• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Қыркүйек, 15:56:11
Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарына! «Жем шөптің бағасы күйіп тұр, "Қамшыңа" жазшы», – дейді әкем

06 Маусым, 2019 Саясат

Тоқаевты танығың келсе, тәуелсіз Қазақстанның тарихына үңіл!

Ол – дипломатия тарихында әлемдік деңгейге көтерілген қазақ.

Расын айту керек, қайраткердің өмір жолындағы қызметке адалдығы пен мемлекет алдындағы жауапкершілігі оны шырқау биікке шығарады. Артынан сөз ермеген тұлғаның абыройы осыдан кейін биіктей береді. Негізі ел үшін еңбек еткеннен артық бақыт жоқ. Неге?

Елшіліктен Ел басшылығына дейінгі жол

Мен осы мақаланы жазар алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» кітабын қайталап оқып шықтым. Оқып отырып, бір нәрсені ұғындым:Тоқаевты танығың келсе, тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихи жолына үңіл! Оның «Беласу», «Нұр мен Көлеңке» кітабын оқы!

Бірақ тарих бірден жасалмайды. Оған уақыт керек, сосын нәтиже жылдардың жемісімен өлшенеді. Ал халықаралық саясатта тарихты жасайтындар кімдер? Жауап біреу: Тоқаев сияқты тұлғалар.

–Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің халықаралық беделін нығайтуға қаншалықты күш-жігер жұмсағаны Қазақстан мен шетел жұртшылығына мәлім. Мұның өзі шынтуайтына келгенде өте күрделі жұмыс еді. Бізге бәрін жаңадан бастауға тура келді, дипломатиялық қызмет дегеніңіз іс жүзінде болған жоқ, халықаралық істерді дербес жүргізу тәжірибесін де бұрын-соңды бастан кешірген емеспіз. Осыншалық қысқа мерзім ішінде біздің еліміз Назарбаевтың бейнелеп айтқанындай, жүзжылдыққа бара - бар жолдан өтті,­ – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр мен Көлеңке» кітабында.

Расында да дипломатиялық қызмет оңай шаруа емес. Әлді мемлекеттердің әлсізге қысым жасауы, бұл әлімсақтан келе жатқан құбылыс. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Дөңгелек стол басындағы қиян кескі айтыс-тартыстар, шешілген мәселенің кейде ұзақ  уақыт талқыланып немесе кейінге қалдырылуы мұның барлығына ең алдымен төзім керек. Дипломатиялық қызметке келер болсақ, оған мәмігерлік қасиет тән. Тоқаев соңғы 30 жылда осындай қиян –кескі қиын да күрделі жолдан өтті, сыналды және шыңдалды.

Қазақстан дипломатиясында орны бар тұлға, еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі лауазымында болған Сайлау Батыршаұлы «Дипломатиялық  қызмет  және  халықаралық  қатынастар» атты кітабыңда бірінші кезекте көрнекті дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еңбегін  атап өтеді.

«1992 жылы Қазақстанның ресми делегациясы Қытайға баратын болды. Осы сапар барысында біз Ресейдің Қытайдағы елшілігінде қызмет етіп жүрген жерлесіміз, дипломат Қ. Тоқаевпен хабарласып, көмек сұрадық. Қытай тілін жақсы білетін дипломат біздің делегацияға жәрдем берді. Кейін Президент Н.Назарбаев оны елге шақырып, министрдің орынбасары болды. Өз біліктілігін шынайы еңбегімен дәлелдей білген дипломат 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды». Міне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстаннан арнайы барған делегацияға көмек көрсеткен жас жігіттің жолы дипломатияда осылай абыройлы басталған.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы 1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары, кейін Премьер-министр лауазымына тағайындалып, Үкімет басында 2002 жылға дейін отырды. Қайтадан Сыртқы істер министрі және Мемлекеттік хатшы қызметін қоса атқарды. Ал 2007 жылы және 2013 жылы екінші мәрте Парламент Сенатының төрағасы болып тағайындалды.

Тоқаев нақты айтқанда, Сыртқы істер министрі мен Сенат төрағалығын екі рет атқарған Қазақстандағы жалғыз қайраткер.

Қасым-Жомарт  Кемелұлы әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білген адам. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. 2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун білікті дипломатты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымында отырды.

 Ол – дипломатия тарихында әлемдік деңгейге көтерілген қазақ. Тоқаев еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің арттырды. Өзге елдермен жағымды байланыстар орнатуға көп күш салды. Басшы ретінде сабырлы, байсалды позиция ұстанды.

 Ол – детектиив жанрында қазақ прозасында тыңнан түрен салған жазушы Кемел Тоқаевтың текті ұлы.

Ол – шетелде тұратын қандастарымыздың көшін елге бұрған және соған барынша қолдау көрсеткен санаулы ұлтжанды тұлғалардың бірі.

Айта кетсек, бұл мәселе әсіресе, 1995 жылдың қыркүйек айындағы Елбасының Қытайға жасаған сапары кезінде оң шешім тапты. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Беласу» атты кітабында «... Дегенмен, бұл мәселе жөнінде де принципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасалмайды. Бұл маңызды келісім «Қытайдан көшіп келем» деген оралмандар санын арттыра түсуге жәрдемдесері анық», – деп жазды.

Бір ғана мысал,  1997-2001 жылдары 82 335, 2002-2006 жылдары 384 106 қандасымыз Қазақстаға көшіп келді. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандастырымыздың елге оралуын үнемі назарда ұстап келе жатқан азамат.

Ол Президент қызметіне кіріскеннен кейін «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газетіне берген алғашқы  сұхбатында «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз»,­ – деді.

Демек, Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюына  Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін ерен еңбегі сіңген тұлға ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлын атауға толық құқымыз бар.

Жалпы Тоқаевтың әлемдік аранеда мойындалған дипломат екенін мына бір оқиға аңғартып тұрғандай. Ол «Нұр мен Көлеңке» атты кітабында «2005 жылдары БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымына ұмтылған Пан Ги Мун менімен оңаша жерде кездесіп, сөйлескісі келетінін айтты. Ол алдымен  «Тоқаев мырза, осы лауазымға сайлауға түсу сіздің ойыңызда жоқ па?» деп ең басты сұрағын қойды. Мен ондай ниетімнің жоқ екенін айттым. Оңтүстік Корея өкілінің  БҰҰ-ны басқаруға Азияның өкілі ретінде жақсы мүмкіндіктер бар екеніне нық сенімімді ұстанамын» дедім». Бұдан шығатын қорытынды не? Мүмкін, БҰҰ-ның бас хатшысы қызметінде Пан Ги Мун Тоқаевты өзіне  бәсекелес көрді ме екен? Бірақ ақылдасқаны рас. Осыдан кейін 2011 жылы Пан Ги Мун Тоқаевты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындағаны белгілі. Тұжырым: халықаралық саясатта бұл Тоқаевтың мойындалған үлкен тұлға екенін көрсетеді. Оның пікірімен санасуда да осындай сыр жатыр.

Президенттік сайлау: Таңдау неге Тоқаевқа түсті?

Міне осыдан келіп, бірнеше сауал туады: Қазақстан дипломатиясының сан тараулы күрделі жолынан өткен Қасым-Жомарт Тоқаевқа неліктен таңдау түсті? Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тоқаевты Президент ретінде көргісі келетінінің астарында қандай ақиқат жатыр?  Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа неге қолдау көрсетуге шақырды?

– Ол ең күрделі кезеңде Қазақстан үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты. Тоқаевтың тікелей тапсыруымен 90- жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын көтеруге жол ашты. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін,- деді Елбасы Назарбаев.

Міне содан бері көп уақыт өткен жоқ. Тоқаев бірер айдың ішінде өзінің стратегиялық шешім қабылдай алатын қайраткер, мемлекет басшысы екенін көрсетті.

1.Тоқаев  әкімдердің қазіргі есеп беру форматын өзгерту қажеттігін айтты. Жадағай деректерге құрылған әкімдердің есебі әлеуметті сендірмейді. Мұндай есеп халықты жалықтырады.

2.Қасым-Жомарт Кемелұлы атқарушы билікке халыққа жақын болу керектігін айтты. Президент барлық әкімдерге де әлеуметтік желіде аккаунт ашуды тапсырды.

3.Тоқаев желідегі Твиттер парақшасы  арқылы тікелей тапсырма бере бастады және ол жедел орындалып та жатыр.

4.Ол мемлекеттік тілге көзқарасын ашық айтты. «Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек. Орыс тілін де оқыту керек, себеп түсінікті. Ағылшын тілін де оқыту қажет, екі тілмен қатар емес, кейінірек меңгеруге болады. Осылайша, үш тілді, болашаққа ашық көзбен қарайтын ұрпақты тәрбиелейміз,- деді.

5.Тоқаевтың нұсқауымен бір миллионнан астам айлығы төмен ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап өсетін болды.

6.Ол алғашқы сапарында қасиетті Түркістанға барып тәу етті. Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Ақтау көшелерінде тұрған өзінің билбордтарын алып тастауды бұйырды.

7.Тоқаев білім саласындағы реформаларды тоқтата тұру қажеттігін айтты. «Мүмкін бұл саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар. «Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік?» Алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең және жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды. -деді ол.

8.Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретіндегі өзінің үш ұстанымын атады: «Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді».

9.Ол мемлекет басшысы ретінде, президенттік сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін айтты.

10. Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық келісім ұлттық кеңесін құрды. Оппозиция өкілдерін диалог алаңына шақырды.

Расында да басқалай көзқарастың орын алуы мүмкін емес. Бұл қадамда Елбасының тағлымы мол саяси сабақтастығын жалғастыру жолы жатыр. Тұрақтылыққа үйреніп қалған Қазақстан үшін таңдау сондықтан да тау тұлғалы Тоқаевқа түсті. Президент Назарбаев Төрағасы болып табылатын  «Nur Otan» сондықтан да Тоқаевты президенттікке кандидат етіп ұсынды. Өйткені...

–Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Елбасы қалаған, Назарбаев таңдаған, «Nur Otan» ұсынған кандидат ешқашан көш соңында қалмайды. Демек, жеңіс жақын.

...Ендеше, 9 - маусым Қазақстанның болашағы үшін тағдыршешті күн болатыны анық.

 

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір