• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:25:14
Алматы
+35°

06 Мамыр, 2019 Аймақтар

Атырауда еліміздің инвестициялық климатының дамуы мәселесі талқыланды

ҚР Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитеті Атырауда еліміздің инвестициялық климатының дамуы мәселесін талқылады.

ҚР Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитеті Атырауда еліміздің инвестициялық климатының дамуы мәселесін талқылады, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегін негізге алып.

Сенаторлар мен жергілікті атқарушы органдар стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым бағыттарында «зәкірлі инвесторлармен» біріккен кәсіпорындар құру жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Атырау

Комитет төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, соңғы жылдары инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан инвестициялық тартымдылығын арттырып, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі мен Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтінгіндегі көрсеткіштерін жақсартты.

— Бүгінгі күні инвестициялық климатты жақсарту бойынша проблемалық мәселелерді жою үшін Үкімет кәсіпкерлік саласында, соның ішінде салық саласында заңнамаларды жетілдіру мәселесін қарауда, - деп атап өтті Ольга Перепечина.

— Атырау облысын кездейсоқ таңдаған жоқпыз, бұл аймақ еліміз бойынша бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде алдыңғы орында тұр, экономикалық даму қарқыны жоғары өңір.
Айрықша атап өту керек, Атырау облысы отандық ірі инвесторлар үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды аймақ, еліміздегі инвестиция көлемінің үштен бірге жуығы осы аймаққа тиесілі.

​ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталдағы инвестиция мөлшері 7%-ға артып, 2,1 трлн теңге болды. Атырау облысында инвестиция осы уақыт аралығында 10,3%-ға жоғарылап, 1 трлн теңгеге жетті.

— Атырау облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен қолға алынған жобалар қатарында 11,4 млрд доллар сомасындағы 7 жоба бар, оның ішінде 4,7 млрд доллардың 4 жобасы жүзеге асып жатыр, 6,7 млрд доллардың 3 жобасы дайындалуда, - деп нақтылады Лариса Жұмағалиева.

​Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бүгінде аймақ әлемнің 50 елімен байланыс орнатқан, бұл 1000 компания деген сөз.

— Елбасының әр өңірдің мүмкіндігін пайдалана отырып, экономиканы диверсификациялау туралы тапсырмасы бар. Атырау облысы өнеркәсіптік өндірісте көшбасшы, яғни, республикалық көлемнің 25% мұнайлы өңірдің еншісінде. Өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді басқа салаларға да инвестиция тартуға мүдделіміз,-деді Нұрлан Ноғаев.
Мүмкіндіктер бар, бастысы – инвестициялық тартымдылық. Инвестиция тарту жүйесі құрылды, - деп есептейді Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев.

Атырау

— Премьер-Министр инвестициялық омбудсмен болып тағайындалды. Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің инвестиция комитеті Сыртқы істер министрлігіне берілді, өйткені инвестиция тартуда сыртқы инвестициялардың үлесі көп. «Қазақинвест» акционерлік қоғамы құрылды, ол барлық жобаларды жинақтап, сапалы іске асуына жәрдемдеседі, - деді сенатор.

Әрине, ішкі инвестициялар туралы да ұмытуға болмайды. Отандық бизнестің мүддесі экономиканық әр түрлі салаларын қамтып отыр – ауыл шаруашылығы, мұнайхимия, т.б.

— 2012-2016 жылдары «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жаңа жобалар жасау үшін 13 млрд теңге бөлінді. Осы уақыт аралығында 35 жоба іске асты, - деп атап өтті Ғұмар Дүйсембаев.

Мұнай-газ саласындағы «зәкірлі жобалар» туралы «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев айтты.

— Бүгінде компанияның ақпараттық-мониторингтік жүйесінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 157 жоба бар, жалпы сомасы 40 млрд доллар. Сонымен қатар, келіссөздер басталған басқа да инвесторлардың тізімі жасалды. Мұндай жобалар саны – 123. Бұл жерде Үндістан, Түркия, Катар елдерінің белсенділік танытып отырғандарын атап өтуіміз керек,-деді Рустам Исатаев.

ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнайхимия саласындағы ірі жобаларға тоқталды. Ол – полипропилен және полиэтилен өндіру кешені. Полиэтилен жобасының стратегиялық серіктесі - Borealis компаниясы. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамасы дайындалуда. Құрылыс 2021 жылы басталады.

— Өз кезегінде, инвесторлардың жобаға кіруінің басты шарты – Үкіметаралық келісімге қол қою екенін атап өткім келеді. Келісімде мемлекеттік қолдау шаралары, преференциялар, инвестицияны қорғау заңнамасының тұрақтылығы, инвесторлардың басқа да талаптары көрсетілуі тиіс,-деді Әсет Мағауов.

ТШО компаниясы мен NCOC консорциумының мұнайгаз жобаларының ірі инвесторлары талқыланған мәселеге үн қосып, ұсыныстарын ортаға салды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзекті мәселенің уақытылы көтеріліп отырғанын атап өтті. Әсіресе балық шаруашылығы саласы, шетелдік компаниялардың қатысы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға шетелдік мамандарды тарту, жергілікті компаниялардың үлесі секілді мәселелер күн тәртібінде тұр.

— Заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгертулер нәтижесін берері сөзсіз,-деді Нұрлан Ноғаев. Жиналыс соңында Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина басқосу инвесторлар үшін заңнаманың тұрақтылығы, валюталық тәуекелді сақтандыру механизмі, салықтық құқық бұзушылықтағы кемсітушілік мәселесіне қатысты инвестициялық климатты жетілдіру бойынша ұсыныстарды алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

— Барлық ұсыныстар қаперге алынып, іс жүзінде жүзеге асуы үшін Үкіметке жолданады, - деп қортындылады Ольга Перепечина.

Ұсынған: Әсел Болатқызы
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір