• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:16:57
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2019 Саясат

"Таңдау жоқ! Сайлау совет кезіндегі асхананы еске түсіреді"

Ал біздің елге келетін болсақ, Назарбаев Тоқаевқа қанша жерден қолдау білдіргенімен, Дариға Назарбаеваны Сенат спикері етіп ...

Алматы қаласында "Adil sailay ushin" атты пікір сайыс өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Аталмыш шараға қоғам белсенділері мен заңгерлер қатысты. Талқылаудың басым бөлігі алдағы өтетін сайлауға қатысты заң туралы болды. 

Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген Димаш Әлжанов 1991 жылдан бері сайлау заңнамасы тәуелсіз кандидаттарға орын қалдырмай, үнемі күшейіп келе жатқанын толық сипаттады. Пікірсайыс өте қызу өтті. Қатысушылар белсенді түрде сұрақ қойды. Алайда уақыт шектеулі болғандықтан барлық сұрақтарға жауап берілмеді. 

әділ сайлау үшін

Пікір сайыс барысында "президенттікке үміткер қандай болуы тиіс, қазақстандықтар сайлау кезінде өз құқығын қалай қорғауы керек, қандай заңдарды басшылыққа алып өз ойыңды ашық айтуға болады" деген сұрақтарға жауап берілді. 

Әділ сайлау үшін

Досым Сәтпаев пікір сайыс аяқталғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол "қазіргі Қазақстандағы жағдай Ресейдегі сценарийге ұқсайды деген пікірмен келісесіз бе?" деген сұраққа былай деп жауап берді: 

— Иә, еске түсіретін, ұқсайтын кей тұстары бар. Бірақ қазіргі болып жатқан жайт биліктегілердің  қорқынышының көрінісі. Тіпті елбасы өзінің мұрагерлеріне сенбейді. Ал Дариға Назарбаеваны сенат спикері етіп тағайындауын өз басым Қырғызстандағы жайттарға ұқсатамын. Атамбаевтың Сооронбай Жиенбековті президенттікке өзі ұсынғаны естеріңізде болар. Оған белсенді түрде көмек көрсетті, қолдау білдірді. Ал қазір Қырғызстанда белгілі бір деңгейде алауыздық туындағанын байқаймыз. Атамбаев пен Жиенбеков бір-біріне қарсы шыға бастады. Ал біздің елге келетін болсақ, Назарбаев Тоқаевқа қанша жерден қолдау білдіргенімен, Дариға Назарбаеваны Сенат спикері етіп тағайындау арқылы белгілі бір қауіптің алдын алып отыр. Елбасының бұл шешімі арқылы біз оның Тоқаевқа толықтай сенім арта алмағанын байқай аламыз. Ал Ресейдегі жайт пен біздің елдегі жағдайдың кейбір айырмашылықтары бар. Біріншіден, Путин халықтың лидері емес. Тіпті оның Назарбаев секілді мүмкіндігі мен өкілеттілігі де жоқ. Ресейде ресми түрде Медведев жеңіске жеткен сайлау өтті. Дегенмен Ресей біздің елдегі өзгерістерді бақылап отыр деп ойлаймын. Керісінше Ресей біздің саяси жағдайды қайталауы мүмкін. Себебі Назарбаев кеткеннен кейін ресейлік басылымдар мен эксперттер "Путин Назарбаевтың әрекетін қайталай ма?" деген сұрақты қызу талқылаған болатын. 

Сондай-ақ танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев биліктің халыққа таңдау жасауға мүмкіндік бермегенін айтты. 

— Халық кандидаттардың тізімін көріп-ақ сайлауға қатысқысы келмей қалады. Қазіргі кандидаттардың тізімін көріп советтік кезеңдегі асхана есіме түседі. Бұрын советтік кезеңдегі асханада таңдау мүлдем жоқ болатын. Қазіргі сайлау да сол секілді. Сонымен бірге сайлауға жұмсалған қаражаттар біздікі екенін де ұмытпаған жөн. Себебі сайлау салық төлеушілердің қаражатынан өткізілетін болады. Билік сайлауға осындай қаражат бөліп жатырмыз деп айтады. Бірақ бұл біздің ақшамыз ғой, - дейді Досым Сәтпаев. 

Досым Сәтпаевтың айтуынша, биылғы сайлауда ешқандай интрига жоқ. 

— Ешқандай интрига жоқ. Не себепті Зеленский 70 пайызбен жеңіске жетті? Себебі интрига болды. Стадионда дебат ұйымдастырылды. Кезінде Порошенкоға дауыс беріп, көңілі қалғандар Зеленскийге дауыс берді. Сондай-ақ Дональд Трамптың жеңіске жетуінің себебі де сол интрига еді. Соңғы жылдардағы Қырғызстанның сайлауында да белгілі бір деңгейе интрига болды. Халық нақты кімнің жеңіске жететінін білмеді. Ал бізде сайлауда кім жеңетіні белгілі. Барлық проблема осында болып тұр, - деп пікір білдірді саясаттанушы.  

Сондай-ақ ол Тоқаевтың басқа кандидаттардан айырмашылығы жоқ деп есептейді. 

— Барлығы бірдей. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Себебі олар бір жүйенің кандидаттары. Олар бір жүйеде жұмыс істеген. Ал халық ең болмаса бір нәрсенің өзгергенін қалайды. Сол себепті де өз ойын, өз позициясын ашық айтуға тырысады. Меніңше жақын арада билікте өзгеріс орын алады. Бұл басқа саясаткерлер айтқандай 10-15 жыл уақыт алмайды. Бірақ қазіргі билік ештеңені өзгертпейді. Барлығы билік транзиті деп айтып жүр ғой. Бірақ мен үшін Елбасы саясаттан түбегейлі кеткенде ғана билік транзиті басталады. Олар халықпен бетпе-бет қалған кезде ғана бұрынғы жүйе істен шығады, - дейді Досым Сәтпаев. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір