• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
21 Шілде, 09:29:06
Кайдзеннің өндірістегі қағидалары

23 Сәуір, 2019 Экономика

Ысырапшылдық – байлықтың қас жауы

Бүгінгі қазақ ысырапшылдығының жағдайы

— Қызым, қолыңдағы пакетті босаған соң тастамай жинап қой!

— Ой, апа! Мұны не қыласың, іші былғаныш, тастай салайық. Ертең мұндай пакеттің жаңасы тағы келеді ғой.

— Әй, осы сендер тым ысырапшылсыңдар. Ештеңенің қадіріне жете бермейсіңдер. Мына мен соғысты да, қиын қыстау кезеңді де көрдім. Ол кезде сенен де кішкентай баламын. Ішерге тамақ, киерге киім таппаған кезең еді ғой. Қазіргідей көп дүниеге қолымыз жете бермейтін. Содан болар әр нәрсені қадірлеп ұстауға тырысамын. Сендерге де айтарым сол… Дүниені босқа ысырап жасамаңдар. Қайсы, көрейінші? Бүлінген ештемесі жоқ екен ғой. Былғаныш болса, іші аздап былғаныпты. Сүртіп ала сал, құлыным!

Бұл әжемнің біраз жыл бұрын маған айтқан ескертуі еді… Менің әжемнің ғана емес, үлкендердің барлығының айтары осы. Барымызды бағалауды осы кісілерден үйренуіміз керек. Молшылықта күн кешіп отырған біздер, шынымен де дүниенің қадірін түсіне бермейміз. Алланың сүймейтін істерінің бірі — ысырапшылдық болса да бұл әдеттен әлі де арыла алмай келеміз.

Зер салып, бағамдайтын болсақ, ысырапшылдықтың түрі жетіп артылады екен. Мысалы, олардың бірнешеуін (бәрін емес) тізбектеп жазып көрейік:

  • азық-түлік ысырабы;
  • тұрмыстық ысырап (жарық, су, отын);
  • денсаулық ысырабы;
  • зиянды әдеттерге жұмсалатын ысырап (арақ-шарап, құмар ойын, темекі);
  • шектен тыс бақталастықтан туындайтын ысырап;
  • ойын-сауық ысырабы;
  • уақыт ысырабы және т.б.

Әлемдік ысырапшылдықтан қазақ ысырапшылдығы да кем түсіп жатқан жоқ. Оның қай-қайсысының болмасын пайдасынан зияны басым. Аста-төк ысырапшылдықтың арты үлкен шығынға ұшыратады. Ал шығынға батқан адамның өмір сүруі қиындап, денсаулығы нашарлап, жүйкесінің сыр бере бастайтынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бүгінде әлемнің көптеген елдері ысырапшылдықпен күресудің жолдарын қарастырып, сан түрлі амалдарын ойластырып жатыр.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметіне жүгінетін болсақ, әлем бойынша  ысырап болып, бүлінген тағамдардың көлемінің бастапқы баламасы 15 млрд тоннаға шыққан. Ал сол жарамсыз болып қалған тағамдарға кеткен судың жалпы көлемі Еділ өзенінің жылдық ағысына немесе Женева көлінің үш есе көп мөлшеріне тең. Ал мұның қаншалықты шығын екенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Қоқысқа тасталған заттардың тең жартысы тамақ қалдықтары. Олардан да ауаға зиянды заттар тарайды. Мысалы, британдық TESCO дүкендер желісі тағам ысырабының алдын алуды жоспарлап, арнайы іс-шаралар жүргізгеннің өзінде жыл сайын 50 млн. кг тағамды қоқысқа тастайтын көрінеді.

Тамақ ысырабы

Егер тағам ысырабының алдын алсақ, адамзат баласына тигізер пайдасы орасан зор. Мәселен азық-түлік бағасы арзандайды, аштық мәселесі шешімін табады, жасанды тамақ өнімдерінің санын және қоқыс үйінділерінің көлемін азайтады. Азық-түлік ысырабының алдын алу үшін веналық (Австрия) дизайнер Вера Видерман «Biomat» атты мейрамхана ашқан. Мейрамхананың басты ерекшелігі келушілер азық-түлік қалдықтарын тапсырып, оның орнына таза тамақ алып іше алады. Ал осыған ұқсас әлемдегі «Wewood» атты алғашқы дүкен Копенгагенде (Дания) ашылған. Сондай-ақ бұл бастаманы Ұлыбритания да қолға алып, тіпті азық-түлік түрлерін шамадан тыс ысырап еткендерге айыппұл төлеуді енгізген.

 Маржан Сәбет

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір