• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 18:01:00
Алматы
+35°

03 Мамыр, 2019 Сұхбат

Ғазиза Ұзақ: 28 ілмек – шала туған сәбилерге жылу сыйлайтындар мекені

Біз тоқыған бұйымдарды өз балаларына Олег Борецкий, Төреғали Төреәлі, Тоқтар Серік секілді жандар алған.

2012  жылдан бастап елімізде еріктілерден құралған «28 ілмек» клубы жұмыс істейді. Клубтың мақсаты – шала туған сәбилерді өмірге бейімдеу үшін тоқыма бұйымдармен қамтамасыз ету.

28 ілмек

Негізінде 500-2000 гр, яғни, 2 кг дейінгі балалар шала туған деп есептелінеді .Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын жарыққа келетін сәбилердің 4-12 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келеді екен.

шала туған сәбиШала туған сәбилер үшін жүннен дайындалған тоқыма бұйымдар қолданылады. Мұндай сәбилердің тыныс алу орталығы дұрыс жұмыс жасамайды, сондықтан, олар ұзақ ұйықтап кетеді. Сол кезде аталмыш бұйымдар нәрестенің денесіне әсер етіп, қозғалысқа бейімдеп тұрады.Көбінесе бас киім, шұлық және кеудеше пайдаланылады екен. Себебі, жаңа туған сәбидің басындағы жылу тез жоғалады және аяғы мен қолдарының ұшына келгенде қан айналымы салқындап, жүрмей қалады.

шала туған

17 қарашада әлем бойынша Халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі.

28 ілмек

Журналист, блогер, PR маманы, Алматы қаласындағы "28 ілмек" клубының жетекшісі – Ғазиза Ұзақтан сұхбат алған едік. Ендеше, мархабат.

28 ілмек

Ғазиза, аталмыш клубқа қашаннан бері мүшесіз? Клуб авторы кім, неге «28 ілмек»? Бұл клубқа қалай келдіңіз?

–  Клуб авторы журналист, фотограф – Карла Нур. Атауына келсек, біз шала туған сәбиге арналған шұлық тоқу үшін алдымен 28 ілмек теріп аламыз. Барлығы 28 ілмектен басталады. Клуб алғашқыда өз жұмысын бастаған кезде тек шұлық тоқыған едік. Сол себептен атауы 28 ілмек болып кетті.

«28 ілмек» клубы жайлы алғаш рет 2012 жылы, яғни клуб өз ісін бастаған кезде естідім. Бірақ, бұл клуб жайлы аса көп біле бермейтін едім. Себебі, клуб қызметі, мақсаты, жалпы ақпараты жайлы көп айтыла бермейтін. Ол кезде клуб қызметі де басқаша еді. Клуб мүшелері аз еді, анда-санда ғана жиналатын. Араға 1,5 жыл салып, клубқа қосылдым. Бала кезден нағашы апамның ұршық иіріп, жүн түтіп, анамның неше түрлі киімдерді тоқитынын көріп өскендіктен болар, мен де кішкентай күнімнен бастап тоқимын. Тоқу – өте жақсы ермек. Сүйікті ісіңмен айналысып қана қоймай, қоғамға пайдаңды тигізіп жатсаң, жақсы емес пе?! Қазір клуб мүшелерінің саны артты, аумағы да кеңейді. Қазақстанның 15 қаласынан өзге клуб Қырғызстан, Өзбекістан, Әзербайжан, Украина, Латвия, Ресей секілді мемлекеттерінде өз қызметін атқарып келеді. 100 пайыз таза жүн жібінен тоқылған бұйымдар шала туған сәбилерге жылулық сыйлайды, тезірек ширап, салмақ қосуына, қан айналымының дұрыс болуына ықпал етеді.

28 ілмек

–Сіздер тоқитын киімдердің «сиқыры» қандай?

– Бұрындары атам қазақ шала туған балаларды тымаққа салып өсірген. Біз болсақ, таза жүн тоқыма жіптерін тоқимыз. Эффект бірдей. Жылулық сыйлайды, қан айналым жақсартады, баланың тыныс алуы мен тезірек салмақ қосуына ықпал етеді

Біз тоқыған бұйымдар шала туылған сәбидің алғашқы киімдері десек артық айтқанымыз емес. Себебі, мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилерге киім жоқтың қасы. Жаңа туған сәбилерге арналған киімнің өзі оларға үлкен. Мысалы, шала туған баланың басы үлкен адамның жұдырығымен, ал аяғы бармағымен бірдей. Бойы не бәрі 35-40 см болады.

28 ілмек

28 ілмек

Клуб мүшелері ай сайын жиналып тұра ма әлде нақты кесте, жоспар бар ма? Клубта ер адамдар бар ма?

– Әр қалада клуб қызмет әрқалай жүргізіледі. Кейбір қалаларда клуб мүшелері әр апта сайын жиналса, кейбіреулері әр ай сайын немесе әр 2-3 сайын кездеседі. Мысалы, мен өз тобымдағы қыздармен 1-2 ай сайын кездесеміз. Себебі, әркімнің өз жұмысы, қызметі, шаруасы бар дегендей. Біз көбіне бос уақытымызда тоқимыз. Тоқылған бұйымдарды жинап, перинаталды орталықтарға жеткіземіз. Жалпы, клуб мүшелерінің қатарында ер адамдар бар. Олардың саны көп емес. Астана, Ташкент, Орал қалаларында бар.

28 ілмек

28 ілмек

Тұрақты демеушілеріңіз бар ма? Әлде демеуші де, тоқымашы да өздеріңіз бе?

– Тоқыма жіптерін әр ерікті өз қаржысына сатып алады. Бірақ, бізге тұрақты түрде қаржылық көмек көрсететін және тоқыма жіптерін сыйға тартатын жандар бар. Кейде біздің игі қызметімізге ризашылығын білдіретін ата-аналар да бар. Балаларының фотосуреттерін жіберіп, бізге тоқыма жіптерді сыйлап жатады.

28 ілмек

28 ілмек

– Танымал тұлғалардың клуб туралы көзқарасы қандай екен? Сіздерден киім алғандары болды ма?

– Біздің клуб жайлы көптеген адамдар біледі. Қоғамның көзқарасы түзу. Ізгілікке толы ісімізге жақсы баға беріп, ризалығын білдіріп жатады. Сын пікірлер айтып, мін тағатындар да кездеседі. БАҚ өкілдері әрдайым клуб қызметі жайлы қалың көпшілікті ақпараттандырып отырады. Ал танымал жандарға келсек, олар да клуб жайлы естіген бойда жақсы пікірлерімен бөлісті. Мысалы, біз тоқыған бұйымдарды өз балаларына Олег Борецкий, Төреғали Төреәлі, Тоқтар Серік секілді жандар алған. Ал демеушілікке келсек, бізбен бірге белгілі спорт жұлдызы, Ванкувер қаласында өткен олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінген биатлоншы Елена Хрусталева шалабай балаларға бұйымдарды тоқыды. Тоқыма жіптерін сыйға тартты.

Әрдайым бізге АҚШ-та тұратын өзіміздің жерлесіміз белгілі музыкант,  Steinway Artist атағын иеленген жалғыз қазақстандық пианист Қадиша Оңалбаева көмек көрсетіп тұрады. Өзі мұхиттың арғы жағында болса да тоқыма жіптерді жолдап, әр кез клубтың жаңалықтарын оқып, балалардың халін сұрап, біздің қыздарға әдемі тілектерін айтып отырады.

28 ілмек

Төмендегі егіздер әнші Көркем Сейсембек пен журналист Гүлдана Иманбайдың қыздары: Әмина мен Фатима

28 ілмек

28 ілмек

Клубқа мүше болғысы келетін еріктілерге нақты ережелер, талаптар бар ма?

– Біздің клубқа кез келген жан мүше бола алады. Тоқи алмаса, үйретеміз. Ең бастысы, мерзімінен ерте туған сәбилерге көмектесемін деген ниеті болса болғаны.

Жүрегі кең жандардың барлығын қатарымыздан көргіміз келеді. Жас ерекшелігіне де мән бермейміз. Біздің қатарымызда үлкен-кіші жандар бар. Барлығының өз ісі, өз қызметі бар. Бірі студент, бірі психолог, бірі жеке кәсіпкер, бірі зейнеткер тсс. Мысалы, арамызда үлкен апаларымыз бар. 81 жастағы Тамара мен 76 жастағы Ақыл деген бізге жол көрсететін, тәжірибесі мол тоқымашы апайларымыз бар. Кішкентай сәбилерге әдемі бұйымдарды тоқып қана қоймай, олар өзге де қызықты істермен айналысады. Біздің апаларымыз бос уақытында бақшада гүл өсірумен айналысса, жазда тауда шығып серуендейді. Сондықтан да кез келген жандарды өз қатарымыздан көруге асығамыз.

28 ілмек

– Еңбектеріңізді елеп, осы жылдар ішінде клуб қандай да бір марапатқа ие болды ма?

2017 жылы "28 ілмек" клубын "Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін "Алтын жүрек" жүлдесімен марапаттады. Бұл да біздің жетістігіміз, риясыз еңбегіміздің бағаланғаны деп білемін.

28 ілмек

28 ілмек

–Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір