• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:03:18
Алматы
+35°

27 Сәуір, 2019

Вице-Премьер елдің әл-ахуалымен танысты

2019 жылы да өз қаражаттары есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананы аяқтау жоспарда бар.

Ағымдағы жылғы 26-сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың жетекшілігімен Үкіметтік делегация Алматы қаласында Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру жұмысын жалғастырды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Түске дейін Вице-Премьер Г. Әбдіқалықова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, қала әкімі Б. Байбек "Бақытты отбасы" және "Белсенді ұзақ өмір" жол карталарының іске асырылуы жөнінде кеңес өткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат іске асырылып жатыр. Басты міндет — азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Бүгінде қалада көп балалы аналар мен қарт адамдарды қолдауға бағытталған "Бақытты отбасы" және "Белсенді ұзақ өмір" жол карталары жүзеге асырылып жатыр. 13 шара қарастырылған Жол картасы бекітілді. Жұмысы "бір терезе" қағидасы бойынша жүргізілетін "Бақытты отбасы" орталығы ашылуда. Онда заңгерлер, психологтар, жаттықтырушылар және т.б. жұмыс істейтін болады. "Бақытты отбасы" қайырымдылық қоры құрылып, меценаттар мен жұртшылықтың арқасында 131 млн теңгеден астам қаражат жинап үлгерді. 1 мыңнан астам отбасыға материалдық көмек көрсетілді.

Алматы елімізде алғаш болып "Бақытты отбасы" жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Мамыр айында 30 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті. Атап айтқанда, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 250 теңге) 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл шарамен 10 мыңнан астам отбасы қамтылатын болады.

Содан кейін Г. Әбдіқалықова және Б. Сапарбаев аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізіп, онда әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады.

2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келеді. Бүгінде 21,6 млрд теңге сомасына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды.

Вице-Премьер көп балалы аналармен кездесуде мемлекет азаматтардың аз қамтылған санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін артып, 20 789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат берді.

С. Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің жатақханасын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары "Елбасының бес әлеуметтік бастамасын" іске асыру аясында ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасының орындалу барысымен танысты.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді. Кездесуде студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі үшінші бастаманың іске асырылуы туралы ақпарат тыңдалды, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Жоғарыда аталған бастаманы орындау үшін қалада студенттер жатақханаларын салу жұмысы жалғасуда. 39 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 149 мың адам білім алады, оның 92 мыңнан астамы басқа қалалардан келген студенттер. Барлығы 95 жатақханада 30 мың (33%) студент тұрады. 

2018 жылы жоғары оқу орындарының өз қаражатының есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. 2019 жылы да өз қаражаттары есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананы аяқтау жоспарда бар.

Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова жатақханаларды уақытылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдайлар жасау үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде жоғары оқу орындарының ректорларына, мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ұсынған: Әділет Мәдениет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір