• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:11:37
Алматы
+35°

13 Мамыр, 2019 Сұхбат

Қарапайым мұғалім қалай бизнес - леди атанды?

Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын ол өз биігінің бұл еместігін түсінді.

Алмагүл Чабаева қарапайым мұғалім еді. Алайда осыдан он жылға жуық уақыт бұрын ол өз биігінің бұл еместігін түсінді. Өзін іздеп тапқысы келді, тапты да... 23 сәуір сайтымызда жарияланған сұхбаттың жалғасы төменде...

–Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім, миссиям қандай? Бұл қоғамға не бере аламын?

–Жасыңа жас қосылған сайын сені мазалайтын негізгі үш сұрақ – осылар. Осы сұрақтар аясында толғанып жүріп, идея туындады. Соны қазір жүзеге асырып жатырмыз. Бүгін мен осы үш сұраққа да жауап бере аламын.

Алдымен ата-анама алғыс айтамын...

–9 балалы отбасында өстім. Әкем мен анам бала күнімнен бойымнан ұшқынды байқады. «Алмагүлім бір төбе, қалған 8-і бір төбе» деп айтып отыратын қашан да. Маған айрықша күтім жасады, ерекше көңіл бөлді. Себебі бала күнімнен ойымды ашық айтатынмын, қай ортаға барсам да еркін сөйлейтінмін, бар адамның тілін тауып кететінмін. Елдің алдына шығып, сөйлегенді жақсы көретінмін.

«Менің атым – Алма,

Он саусағың жорға.

Өлең айтып беремін,

Билейтінің бар ма?» деп әндетіп, ел қошеметтеп, қол соқса, риза болатынмын. Бүгінгі жетістігімнің кепілі сол кезден бастап дамыған деп ойлаймын. Мектепте де, университетте те белсенді болдым. Педучилище, ҚазҰУ, Шет тілдер университетін оқыдым, мұғалімдік салаға қатысты үш диплом алдым.

Ата-анамның көрегендігінің арқасында, бойымдағы қабілетім дер кезінде ашылды да, әрі қарай өсіп кетті.

"Бала күнімде сатушы да боламын" дедім, заңгер де болғым келді. Әділдікті сүйетін жанмын, шыншылмын. Елде әділдік орнағанын қаладым, бәрі адал болса екен дедім... Бірақ анам «Қызым, сен әйел затысың, нәзіксің, сенің орның отбасың, ошағыңның жанында, әділдікті мемлекеттен бұрын, өз шаңырағыңда орнатуың тиіс» деп мені мұғалімдікке бағыттады. Сол үшін анама алғысым шексіз. Анам мені тоқтатпағанда, өмірден өз орнын таппай, адасып жүрген жан болар ма едім?!

 

 

Алмагүл Чабаева

 

–Ал Алмагүл Чабаева ұстаз ба?

–Алдымнан өткен әр шәкіртім мені ұстаз деп біледі, солай деп таниды, сол оймен кетеді. Бірі үшін мен қазақ тілінің мәнін түсіндіре алған ұстазбын, бірі үшін өмірден орнын табуға көмектескен мұғаліммін, енді бірі үшін жетістікке жетуге көмектескен қамқоршымын. Демек өзімді «ұстазбын» деп толық айта аламын.

–50 жасқа келсе де, өзіне көңілі толмайтындар қаншама? Бұл бақ па, әлде бап па?

–"Бақ шаба ма, бап шаба ма" дейді ғой. Алланың бойыма берген қасиет, қабілеті бар шығар, бірақ соны бала күнімде баптап, бойыма сіңірген – ата-анам. Ата-анамның берген дүниесін, Алланың қалауымен әрі қарай алып кетіп, баптаған – өзім. Егер өзім ізденбесем, талаптанбасам, алған білімімді дұрыс пайдаланбасам, тәжірибеде қолданбасам, бұл дәрежеге жетпес едім деп ойлаймын. Бақ бәріне беріледі, бірақ сол бақты баптап, алып кету немесе ұстап тұру адамның өз қолында.

–Өз балаңызға тәрбие беру тұсынан өкінетін, "әттеген-ай" дейтін тұстарыңыз бар ма?

– Психологиямен бұрыннан шұғылданып келемін. Ана ретінде балама жасына сай ақыл-кеңес беріп отыруға тырыстым. Бағыт-бағдарды көрсете білдім деп ойлаймын. Балам бүгінде тұлға ретінде қалыптасқан.

–Мұғалімдіктен ораторлық өнерге қалай ауыстыңыз?

–Мамандығым – филолог. Басқа саланы таңдап, келген жоқпын. Ізденісте жүрген адамда өсу болады. "Мәскеуде ораторлық шеберлік институты бар"  дегенді естіп, "өзім үшін оқып көрейінші" дедім. Сонда біліп келген әдіс-тәсілдерімді тәжірибеде қолдандым. Сабақ беру методикам мүлдем өзгерді. Студенттердің оқу үлгерімі бірден жоғарылады. Әр студентімнен позитивті пікір естіп жүрдім. Орыс аудиториясы қазақ тілін өте жақсы меңгерді. Тіпті ел алдына шығып сөйлеу, аудитория алдында көсіліп сабақ айту жағы да өзгерді. Сол үшін бәрі маған алғыс жаудыратын. "Тіпті жеке оқытасыз ба? дегендер пайда болды. Сөйтіп қалай ақырын-ақырын осы салаға кеткенімді өзім де білмей қалдым. Ал адамдардың саны, сұранысы өсті, сөйтіп бар уақытымды осы бизнеске арнадым. Тіпті өзімнің өнерге қызығушылығым арта бастады. Бәрі оншақты жыл бұрын басталды. Ал институттағы қызметімнен кеткеніме 6-7 жыл болды.

Алғашында өзімді жарнамаламай қойған жоқпын. Себебі оны қажет деп таппадым, өмір жолымның өзі солай қалыптасты. Қалай институтты бітірдім, бірден мені шет тілдер иниститутына оқытушылыққа шақырды. Әртүрлі  мемлекеттік мекемелерден сұраныс та болды. Мен ешқашан бір мекемеге түйіндемемді арқалап барған емеспін.  Тек өздері шақыратын. Интернет пен әлеуметтік желіде көріну керектігі туралы ой соңғы 1-2 жылда ғана пайда болды.

Расында халыққа рухани азық жетпей жатыр. Қазір қазақ тіліндегі сапалы білім беретін орталықтар, тренерлер жетіспейді.

Алмагүл Чабаева

 

Отбасылық бизнес

–Ұлым Бағнұр да менің жолыммен келеді. Кішкентайынан өнерге жақын, актерлік қасиеті болды. Марқұм Жанас Ысқақов пен оның жары Қыздықой апайымыз  «Күлегеш» театрын ашты.  2 жас 8 айында ұлымды сол театрға бердім. Қыздықой апайдың қолдауымен, сол кісінің тәрбиесінің арқасында 4 жасында Қазақ радиосынан ертегі оқыды. Сөздік қоры өте бай болды. «Мына бала туа біткен дарын! Оның дарынын ашу керек» деп өтінетін менен. Бірақ баламды бұл саладан алып кеттім, қорықтым. Алайда іште тулап жатқан сезім қоймайды ғой, қазір өзіммен бірге тренинг жүргізіп жүр. Бұл – бүкіл отбасымның жасап отырған дүниесі. Қазір күйеуім техникалық жағынан тікелей  айналысып жатыр. Ұсақ-түйек заттардың бәрін істейтін – жұбайым, жүзеге асырып отырған – балам, үшеуіміз бірігіп, осы жолда келе жатырмыз. Қысқасы, отбасым – қолдаушым.

–«Мен жастарға сенемін» деп айта аласыз ба?

–Баяғыда Әл-Фараби бабамыздан бір елдің әміршісі «Менің елімнің болашағын болжап берші» деп. Сол кезде ғұлама ғалым «Сен маған еліңнің жастарын көрсет, сонда  еліңнің болашағын айтамын» деген екен. Біздің мемлекетіміздің болашағы, жетістігі, дамуы – жастардың қолында. Ал сол жастарымыздың жалындаған көздерінен мен жарқын болашақты көремін.

–15 жыл бұрынғы Алмагүл Чабаева мен бүгінгі Алмагүл Чабаева...

–15 жыл бұрын ізденісте болдым, ал бүгін өз орнымды тапқан – Алмагүлмін. 15 жыл бұрын жұмысты тек ақша табу үшін істеген едім, бүгін керісінше, ләззат алу үшін, адамға пайдамды тигізу үшін жұмыс істейтін – Алмагүлмін. 15 жыл бұрын өзімді, отбасымды ғана ойлаған болсам, қазір елімді, мемлекетімді ойлаған – Алмагүлмін.

 

Алмагүл Чабаеа

 

Оқи отырыңыз:

♦Оратор болғыңыз келсе... Білікті маманнан басты кеңестер

Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір