• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
23 Қыркүйек, 10:55:10
Кекілбаевқа арналған кеш

03 Мамыр, 2019 Әдебиет

Қоқыстан табылған миллионер қыз – "Ұлы даланың сандалбайы"

Оның спонсоры – Алла Тағала

Жаңбырлы күн. Қолымда қолшатырым жоқ. Бүгін төрт адаммен кездесуім қажет. Жоспар бойынша. Ұлдана – біріншісі. Күтіп отырмын, күтіп отырмын. Есік жаққа қарап қоямын. Ол кешікті... Бірде күн сияқты жарқыраған сап-сары сырт киімін шешіп, қарама-қарсы бетке келіп жайғасты. Жанарына қараймын. Кітап мұқабасында ағыл-тегіл көз жасына ерік беріп, бетіндегі бояуы ақса да көзінің өткірлігі таймаған қыз дәл қазір күліп-жайнап отыр. Ол – қоқыстан табылған миллионер қыз. Аты-жөні – Ұлдана Ерқасым.

Ол бір қызық адам. Қатал тағдыр сілкілеп, мың сынаса да, тыншымаған. 17 жасында миллионер атанып, 22 жасында кітап шығарған өзінің сөзімен айтсақ, «ұлы даланың сандалбайы» Ұлдана Ерқасыммен халуа қосылған кофе іше отырып құрған әңгімемізді бөлшек-бөлшекке бөліп оқырман назарына ұсынамыз.

Ол – Ардақ емес

Әр адамның өмірінде бір пендеге айтуға батылы бармаған сыры болады. Мұны әдетте шкафқа жасырған сүлдеміз деп жатамыз. Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде тұсауы кесілген «Қоқыстан табылған миллионер қыз» кітабы мотивация іздегендерге арналмаған екен. «Батылдықтың символына арналсын» деген ниетпен жарыққа шыққан туынды 23 жасқа енді толған арудың 22 жылғы өмірінің қысқаша биографиясы. Тағдырдан асқан сюжет жоқ деген сөздерді ұран еткен кітаптың 150 беті қазақша, 150 беті орысша жазылған. Ағылшынша нұсқасы да публикацияға дайын.

Кітаптың тіпті трейлері бар. Сапасы сын көтеретін бейне кадрларын көре отырып дене тітіркенеді. Видеосы осындай сұмдық болса, кітап бетінен қандай шындық оқимыз деген ой шындығында маза бермеді. #Шындықтан қашып құтылмайсың дейді жастар Жастар жылында... Ол қандай шындық?! Алматыда шалқып жүргенде ол Ұлдана болса, ауыр-ауыр заттар тасып, тауар сатқанда ол Ардақ.

Ол – алаяқ емес

«Бұл кітап қалай дүниеге келді?» деген менің сұрағыма күліп отырып Ұлдана Ерқасым былай деп жауап қатты:

«Кітап негізі осы оқиғадан бастау алады. Шетел көргісі келген қазақ қыздарын бастап, Шарм-әл-Шейх қаласына ұшып келгенбіз. Бұл Жаңа жыл қарсаңы болатын. Бәрі сәтті басталғанымен аяғы дау-дамайға ұласты. Қонақүйдің суы өшіп қалғандығына ызаланған қыздар мені бәріне кінәлай түсті. Тіпті арызданып, соттап жібергілері келетіндіктерін жасырмады. Жаңа жылдың түнінде көп жыладым. «Алаяқ», «арамза», «жезөкше» деген қауесеттен шаршаған мен бар шындығымды айтып, кітап жазатын күн жеткенін түсіндім. Түсіндім де, Алла Тағалаға «сол кітабымды жазып беретін редакторды жібере қойшы» деп жалбарындым. Құдай қабыл етті.

Ұшаққа отырсам, журналист Зарина Муслимді байқап қалдым. Тек қана Зарина ханым осы кітапты жазып шыға алатынына сенімді едім. Өзімді танымайтын бөгде жанның қасына барғызып, «қасыма отырыңызшы» деп көндіріп, өз өмірімнен сыр шерткізуге бел будым. Ойлағаным іске асты. Зарина Муслим Қазақстанға түскен бойда кездесу белгіледі. 30 сағаттық әңгіме диктофонға жазылды. 15 күн, 15 түннің ішінде мен армандаған, маған еркіндік сыйлайтын, өзгелер үшін батылдық символына айналатын болашақ бестселлер кітабы дүниеге келді. Менімен психолог Аида Өтемісова да жұмыс жасады. Кітап дизайны – Аслан Тойланиндыкі. Бүгінде кітап Меломанда өз оқырманын күтіп жарқырап тұр. Бағасы – 5880 теңге. Нумерология бойынша екі сегіздік сәттілік алып келеді екен. Мұны сәйкестік емес, тағдыр дедім».

Ол – жүк тасушы

«Сауда жасап жүргенде «Ардақпын» деп өтірік айтқан. Оқуға грантқа түспегенде «түстім» дей салған. 22 жасымда баспаналы болып, автосалоннан темір тұлпар сатып алып, группаластарын таң қалдырған. Оларға да өтірік айтқан. «Немен шұғылданасың?» деген күдікке толы сұрақтарына «сандалбаймын» деп қысқа қайырып отырған. Оқу оқымай, күндіз-түнін маңдайдан аққан терді сүртумен өткізген қайсар қыз. Тіпті бүгін түнде көз шырымын алмағаныма қарамастан сұхбатқа алып-ұшып келген бір қызық адам. Ұлдананың бір апта бойы ұйықтамай жұмыс істейтін кездері жиі болады екен. Бірақ шаршамайтын дейді... Өтіріктерден ғана әбден мезі болғанын ашық айтты. «Осы сен қандайсың?», «Жөзекше емеспісің?», «Біреудің ашынасы сияқтысың» дегендерге кітап арқылы ауыздарына қақпақ болуды жөн санапты. Қаншама жылдар бойы бәрін іштен тындырған қыз бүгінде азат.

Ж: Сонымен, Ұлдана, алғашқы миллионға қалай қол жеткіздіңіз?

Ұ: Сауда жасадым.

Ж: Жүк тасушымын деп қалдыңыз.

Ұ: Миллионның тауарын көзге елестетіңізші. Қаншама қорап. Бір газельге сыйғызу, оны көтеріп, екінші нүктеге жеткізіп беру, орналастыру – қара күшті қажет ететін жұмыс. Қолым күс-күс, киімім кір-кір болып миллион рет осылай жүк тасушы болдым. Сырт көз мені тіпті қыз деп ойламайтын шығар. Түрім әдетте адам шошырлықтай болады.

Ж: Бүгін сіз кімсіз?

Ұ: Бүгін мен Алланы аузынан тастамайтын азат адаммын. Dream Trip компаниясында жұмыс істеймін.

Ж: Ертең кім болмақсыз?

Ұ: Үш тілде жарық көріп, оқырманның жүрегін жаулаған бестселлер кітап «Қоқыстан табылған миллионер қыздың» авторы болмақшымын. Кітабым бойынша түсірілген киноны үлкен экраннан тамашалап отыратын бақытты жан болмақшымын. Жарты жүрегін тауып, ұл-қызды дүниеге әкеліп, бай-қуатты өмір кешетін ару ана болмақшымын.

Оның спонсоры – Алла Тағала

«Меломанда" кітабыңның тұруы мақтаныш сезімін тудырады екен. Себебі қазақша жазылған кітаптарға арналған небәрі 7-ақ сөре бар. Солардың арасында енді 22 жастағы қыздың қолжазбасы да тұр. «Бұл кітаптың спонсоры кім?» деген сұрақ туындап жатыр. Мен бәріне «менің спонсорым – Алла Тағала» деп жауап беремін. Сіз мені қияли деп ойлап қалуыңыз ғажап емес. Бірақ бұл шындық. Кітапты оқи отырып, оған көзіңіз жетеді. Себебі менің үнемі жанымнан табылатын жалғыз досым бар, ол – Алла Тағала.

Қиындықта жанымнан табылып, демеу көрсеткен құрбым болған емес. Сәтсіздікпен, ауру-қайғымен, ашу-наламен де Жаратқанға жалбарына отырып күрестім. Осы кітаптың жазылу барысында суицид жайлы ой да келді. Мұны да бір сынақ деп білдім. Өз-өзімді әрең жеңдім. Мұндай жағдай өмірімде бірінші рет болды. Қанша қиындық көрсем де мойымаған мен «төменге құлдырай салсам» деген оймен алыстым. «Ұлдана, есіңді жи!» деп өз-өзіме айта бердім. Ойымды аузымдағы сөзім жеңді. Мен жалпы сөздің күш-құдыретін мойындаған жанмын. Сондықтан да қандай жағдайға қарамастан «бәрі жақсы болады», «қайырлысы болады» деп іштей күбірлеп айтып отыруды әдетке айналдырғанмын.

Алла Тағала екеуміздің арамызда нәзік бір байланыс бар. Кішкентай кезімнен бастап жатып алып Жаратқаннан жақындарыма амандық, байлық, жақсылық тілейтінмін. Тіпті алыстағы мен көрмеген біреудің жақынын да дұғама қосатынмын.

Күліп отырып жылап, жылап отырып күле салатын әдетім бар. Тіпті кітаптың мұқабасында жылап отырмын. Неге? Өз фотосессияма кешіктім. Жоспарымның күл-талқаны шықты. Визажистім кетіп қалды. Сондықтан еріксіз жыладым. Мұқабадағы фото қандай шынайы болса, кітап та сондай».

Ол – мотиватор да емес

Кішкентай кезінде тұтығып сөйлейтін қыз қазір менің алдымда көсіліп, шешен сөйлеп отыр. Оның бұл аурудан айығуына себепкер болған әдебиеттен сабақ берген ұстазы Бағдат Сырымқызы екен. Мәнерлеп оқу байқауында жеңіске жетуің керек деген ұстазы осылайша Ұлдананың тағдырын өзгерткен. Өмірінде бірде-бір семинар, тренингке бас сұғып көрмеген миллионер қыз бұл кітабы арқылы өтірік бет-пердемізді шешіп, шынайы бет-жүзімізді көрсетуімізге шақырып отыр. #Шындықтан қашып құтыла алмайсың деген жазу үшін 15 тәулікке қамалған жастарды көре отырып, бетіміз бүлк етпеген біз кітапты оқи отырып өзімізді тани аламыз ба, үлкен сұрақ. Қалай дегенмен, жастардың әлденеге ұмтылуы, әлденені аңсауы өзгерістердің басталғанын білдірсе керек. Қоқыстан табылған миллионер қыздың шыныаяқтағы кофесі таусылды. Менің кофесіз отырғаным қай заман...

(Жалғасы бар)

Сұхбаттасқан Жазира Байдалы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір