• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 05:30:03
Алматы
+35°

23 Сәуір, 2019 Сұхбат

Еркебұлан Дайыров: Кино - тоқалдан туған бала емес

«Балуан Шолақ» - қазақ киноиндустриясының дамуының көрінісі.

Нұргелді Салығұлов түсірген, Дулат Исабеков сценарийін жазған «Балуан Шолақ» фильмі 18-сәуірден бастап үлкен экранға жол тартты. Алдын-ала көрсетілімде болған санаулы көрермен дән риза. Премьераға арнайы барған қалың көрерменнің де пікірі көңіл қуантарлық.

"Балуан Шолақ" кинокартинасында бас кейіпкер – Нұрмағамбеттің рөлін сомдаған дарынды актер Еркебұлан Дайыровпен әңгіме-дүкен құрғанбыз.

- "Балуан Шолақ" фильміндегі Нұрмағамбеттің рөлін сомдадыңыз. Бүгін фильм қалың көрерменге жол тартты. Не күтесіз? Көрерменге қаншалықты өтімді болады деп ойлайсыз?

- Иә, "Балуан Шолақ" үлкен экранға шықты. Ендігі дүниенің бәрі төгілген тердің, жасалған еңбектің өтеуі болмақ. Бұйырғанын көреміз.

Қазір әлеуметтік желі деген дүние жақсы болды ғой. Бірқатар жақсы пікірлер алып та үлгердік. Біреуге ұнайды, енді біреуіне ұнамайды. Десек те, біз өткенімізге қайта оралып, өлгенімізді тірілттік. Жас буынды ата-бабасының тарихымен таныстырып жатырмыз шама-шарқымызша. Фильмнің түсірілімінде бірге жүрген, бірге еңбек еткен топтың ең басты жетістігі – осы.

Арғы жағын патша көңіл көрерменнің өзі біледі. Көрерменнің әрбір пікірі, әрбір ойы біз үшін де, мен үшін де маңызды.

- Қазақ киноиндустриясының көші күн санап жылжып келеді. Шүкір дейік. "Балуан Шолақ" фильмі осы ілгерілеудің көрінісі болуға лайық па? Кинода қаншалықты жаңашылдық бар?

- Әрине, "Көш жүре түзеледі" дейді. Қазақ киносының, қазақ киноиндустриясының да көші біртіндеп түзеліп келе жатыр. Әрбір картина таспаланған сайын өне бойынан дамуға, дамытуға деген құлшыныс байқалып тұрады.

"Балуан Шолақты" да бұл санатқа қосуға әбден болады. Оған құқығымыз да, еңбегіміз де бар.

Бәрінен бұрын, фильмнің арқалаған әрі жауапкершілігін артқан және абыроймен алы шыққан рухани жүгі – оның ең басты жаңашылдығы да, ерекшелігі де.

Сондай-ақ, таспегерлер мен операторлар да аянбай тер төкті. Түсірілімнен кейінгі шаруалардың да картинаның сәтті шығуына әсері мол. Техникалық, дыбыстық дүниелер туралы сол кісілер пікір білдірсе, әлдеқайда тұшымдырақ болар.

- Тарихи, ғұмырбаяндық кинокартиналарда қазақ пен орыс арасындағы қақтығыс міндетті түрде болады. Бірақ көп уақыт бойы сол дүниені таспалауға бірқатар режиссердің тұмсығы батпай келеді. "Балуан Шолақта" осы таптаурынды бұзушылық, оң бетбұрыс төбе көрсетті. Әлдебір тараптардан цензуралық қысым болмады ма?

- Цензуралық қысымдар болған-болмағанынан бейхабармын. Бірақ қазақ-орыс арасындағы қақтығыс ғасырлар бойы созылып келе жатыр, бұл – қоспасыз шындық. Түсірілім барысында да әлдебір тараптардан қысым бола қойды деп ойламаймын. Өйткені, "Балуан Шолақтағы" тарихи оқиғалардың барлығы айна-қатесіз көрсетілген.

Әлгі қатығыстар әлі де жалғасып келе жатыр. Қарудың, қара күштің, білектің емес, білім мен дін, тіл тұрғысында. Әр халық өзінің ата-бабасынан қалған мол мирасын көзінің қарашығындай қорғауы, өзге күштер тасасында жұтылып кетпеуін қадағалауы керек.

Біз өскелең ұрпаққа осыны көрсеткіміз келді. Әркім өзінің тілі, діні, ұлттық құндылықтары, жері үшін күресу керек. Ата-бабамыз не үшін жан алысып, жан берісе күрескенін күллі халық білуі тиіс.

Осы мақсаттарға біршама жеткеніміз, көрерменге айтар ойымызды кино арқылы көрсете алғанымыз – біздің жетістігіміз.

- Нұрмағамбет – ақын, әнші. "Ғалиядан" өзге ән фильмде көріне қоймады. Оған сіздің әншілік қабілетіңіз тұсау болды ма, әлде тұлғаның ұлттық дәрежедегі қайраткерлігін көрсету алдыңғы қатарға шықты ма?

- Иә, дұрыс айтасыз. Біз бұл кинотуындыда Балуан Шолақтың шығармашылығынан гөрі батырлық тұлғасын көрсетуге, азаматтық образдарын ашуға күш салдық. Ал Нұрмағамбеттің ақын, сазге, әнші екенін халық біледі. Оның шығармашылығы туралы фильм жасау қиын, сериалға ұласады. Тіпті, "Ғалия" әнінің ғана тарихы бірнеше серияға созылуы керек. Әйтпесе оның нағыз көрінісі ашылмай қалады.

Ол кісінің ақындығы, сазгерлігі – бір төбе, ал батырлығы, азаматтығы – бір төбе. Бізге қазіргі уақытта ең қажет дүние – жас буынды, өскелең ұрпақты патриоттыққа, елін-жерін сүюге тәрбиелеу. Балуан Шолақтың қазақ жерінің бір пұшпағы үшін де жан аямай күрескені – осы мүдделердің үдесінен шығаратын әрекет. Ал экран алдындағы жас буынға бұл әсер етпей қоймасы анық. Міне, тәрбие осыдан басталады.

Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі уақыттағы өте ауыр әрі ауру тақырып – жер мәселесі, ел мәселесі. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, Балуан Шолақтың батырлық келбетін таспалау – өте ұтымды шешім.

- Рөлді сомдау үшін қанша тер төктіңіз. Күреске икеміңіздің бар екені айқын көрінді. Бұл Ұлан Рысқұл берген тәжірибе ме, әлде бойда бұрыннан бар қасиет пе?

- Әрбір кинода кез-келген рөлді сомдау үшін тер төгілу – заңдылық. Біз де аз тер төккен жоқпыз.

Балуан Шолақтың сырт пошымына бір табан болса да жақындау үшн еңбек еттік. Бала кезден алысып-жұлысып үйреніпқалғанымыз бар, оны былай қойғанда, Ұлан батырдың, Ұлан Рысқұлдың көмегі көп тиді. Қалай десек те, қазақша күрес – ол өз алдына бір ғылым, өз алдына бөлек бағыт, бөлек спорт.

Жігіттерге алғысым шексіз. Қазақша күрес жасай берсін!

- Театр актерларының киноға көңіл бөлуі айтарлықтай байқалады. Осы нәрсеге қалай қарайсыз?

- Театр мен киноны бөле-жарып қарауға әсте болмайды. Кино – тоқалдан туған бала емес. Ол – ұлттың келбеті. Шетелдіктер киноға қарап таниды дегендей. Кино мен театр – бір ұғым, саласы бөлек болғанымен, оларға қажетті кәсіби деңгей, өнер, жауапкершілік ортақ.

Екеуі де – үлкен өнерді, үлкен еңбекті талап ететін салалар. Сондықтан, театр актерларының кинода төбе көрсетуі – өнер саласының дамуына бірге атсалысып, илейтін теріміздің пұшпағы бір болғасын тізе қосып қимылдауымыздың көрінісі шығар.

- Байқасақ, сіз сомдайтын рөлдердің дені көрерменнің жүрегіне тура жол тартатын кейіпкерлер, іс-әрекеті жағымды тұлғалар. Бұл талғампаздық па, әлде кездейсоқтық па? Жалпы, Еркебұлан өзіне қандай рөлді лайық көріп, қандай жауапкершіліктерді жүктейді?

- Еркебұлан өзіне рөл таңдайды деген – теріс пікір. Бұйырғаны болады. Таңдаймын дегеннен гөрі жүктелген рөлді халық жүрегіне жақындату үшін, толықтай ашу үшін еңбек етемін деген дұрыс.

Бұйырған рөлдерді сомдап келеміз. Тарихты тірілтуге, қоғамға ой салуға жарарлық дүниелерден бас тартпаймын. Мойынға артылған жүкті барынша жоғары деңгейде алып шығу – әрбір актердің міндеті.

- Түйін сұрақ болсын. Сіз экрандағы бет-бейнеңіз, сомдаған рөлдеріңіз арқылы ұлтты тәрбиелейтініңізді, жастарды баулитыныңызды қаншалықты жиі еске аласыз? Шешім қабылдар алдында осы жауапкершілікті өзіңізге жүктеп отырасыз ба?

- Кез-келген актер, кез келген өнер саласының өкілі құр келіп, құр кетпеуі керек. Мынадай жақсы бір сөз бар – «Мен өнерге бір күнде келген жоқпын және бір күнге келген жоқпын» деген.

Әр актер, әр өнерпаз экрандағы, сахнадағы рөлдерін сомдау барысында ел алдындағы жауапкершілігін, міндетін білуі тиіс. Сіз қойып отырған сұрақтағы отансүйгіштік, ұлттық тәрбие деген дүниелерді дәріптеу – әр актердің міндеті.

Байқасаңыздар, қазіргі уақытта түсіріліп жатқан картиналардың дені осы бағытта. Шетелге, мұхиттың арғы жағына көзін сатып тұрған жастардың санасына ұлттық құндылықтарды енгізу, олардың жүрегінде отансүйгіштік сезімін қалыптастыру – мақсат.

Ал жеке басыма жауап берсем, мен бұл қағиданы мықтап ұстанамын. Өмірлік ұстанымым десем де болады. Өнердегі өмірлік – ұстанымым.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Әділет Мәдениет

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір