• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:57:43
Алматы
+35°

08 Мамыр, 2019 Дін

Мәмлүк қылышы

Арасынан Қайтбай сұлтан мен Қансу әл-Ғури сұлтан қолданған бірнеше қылышты көруге болады

Салих Дийаб атты араб зерттеушісі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.), әділетті төрт халифа (р.а.), әмәуилер, аббасилер және әйюбилер әулеті кезіндегі мұсылман әскерлерінің қылышы екі жүзді, тік болғанын, ХІІІ ғасырда мәмлүк-қыпшақтар билікке келгеннен бастап Мысыр мен Шам жерінде бір жүзді, қайқы қылыш пайда болғанын және мұндай үлгідегі қылыш Орта Азия даласынан келгенін айтады. Қайқы қылышты қарсыласқа сермеу кезінде тепе-теңдік нүктесінің ұш жағына ауысуынан өздігінен үлкен күш туатыны белгілі болған. Мәмлүк сұлтандарына тиесілі қылыштардың дені Түркиядағы Топқапы сарай мұражайында сақтаулы тұр. Мұражайдағы қылыштардың жартысына жуығы мәмлүк сұлтандары мен әмірлеріне тиесілі. Арасынан Қайтбай сұлтан мен Қансу әл-Ғури сұлтан қолданған бірнеше қылышты көруге болады.

Наполеон Бонапарт XVIII ғасырдың соңында Мысыр жеріне жасаған алғаш жорығында мәмлүктердің қолындағы жеңіл әрі ықшам, ат үстінде қолдануға ыңғайлы қайқы қылышқа назары ауады. Мәмлүк қылышы француздар арқылы Еуропа елдеріне тарады. Мәмлүк қылышы аталып кеткен ұлыдалалықтардың (қыпшақтардың) қайқы қылышы Францияда, Англияда, Австрия, т.б. Еуропа елдерінде әлі күнге дейін салтанатты әскери шерулерде қолданылады. Наполеон Бонапарт қолданған мәмлүк қылышы ұрпақтары тарапынан 2007 жылы Париждегі аукционға шығарылып, 4.8 млн. долларға сатылған болатын.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Либия жерінде Қараманлы әулеті мен Америка теңіз флоты арасында Дерна қаласы үшін болған соғыста америкалықтар жеңіске жетіп, 1805 жылы Дернада Америка туы желбірейді. Бұл Америка тарихында алғаш рет соғыс жағдайында шетелдердегі ту желбіретуі болатын. Соғыс кезінде Америка жағында болған Хамид Қараманлы (кей деректерде Ахмад Қараманлы дейді) Америка Теңіз Флотын басқарып келген О’Беннон Преслиге Дернадағы жеңісі үшін өзінің жеке мәмлүк қылышын сыйға тартады.Содан бері мәмлүк қылышын Америка Теңіз Флоты офицерлеріне салтанатты рәсімдерде асыну және жоғары мансапқа жеткендерге табыс ету дәстүрге айналған. О’Беннон Преслиге тиесілі мәмлүк қылышы қазіргі таңда Квантикодағы Теңіз флоты корпусының ұлттық мұражайында сақтаулы тұр. Бір қызығы жоғарыда аталған Батыс елдері мен Америкада бұл қылыш әлі күнге дейін «мәмлүк қылышы» (Mameluke sword) деп аталады.

Мәмлүк-қыпшақтарының қайқы қылышы қазіргі таңда Мысыр Араб Республикасы Қорғаныс Министрлігінің туында, жоғары шенді офицерлерінің погондары мен кокардаларында ресми белгі ретінде қабылданған. Сонымен қатар қайқы қылыштың бейнесі Үрдүн (Иордания), Сүрия (Сирия), Ирақ, Тунис, Бахрейн, Кувейт, т.б. араб елдерінің әскери рәміздерінің бірі.

Әдебиеттер:

1. Салих Диаб. Әс-Суйуф әл-Исламийа уа Синағатуһә (Ислам қылыштары және олардың жасалуы) alhayat.com
2. Унсал Йужәл. Әс-Суйуф әл-Исләмиййа уә синағатуһә. (Ислам қылыштары және олардың жасалуы) Аударған: Тахсин Умарта. – әл-Куейт. – 1988.
3. Мустафа Ахмад әш-Шағбани. Әд-Диблумасийа әл-Либийа фи-л-Қарн әс-Сәмин ашар (18 ғасырдағы Либия Дипломатиясы) (30.11.2016) watanpressonline.com
4. Мишел. О’Беннон Пресли Невил (1776-1850). 25 ноябрь 2014 г. impereur.blogspot.com

Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және

Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір