• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:24:47
Алматы
+35°

29 Сәуір, 2019 Экономика

Табыс сыры: Бай болу үшін қанша сағат жұмыс істеу керек?

«40+» формуласын табысты еңбек ету жолында қалай пайдалануға болады.

Өз еңбегімен байлық жинаған миллионерлердің көпшілігі табанды еңбек етеді. Тіпті жұмыс істеу қарқыны кешегіге қарағанда бүгін еселене түсуі мүмкін. Кеңсеге жұмыс уақытынан ерте келіп, өзгелерге қарағанда көбірек еңбек етіп, жұмыс соңында қайтуды әдетке айналдырады. Олар өз саласындағы еңбекқорлар санатына жататын адамдардың арасында үлкен беделге ие. Бұл жағдай бәріне жақсы таныс.

Өз тәжірибеңізде «40+» формуласын қолданып көріңіз. Бұл формула бойынша бір аптада 40 сағат «өмір сүру үшін» жұмыс істейсіз, ал 40 сағаттан тыс уақытты – табысқа жету үшін жұмсайсыз. Егер сіз 40 сағаттан жұмыс істейтін болсаңыз (бүгінде жұмыс аптасының орташа ұзақтығы – 35 сағат), онда тек өмір сүріп жүрген боласыз. Сол себепті ешқашан алға жылжи алмайсыз. Үлкен қаржылық табысқа жетем деген ойыңыз да құр әурешілік болып қалады. Әріптестеріңіз де сізді сыйлап, жоғары бағаламайды. Аптасына тиісті қырық сағаттық  жұмыспен шектелсеңіз, талантыңызды шыңдауыңыз да екіталай.

Есесіне 40 сағаттан тыс уақытты сіздің болашағыңызға салған инвестицияңыз деп есептеуге болады. Егер сіз әр аптада қырық сағаттан тыс уақытыңызды қаншалықты жұмысқа арнайтыныңызды бақыласаңыз, онда 5 жылдан кейін қайда болатыныңызды өзіңіз-ақ аса дәлдікпен болжай аласыз.

Таза өз еңбегімен ақша тауып жүрген америкалық миллионерлер аптасына 59 сағат жұмыс істейді. Көпшілігінде, бұл көрсеткіш 70 немесе 80 сағатқа жетуі мүмкін. Әсіресе кәсіпкерлік мансабының алғашқы кездерінде бұл көрсеткіштің деңгейі арта түседі. Олар, орташа есеппен, аптасына 5 күн емес, алты күн еңбектенеді. Әрі олардың жұмыс күндері тым ұзақ. Егер сіз миллионермен сөйлескіңіз келсе, онда оған жұмыс уақыты басталар кезде немесе жұмыс уақыты бітер кезде хабарласыңыз. Өзі ақша тауып, байыған миллионер, сағат тоғыздан беске дейін жұмыс істейтін қатардағы қызметкерлер енді жұмысқа келіп жатқан кезде, жұмыс үстелінің басында отырады. Және де жұмыс уақыты бітіп, барлығы үйді-үйіне тарқасқан кезде де сол жерден табылады.

«Жұмыс орнында отырған уақыттың барлығында тек қана жұмыс істеңіз» деген жақсы ой айтылады. Жұмыс істеп отырып, уақытыңызды тиімсіз нәрселерге жұмсамаңыз. Таңертең кеңсеге кірген бойда жұмыс үстеліңізге отырып, алдыңызда жатқан қағаздарға үңіліп, бірден жұмыс істеуді бастап кетіңіз. Егер әріптестеріңіз сіздің ойыңызды бөліп, әңгімелесуге шақырса, кешірім өтініп: «Мені жұмыс күтіп тұр!», - деңіз.

Бұл үй шаруасымен айналысуды, достарыңа хабарласуды, әріптестеріңмен сөйлесуді немесе газет оқуды доғару керек деген сөз емес. Алайда жұмыс уақытында, міндетті түрде жұмыс істеңіз. Бүгіннен бастап фирмаңызда бәрінен де қарқынды әрі көп жұмыс істейтін адамның беделіне жету үшін алдыңызға мақсат қойыңыз. Ол өз кезегінде сізге көмек қолын созуға дайын адамдардың санын арттырады.

Авторы: Брайан Трейси

«Миллионерлердің 21 құпиясы»

 Аударған: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір