• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:13:17
Алматы
+35°

29 Сәуір, 2019 Сұхбат

Надира Аухадиева: Темір аяқпен сүрініп, мүсәпір халге түскім келмеді

Менің қателігім – халықтық емдерге сеніп жүріп, біраз уақытымды жоғалтып алғанымда. Дәрігерлерге сенбей жүрдім.

Өмірдің нәзік иірімдерін жан жүрегімен сезіне білген Надира Аухадиеваның оймақтай ойларын назарларыңызға ұсынамыз. Өзгелерге айтар өзіндік парасаты бар арудың сұхбаты Qamshy.kz ақпарат агенттігінде жарық көрген болатын. Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде белсенді арудың жазбалары да ешкімді бей-жай қалдырған емес.

Әрбір сәтіңіз бақытқа толы

Сізді шынайы қуанышқа бөлейтін іс – ең алдымен өзіңіздің көзқарасыңыз бен ұстанымыңызға байланысты. Кейбір адамдар мен мынадай жағдай болғанда өзімді қуанышты сезінемін, белгілі бір жетістікке жеткен кезде мен бақытты боламын дейді. Соны сіз неге қазір сезіне алмайсыз? Не себепті уақыт өтіп жатса да жетістікке жеткен жоқсыз? Себебі мен мынадай жағдай болғанда ғана қуанышты боламын деп емес, дәл қазіргі жағдайда қуанышты болуды үйреніңіз! Адам қолда бардың қадірін түсінбейді. Одан айырылған сәтте ғана көз жеткізе бастайды. Бетін әрі қылсын, бірақ үйіңде біреу ауырып қалса ғана оны бағалайсың, жағдайын түсіне бастайсың.

 

Сиқырлы таяқшасын сермесе өміріміз гүл болады деп ойлаймыз

Кемшіліксіз пенде жоқ. Менің де үлгі алуға болмайтын кемшіліктерім жеткілікті. Алайда мен әлі де сол мінезімді түзетіп, әлі де жұмыс істеумен келемін. Адам қателіктер жасау арқылы ғана шыңдалады. Сол арқылы өсесің, үйренесің бір жетістікке жетесің. Бір тұжырым жасап, бір қорытындыға келесің. Менің қателігім – халықтық емдерге сеніп жүріп, біраз уақытымды жоғалтып алғанымда. Дәрігерлерге сенбей жүрдім. Қазір бір жерде емші бар екен, өмірімді 100% болжап берді десе, сол адаммен сөйлескім келмейді. Ондай қателікті енді жасамаймын деймін. Мысалы, сіздің басыңызда шешімін таппаған бір мәселе бар. Не істесем екен деп, күндіз-түні бас қатырасыз. Алайда сол мәселеңізді шешіп беретін арнайы маманның да бар екенін білесіз ғой?! Ол кісі оқыған, қаншама жыл сол мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр. Сіз сол маманға барасыз, мәселеңізді айтасыз, шешімін табасыз. Ең қысқа жолы сол. Мен сияқты сан түрлі жолын іздемеу керек. Өмірде барлығы қарапайым. Әр түрлі ғылыми негізде дәлелденген кітаптар бар. Сондай кітаптарды оқу керек. Ең алдымен не нәрсенің болса да, себебін іздеген дұрыс. Біз кейде жалқаулығымыз ұстап, одан да бақсыға барып, 1000 теңгесін бере салайық дейміз. Оның сиқырлы таяқшасы бар, соны сермесе, өміріміз гүл болады деп ойлаймыз. Мен де дәрігерлерге сенбедім, қорықтым. Қорқыныш сезімі мені дұрыс емес жолдарға итермеледі. Ол сезімді мүлдем алып тастау керек. Басында протезбен жүрген кезде "құлап қалам ба?" деп қорқатынмын. Ол да кедергі болуы мүмкін.

 Надира

Театрға барғанды ұнатамын. Абай атындағы опера және балет театрына, Мұхтар Әуезов театрына жиі барамын. Мысалы, опера және балет театрында жанды дауыста оркестр ойнайды. Ол жерде классика орындалады. Таза, тірі музыка тыңдап қайтасың. Сондай жерде отырып жанды дауыстағы музыка әуеніне құлақ түрсең, кәдімгідей демалып шығасың. Әуенді естіп, әрбір нотасын бойыңа дарытасың. Шынайы музыка көңіл-күйіңе әсер етеді. Театр – шынайылықтың айнасы. Адам жүрегін рухани байлыққа толтырғысы келсе міндетті түрде театрға барсын.

Надира аухадиева

Мүгедектердің жұмысқа тұруы қиын

Бізде кезекке тұрып үй алу өте қиын. Мысалы, мені және інімді анам қазір тұрып жатқан пәтерімізге үлескер ретінде жазып қойған екен. Мүгедектік бойынша кезекке тұруға болады, үй беріледі екен дегенді біреуден естідім. Мен де кезекке құжаттарымды тапсырып қояйын деп ойладым. Ол 1-2 жылдың көлемінде келе қалмайды ғой. Оны 10 жылдап күтесің. Бір емес үш рет құжат тапсырдым. Үшеуінде де "маған үй берілмейді" деді. Сөйтіп мені үлескерліктен шығарып, үйді анамның атына ғана аударатын болсақ, тағы бес жыл күтеді екенбіз. Өйткені бес жыл көлемінде сенің атыңда ешқандай дүние-мүлік болмау керек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бардым. Ол жерде ақша салып, үш жыл көлемінде жинайды екенсің. Әңгіме онымен де бітпейді. Бағдарламамен үй алу үшін сенің жалақың орташа есептегенде 200 мың теңге болу керек. Одан төмен болса бермейді. Содан кейін мен көп ойландым. Ондай жалақыға кім мені жұмысқа алады? Мысалы менің жағдайымда сағат таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін істей алмаймын.

Надира аухадиева

Өзіңе сенімді бол

Өзіңе сенім арта біл. Бірде мен өзімнің ренішіммен жұмыс істегім келді. Нақтырақ айтар болсам, кейбір адамдарды кешіріп, ренішімді басуды ойладым. Сөйтіп осы жөнінде бір мақала оқыдым (қай жерден оқығаным есімде жоқ). Ол жерде өзің ренжіген адамдардың тізімін жазып, не үшін ренжігеніңді қағазға түсір деп айтылған. Сосын ол адамды ойша елестетіп, сені кешірдім деп ішіңнен қайталауың керек екен. Менің ойымша, ренішті ұмытудың ең тиімді тәсілі – ренжіткен адамыңнан мықты бола түсу керек. Өзіңді өзің жетілдір, оқы, ізден, еңбектен. Еңбектенсең бойыңда сенімділік пайда болады.. Өзіне сенімді адам өзгелерге өкпе артпайды. Өзіне сенімді адамды ешкім де ренжіте алмайды.

Надира

Ең алдымен әр нәрсенің себебін іздеңіз. Неге? Неге сіз өзіңізге сенбейсіз? Мүмкін бала кезіңізде сіздің кемшіліктеріңізді бетіңізге басқан болар. Сенің қолыңнан келмейді, қоя сал дегендер болған шығар. Сол үшін ең алдымен кездескен қиыншылықтың себебін іздеу керек. Және сол себебін мүлдем алып тастауға тырысу керек. Бұл денсаулыққа да байланысты. Бір жеріміз ауырса дәрі жазып береді, дәрі - аурудың белгілерін алып тастайды. Мысалы, басыңыз ауырып тұр делік, сізге дәрі жазып береді. Бас ауруының белгілері кетеді. Ал не себепті бас ауруы пайда болды дегенге мән бермейміз. Себебін іздемейміз. Негізі ең алдымен себебін анықтауымыз керек. Мәселе де сол сияқты. Ең алдымен себебімен күресіңіз.

Менің аяққа тұрып, өмірге өзгеше көзқараспен қарауыма ешқандай мотивациялық кітаптар, тренингтер әсер еткен жоқ. Мен табиғатымнан мінезім қатты адаммын. Әрдайым алға қойған мақсатыма жетуге тырысамын. Өзгелердің маған аяушылық сезіммен қарағанын қаламағаннан болар, төсекке таңылып жатқым келмеді. Көбірек серуендеп, ел алдында жүргенді ұнатамын. Сізде ертеңгі күнді немесе өзгеше сәтті күтіп, бір бақыттың боларын тосып жатпаңыз. Бақытты болуға бүгінгі күннен, дәл қазіргі сәттен бастап ақырын қадам жасаңыз. Мен де болашақтан зор үміт күтемін. Ертеңгі күнімнің жарқын боларына сенемін. 

Дайындаған: Маржан Сәбет

Оқи отырыңыз: 

♦Сүйегі темір, жүрегі нәзік қайсар қыз қалай аяққа тұрды?

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір