• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:53:08
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2019 Дін

Біздің күресіміздің басты мақсаты — діни радикализмнің түпкі себептерін жою

Қазіргі уақыттағы діни фанатизм мен радикализмге ұрындыратын қоғамдық факторларды анықтап, оған қарсы кешенді бағдарлама қабылдау аса маңызды болып отыр.

Діни шетін көзқарастар мен ұстанымдармен күнделікті өмірде бетпе-бет келіп, белсенді күресіп жүрген теолог-мамандардың басым көпшілігі тәжірибеде діни радикализмнің түпкі себептерімен емес, көбіне көп салдарын енсеруге күш жұмсайтынын айтады. Ал, осы саладағы мемлекеттік тапсырысты орындайтын құзырлы органдардың негізгі дені профилактикалық мақсатта құрылғандығы белгілі. Бірақ, бұл мекемелер алдын алу жұмысынан көрі діни шетін көзқарастар мен ұстанымдардан туындаған зардаптарды қалпына келтіруге басымдық береді. Шынтуайтында, осылайша тек салдарымен күресу жалғастырыла беретін болса, онда таяу арада діни радикализм мәселесі күн тәртібінен түспейді деген сөз. Тіпті, жұлынға түскен жегі-құрт өзекті кемірген үстіне кеміре түссе, күндердің күні меңдеген дерттің алдын алмақ түгілі, салдарын да жоя алмай қалуымыз бек мүмкін. Демек, діни экстремизмді түбегейлі еңсеру үшін ең алдымен оның түп-тұқиянындағы дертті емдеуіміз керек. Аталмыш мәселеге қатысты тың көзқарас, жаңа әдістеме түзу – бүгінгі уақыт талабына айналды десек асыра айтқандық емес.

Кешенді бағдарлама түзуге тиістіміз  

Қазіргі уақыттағы діни фанатизм мен радикализмге ұрындыратын қоғамдық факторларды анықтап, оған қарсы кешенді бағдарлама қабылдау аса маңызды болып отыр. Азаматтардың жат діни ағымдардың жетегіне еруіне түрткі болған себептер мен жағдайларды саралайтын болсақ, діни себептен өзге оның саяси, экономикалық, әлеуметтік, психологиялық жіктері бар екеніне көз жеткізуге болады. Мысалы, олардың кейбірін нақты атап өтер болсақ:

• ой-өрістің дұрыс жетілмеуі;

• психологиялық ауытқушылыққа ұрыну;

• отбасы бақытын сезіне алмаушылық;

• қылмыс жасап, одан арылу үшін жихадқа бару;

• индивидтің қоғамда өз орнын таппауы;

• өмірден әділетсіздік көруі;

• тағдыр тауқыметін тартып, психологиялық күйзеліске түсу;

• қиын әлеуметтік ахуалдың (кедейшілдік) ауыртпалығын көтере алмау;

• дәстүрлі діни құндылықтар туралы жеткілікті мәліметтермен сусындамау;

• исламдануға еліктеушілік;

• теріс діни ағымдардың жалған идеологиясына алдану;

• белгілі-бір шейх немесе жалған уағызшыны соқыр сезіммен пір тұтып, рационалистік пайымнан айырылып қалу;

• діндегі кейбір көп әйел алу, ғанимат (әскери олжа), хижра, жихад және т.б. құндылықтарды нәпсі мен жалған намыс тұрғысынан бағалау немесе қате түсіну;

• дін ұстануды әлеуметтік-экономикалық мүддеге айналдыру;

• діни адам болып көріну арқылы өз конъюнктурасын күшейту;

• ислам дінін ата-бабамыздың ұстанған жолы деп ұғып, қатты ұстанымға бару;

• өштескен адамдарынан жихадқа өту арқылы кек алу;

• елдегі саяси жүйемен келіспеу және т.б. әлеуметтік-психологиялық факторлар.

Бұл көрсетілген факторлардың әр-алуандығын ескерер болсақ, біз діни экстремизммен тұтас қоғам болып күресуге тиістіміз. Яғни, белгілі мемлекеттік құрылымдар ғана емес, өзге әлеуметтік институттар да діни шетін көзқарастар мен ұстанымдардың алдын алу жұмыстарына шама-шарқынша ат салысуы қажет. Себебі, зайырлы қоғамда азаматтардың отбасын бақытын сезіне алмауына, қабілет-қарымына қарай қоғамнан өз орнын таппауына, тәрбие істеріне, сондай-ақ, діни теологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету функциясын мемлекет емес, әлеуметтік институттар атқарады. Олай болса, аталмыш әлеуметтік институттардың функциясы олқы түсіп, ол діни экстремизмге ұласпасы үшін біз қажет кезде бір-біріне демеу көрсетіп, жүйелі түрде жұмыс жасайтын кешенді бағдарламаға арқа сүйеуіміз керек. 

Дәстүрлі дінге негізделген ақпаратты бірінші жеткізу –  аса маңызды

Шетін көзқарасты ұстанушы азаматтардың ғұмыр-тарихына көз жүгірстек, олардың жаңсақтыққа ұрынуына көбіне-көп дін туралы алғашқы ақпаратты теріс діни ағым өкілдерінен алуы түрткі болғанын аңғарамыз. Жалпы, «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» демекші, кім-кімге болса да, дінге өту кезіндегі алғашқы сәт өте әсерлі болады. Осы күй оның ғұмыр бойы санасында өшпестей болып таңбаланады. Әрі бұл табиғи-психикалық заңдылық. Осы заңдылыққа сай алғаш алған ақпараттарға қарай діни өлшем қалыптасады. Ол ақпарат дұрыс болса, индивидтің көзқарасы оң бағытта қалыптасады. Ал, діни ақпарат теріс болса, адамның діни ұстанымы теріс бағытта өрбитін болады. Сонымен қатар, алғаш дінге шақырған уағызшы да индивидтің өміріне екпінді ықпал жасай алады. Егер, адамның рационалистік ойлау таразысы қалыптасып үлгермесе, онда ол уағызшының айтқанымен жүріп тұратын құлтемірге айналады. Бұл да тәжірибеде жиі орын алатын жағдай десек, сірә қателеспейміз деп ойлаймын. Яғни, адамның алғашқы діни ақпаратты кімнен алуы және қандай мазмұнда алуы аса маңызды фактор саналады. Демек, көбіне көп бұқара халықтың діни өлшемі осы факторға байланысты қалыптасатын болса, онда мемлекет өзі бас болып ел аумағында діни ақпарат таратудың ең озық жүйесін жасауы қажет. 

Жалпы, бүгінгі таңда елімізде діни білім беретін 9 медресе-колледж, 3 қарилар орталығы, бірнеше ЖОО, одан өзге ҚМДБ мешіттерінде сауат ашу курстары жұмыс жасайды. Сондай-ақ, тұрақты түрде діни ақпарат тарататын 20-дан астам ғаламтор порталы, республикалық және өңірлік бірнеше басылым, «Асыл арна» телеарнасы және кейбір телеарналар мен радиоларда діни танымдық тұрғыда ақпарттар тарататын бағдарламалар жұмыс істейді. Оған қоса, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті тарапынан құрылған Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы, ҚМДБ тарапынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобы, облыстық әкімшіліктер тарапынан құрылған Жергілікті ақпараттық-насихат топтары қызмет етуде. Әлбетте, ел аумағында діни білім мен ақпарат тарататын бұл жүйені азсынуға болмайды. Тіпті, бұл құрылым діни радикализмнің алдын алу мен зардаптарын жою ісінде біршама жетістіктерге де жетті деп айта аламыз. Дегенмен, біз тоқмейілсіп қалмай, бұдан арықарай мәселені түбегейлі еңсеру үшін дәстүрлі дінге негізделген діни ақпаратты халыққа бірінші болып жеткізуді қолға алуымыз керек. Ол үшін жоғарыда аталған құрылымның жұмысын жандандырып, діни ақпарат тарату мен білім берудің заманауи мобилизациялық тетіктерін игеруге тиістіміз.

Қоғамның діни экстремизмге қарсы имунитетін қалыптастыру қажет

Біз діни радикализм құбылысының ел болашағы үшін қаншалықты қауіпті екенін дұрыс түсініп білуіміз шарт. Ол үшін сұрапыл қан майдан, күркіреуік соғыс жүріп жатқан елдердегі ата-анасыз қалған жетімдердің жылаған үнін, жаңбырша жауған ажал оғынан жараланып, қансыраған жұрттың аянышты күнін, аш-жалаңаш елдің мұң-шері мен қайғы-қасіретін, үріккен қойдай босқан халықтың тартқан тақсыретін дәйім дүйім елге әсерлі пубилицистикалық және көркем шығармалармен, обьективті шындықтарға негізделген видео-ролик пен деректі фильмдер арқылы бейнелеп жеткізіп, бейбіт күннің қадірін жан-жақты сезіндіруіміз қажет. Мысалы, өткен ғасырдағы қырғи-қабақ соғысы жылдары Кеңес үкіметі жаппай ел тұрғындарына атом бомбасының адамзат болашағы үшін аса қауіпті екенін тұрақты түрде жеткізіп отырды. Соның әсерінен де ядролық оқ-тұмсықтың күллі жаһанды әп сәтте жойып жіберетін тажал екенін түсінген жұрт әрдайым бейбітшілікті жырлап, татулықты айтып, ұрандататын. Біз де дәл қазіргі шақта діни радикализмнің әуселесі – атам бомбасынан кем түспейтін тажал екенін азаматтарға сатылы түрде мектеп қабырғасынан бастап, қоғамның барлық салалаларына дейін дендей еніп, ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Оның нәтижесі ретінде бұқара халық бұл індетті толық сезініп, өздігінен оған қарсы имунитетті қалыптастыра білуі шарт. Яғни, біздің алдын алу жұмыстарымыздың шегі осы межеге дейін иек артуға тиісті.

Түйін

Қоғамның белгілі-бір саласында туындаған мәселе дер шағында алды алынбаса, ол ушығып, бірте-бірте тұтас әлеуметке кері әсерін тигізе бастайды. Біз діни шетін көзқарастар мен ұстанымдар қоғамның дамуына зиянын тигізбес үшін онымен ымырасыз күресуіміз керек. Әрі оның түпкі себептерін жоюды күнделікті функционалды міндеттеменің негізі етіп қоюымыз шарт. Егер, алдын алу жұмыстары тиісті деңдейге жүргізілмесе, ертең ауру асқынып, қоғамның дамуын тежеп, мемлекеттілігімізге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сол себепті де, діни радикализмге әдеттегі құбылыс ретінде мүлде қарауға болмайды.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаев

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір