• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:29:35
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2019 Сұхбат

Сүйегі темір, жүрегі нәзік қайсар қыз қалай аяққа тұрды?

Нәзік те сымбатты ару, өмірдің қатал сынына төтеп беріп, талай қиындықты басынан өткерсе де мойымаған батыл жан.

Надира Аухадиева: "Өмірге талпыныс, әрбір күнге құштарлық - адам баласын алға қарай жетелейді" дейді. Өмірдің заңдылығы да сол болса керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз өмірде барымызды бағалау, жақындарымыздың жанынан табылу бізге берілген ең құнды қасиет екеніне сан мәрте көз жеткізген.  Нәзік те сымбатты ару, өмірдің қатал сынына төтеп беріп, талай қиындықты басынан өткерсе де мойымаған батыл жан. Табиғатынан нәзік Надира Аухадиева Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берген болатын.

 

Сүйегіңді темірмен алмастырамыз дегенде қорқыныш сезімі пайда болды

Бұл ауру ең алғаш 2014 жылы басталды. Ол кезде тіземде кішкентай ісік пайда болған болатын. Бірақ ол ауырмайтын, ешқандай кедергі жасамайтын, жүрген кезде сезбейтінмін.Басында ол кішкентай болған шығар, мен оны байқамадым. Кейін ол өсіп, үлкея келе көзге көрінерліктей болған кезде ғана  дәрігерге бардым. Тексерулердің барлығынан өткеннен кейін ауруханаға жатқызды. Сосын биопсия алып, операция жасауымыз керек деді. Олар ота барысында терімді ашқан, ісікті көрген бірақ алып тастамады. Ісік сүйекке жақын орналасқан, жабысып тұр деп түсіндірді. Дәрігерлер сүйекке жабысып тұрған ісіктің бөлігін титанмен алмастыруымыз керек деп шешті. Отадан кейін ісіктің кішкентай бөлігін алып, лабараторияға тексеруге жіберген. Ісік зиян емес (доброкачественная опухоль) болып шықты. Тағы да ота жасау керек, сүйегіңді темірмен алмастырамыз деді. Мен түсінбеймін, ішімнен мен қалай темірмен жүремін деп ойладым. Бір аяғым екінші аяғымнан ұзын болып қалады деп қорықтым.Ауруханада жатқан кісілердің неше түрлі әңгімелерін естіп, қорқынышым одан сайын артты. Сосын мен ондай ота жасатпаймын деп шештім. Сөйттім де ісіктің көзін жоюдың басқа амалдарын іздестіре бастадым. Шөп дәрілерінің барлық түрін ішім, халық медицинасына жүгіндім. Сөйтіп жүріп ісік керісінше ұлғая бастады. Бір күні ұйқымнан оянсам, аяғымдағы ісік қанап жатыр. Дереу жәдел-жәрдем шақырып, №7 ауруханаға жеткізілдім. Сол кезде сізде басқа амал жоқ, аяғыңызды кесу керек деді. Оның өзі палаталарда орын жоқ болып, біраз қиындықтар тудырды. Туыстарға, таныстарға хабарласып жатып әрең дегенде орын таптық. Мені отаға дайындады, 2017 жылдың 24 қаңтарында аяғымды кесті. Кескен кезде ісіктің тағы бір бөлігін алып лабараторияға жіберді. Енді осы жол бұл ісік рак болып шықты. Қаншама жыл жүріп, ракка айналып кеткен екен.Кескеннен кейін екі аптадан кейін үйге жіберді. Ол кезде мен әлі төсектен тұра алмайтынмын. Өйткені қан айналымы өзгереді екен. Соған денем үйренісе алмай біраз қиын болды. Төсектен тұрып отырайын десең, басың айналады. Ақырындап орнымнан тұра алатын жағдайға жеттім. Мүгедектерге арналған арба сатып алып, сонымен қозғала бастадым.

Қалайда балдақпен барамын деп серт бердім

Зертхананың сараптама қорытындысы бойынша «рак» деген диагноз қойылған кезде, дәрігерім міндетті түрде химиялық терапия алу керек деп айтты. Оған да өтініш қалдырып, квота жасату керек екен. Барлық құжаттарымның жұмыстарына анам жүгірді. Наурыз айында бірінші химиямды алуға бардым. Алғашқыда оның қандай болатынын түсінген жоқпын. Ол жер Жароков пен Бәсенов көшелерінің қиылысында орналасқан ескі ғимарат екен. Оның бірінші қабатында ер адамдар жатады, әйел адамдар екінші қабатында орналастырылыпты. Мені екінші қабатқа көтеріп шығару үшінсол жердегі дәрігерлер біраз тер төкті. Қасымда қолдау көрсеткен жақындарым болды. Сөйтіп бірінші химияны алып, үйге келдім. Бірінші химия біткеннен кейін қайтадан арбаммен көтеріп төменге түсірді. Сосын мен өз-өзіме, екінші химияға қалайда балдақпен барамын деп серт еттім. Айтқанымдай екінші рет химия алуға балдақпен бардым. Химиядан кейін қатты ауырасың, басың ауырады. Тіпті кішкентай бөлмемнің ішінде қозғала алмай қалдым. Ұзын шашың уысталып түскендежүрегің шыдамайды. Барлығы қиын болып кетті. 4 рет химия алған едім. Осындай кезде адам күйзеліске ұшырайды, ауруханаларды көргісі келемейді. Менде де сондай жағдай болды. Өз-өзіме әрең келдім. Сол жылы комиссиядан өтіп, 2-топ мүгедектігін алдым.

Надира аухадиева

Бір күннің ішінде қаражат табылды

Мен тезірек аяққа тұрсам деп талпындым. Протез алу үшін де біраз жүгіруге тура келді. Құжаттарымды жинастырып тапсырып қойғаннан кейін, олар: «бізге әзірге ешқандай қаражат бөлінген жоқ, біраз уақыт күтесіздер», - деді. Ол жерде де кезек, мүгедектердің барлығы құжат тапсырған. Мен 3 ай бойы күттім. Апта сайын қоңырау шалып сұраймын. Олар маған әлі қаражат түскен жоқ деп жауап береді. Шыдамым таусылды, кейін тағы барып маған қандай протез беріледі, егер оны өз ақшамызға сатып алатын болсақ, қанша тұратынын сұрастырып білдік. Бағасы 900 мың теңге екен. Дәл сол уақытта ондай қаражат жоқ, бірақ табатын шығармын деп ойладым. Сөйтіп инстаграмм арқылы ақша жинасам деп үміттендім. Кейбір журналистер менің оқиғаммен танысып, маған байланысқа шықты. Сөйтіп репортаж жасайық деп ұсыныс жасады. Олар протез жасайтын зауытқа барып «не себепті қаражат жоқ?», деп сұраған. Мен туралы  «31» арнадағы «Информбюродан» репортаж шықты. Ертесіне таңғы сағат 9-да протез зауытынан үйге қоңырау шалды. Олар хабарласып: «біздің зауытқа қаражат түсті, протезіңізді келіп алып кетіңіз», - деді. Сол күні сағат 10-да КТК журналистерімен кездесуім керек болатын. Сонда олар репортажға дейін қаражат жоқ деп келген, сол бір түннің ішінде мемлекеттен бірден қаражат аударылыпты. Сөйтіп мені шақырғаннан кейінКТК журналистеріне рахмет айтып, «маған протез беретін болды» дедім. Репортаж жасамайтын болдық. Барғаннан кейін өлшемімді алып, протез жасап берді. Сөйтіп тегін протез алдым.

Надира Аухадиева

Германияда екі ай ем қабылдадым

Уақыт өте келе ол протезбен жүру өте қиын болды. Инстаграмда бір қызбен таныстым. Ол бұрын Ресейде туып өскен. Қазір Германияда тұрады екен. Тұрмысқа шыққан, бір баласы бар. Ол қыздың да жағдайы менікіндей, бірақ екі аяғы жоқ. Ол: «Кәдімгідей жүремін, кәдімгідей көлік жүргізе аламын. Осы екі аяқсыз-ақ бала көтеріп, босандым», - деді. Германияда протездердің сапасы жақсы, керек десең мен өзімнің дәрігерімнен сұрап білейін деп, маған көмек қолын созды. Электронды пошта арқылы барлық керекті құжаттарымды, аяғымның суретін, аяғымның қалай қозғалатынын видеоға түсіріп жібердім. Олар «жасауға болады» деген жауап қайтады. Сосын тағы журналистермен байланысқа шығып, сюжет жасады. Алдыңғы протезге үйрене алмай қиналғаннан кейін мәжбүр болдым. Бірақ Германияға бармас бұрын осы жақтағы протез жасап берген жерге барып,«басқа протезді қалай жасауға болады, мына протезге мен үйренісе алмадым» деп сұрадым. Олар маған алғашқы протез сізге заң бойынша 3 жылға беріледі, мұнымен қалайда жүріп үйренуіңіз керек деді. Енді 2020 жылға дейін тек жөндеп бере аламыз, бірақ түгелімен басқа протезге ауыстырып беру тек қана үш жылдан кейін мүмкін болады деп жауап қайырды. Осылайша көптің арқасында ақша жиналып, 2018 жылдың жаз айында протез жасату үшін Германияға ұшып кеттім. Сөйтіп мен сол жерде екі ай болдым. Олардың протез жасап беру технологиясы мүлдем басқа. Олар алдымен аяғымды толық зерттеді, барлығын дұрыстап түсіндіріп берді. Протез киген кезде протездің ішінде етіңіз қысылады, кішкене солады, кішкене етіңіз кішірейеді, сол себепті біздің бірінші жасағанымыз сізге үлкен болып қалады, оны ауыстыруымыз керек деп, тізбектеп айтып берді. Сол үшін олар екі рет сынама протездер жасады. Бір ай мен сондай сынамамен  жүрдім. Германиядағы білікті мамандардың емі мен күнделікті жаттығуларынан кейін аяғыма ыңғайлы протез жасап берді.

Менің мамандығым –экономист

Бірақ денсаулығыма байланысты мамандығым бойынша жұмыс істеген емеспін. Ауырғаннан кейін мүлдем үйде отырып қалдым. Үйде болған соң ішің пысатыны анық. Сол себепті өзімнің айналысатын шағын ісім бар десек те болады. Қосымша табыс ретінде қолдан неше түрлі әшекей бұйымдарды тапсырыспен жасап сатамын. Алдағы уақытта халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмысқа орналасу жөнінде мүгедектерге қандай  жеңілдіктер қарастырылғанын анықтап, зерттеу ойымда бар.

 Надира аухадиеваНадира аухадиева

Адам күйзеліске ұшырағанда жалғыз қалмау керек

Мені аяққа тұруға қандай күш итермелегенін білмеймін. Мен өзімді кемтар, мүгедек сезінгім келмегенім үшін шығар. Өйткені мен протезім жоқ, балдақпен жүрген кезімде тіпті шашым да жоқ кезде парик тағып алып, боянып-сыланып театрға баратынмын. Мен өзімді жарымжан сезінгім келмеді. Біздің елдің адамдары мүгедектерге әлі үйренбеген. Бірінші рет көргенде таңданыспен қарайтын.

Надира аухадиева

Бір күні өзімше фотосессия жүргізгім келді. Сол кезде маған фотосессия қала сыртындағы егістік алқабында болады деді. Мен қалайда баруым керек деп тұрып алдым. Сол кезде паригімді киіп, боянып, көйлегімді киіп балдақпен суретке түсуге бардым. Қазір оны есіме алсам,өзіме таң қаламын. Бірақ дәл сол уақытта мен солай істегім келді. Ол менің сол кездегі таңдауым болды. Осындай жағдайлар мені алға жетелеген шығар. Үйде уақытым келер деп отыра берсем де болар еді. Мен жаман ойларға бой алдырмас үшін қалаға көбірек шығып, ел көп жүретін жерлерде жүруге тырыстым. Маған сол көмектескен шығар деп ойлаймын. Адам күйзеліске ұшыраған кезде жалғыз қалмай, сыртқа шығып, елмен араласып, бір жерлерге барып қыдырса көп көмегі тиеді. Ал енді протезім болған кезде шығамын деп  үйде отыра берсең, аурудан айығуың қиын. Адам керісінше бой бермеуі керек, мойымауы керек.

Әңгімелескен: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір