпімейді, атты өкпесінен теуіп өкшелемейді, айтқаныңды бірден қағып алады. Кішкентайынан бұл баланы көздеп жүрдім. 5-6 жасында елдің бұзауларын мініп жүретін. Жасы келген соң әкесінен рұқсат алып, екі атыма да отырғыздым. Қазір студент, үйленетін жасқа келді, мықты азамат болды.

- Қазақ жүйрік көрсе жата-жастана жабысатыны бар. Осындай ұсыныспен көлемді қаражат ұсынып келгендер кездесті ме, айта отырсаңыз.

- Егер аяқтан қалмағанда, әрине, көп ұсыныстар болар еді. Соның өзінде тұқым алу үшін сұрағандар болды. "Lexus 570" берді, қытайлар сұрады. Бермедім, сөздің шындығын айтайын, қимадым.  Жылқыны сонша сүйгеніме қарай Алланың маған берген сыйы ғой, маңдайыма берілген бақ қой.

Біршама елге танытты, соның арқасында бармаған жер, баспаған тауым жоқ. Мен оны қалайша сатып кетемін. Достыққа қиянат болар еді ғой. Пайда көргеннен қартайып, ажалы жеткенше көз алдымда жүргенін қаладым.

- Найман торының тұқымын жалғастыру, тағы да жел жүйріктер жасау жоспарда бар ма?

- Әрине, жалғастырамын, Алла қаласа. Бұйырса, әлі талай жүйріктер шығаруды жоспарлап отырмын. Найман-торының балалары бар, көз салып жүрген жүйріктер бар. Біршама уақыттан кейін қол үйренген кәсіпке, жан қалайтын жұмысқа қайта кірісемін.

- Найман торыдан өзге біз білмейтін қандай пырақтарыңыз бар? Олардың әлеуеті Найман торымен үзеңгілесе алады ма?

- Қазір ат баптауды уақытша тоқтаттым, Атамекеніме қоныс аудардым, енді жайғасып алғанша біраз уақыт керек.

Өзімде Қара-тай деген атым бар. 6 жаста. Найманның бел балалары бар. Келешекте үміттеніп отырмын соларды жүгіртіп көрсем деп. Әлі де бәйгенің көшін бастайтын жүйріктер баптаймын деп ойлаймын, бұйырса.

- Найман торының өнеріне сүйсініп, жанашырлық танытып, қол ұшын созған азаматтар қаншалықты жиі жолығады? Мұндай жанашырлыққа қаншалықты мұқтажсыз?

- Бауырмал, адал, мықты жігіттер көп екен. Көмек қолын созған белгілі азаматтар жоқ емес. Өнерді, дәстүрді бағалайтын жігіттердің бар екені қуантады.

Бір қазақтың жылқысын, бір қазақтың жүйрігін ұлттың маңдайына біткен бақ санап, оған жаны ашып тұратындар көптеп табылды. Алла оларға разы болсын! Ниеттеріне берсін!

- Желідегі видеолар астында көрілімнің қаражат түсіретінін, сол Найман торыға жағдай жасауға мүмкіндік беретінін үнемі жазасыз. Қаражат тапшылығы сіз үшін бас ауыртатын мәселелер санатында ма?

- Заманның, технологияның дамыған уағы ғой. YouTube-тан арна ашып, сонда жүйріктерімнің бәйгелерін, шабыстарын жүктеп отырамын. Біріншіден, бұл – жылқыларымның қазаққа танылуына тікелей көмек. Жылқысүйер қауымның көзайымына айналсын деген ой. Бәйге дүбірін видеодан болса да бір сездіріп, делебесін қоздырып қою – мақсат.

Екіншіден, қаралым санынан аз-маз қаражат түсіп отырады. Бірақ ақшаға мұқтажбын деп айтпаймын. Аллаға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз.

- Ақанның Құлагеріне де оқ атқан Батыраштар уағында. Аш күзендей тартыла жараған, қолтығын жаза шабатын жүйрік бәйге жүлдесіне қарап есінегендердің алдын талай ораған шығар. Найман торыға қастандық жасалған сәттер кездесті ме?

- Алла сақтасын, ондай тура қастандықтар жасалған жоқ. Бірақ сырттан теріс дұғалар оқып, жол байлауға талпынғандар болды. қызғаныш деген, бәйге күйігі деген оңай нәрсе емес. Адам болғасын кемшіліксіз тағы болмайды. Ол әрекеттері үшін кейінірек өздері жауап бере жатар.

Сондай-ақ, бәйгеде беретін сыйлықтарды ауыстырған кездер болды. бірақ мен оған назар аудара қоймадым. Мен ешқашан бәйгеге сыйлық үшін ат қоспаған қазақпын. Барлығы жан рахатым үшін, жылқыларымның мерейі тасуы үшін.

Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен: Әділет Мәдениет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір