• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Қыркүйек, 15:44:11
Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарына! «Жем шөптің бағасы күйіп тұр, "Қамшыңа" жазшы», – дейді әкем

04 Маусым, 2019 Саясат

Президент сайлауы: Қай партияның кандидаты мықты?

Енді бірнеше күннен кейін Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды.

Енді бірнеше күннен кейін Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Бірақ, мәселе мынада: Неге бәрі президент болғысы келеді? Әрине, әркімнің сайлауға түсуге, тиісті заңдылықтарға сай  президенттікке кандидат атануға құқылы. Десек те, солардың барлығы да лидер болуға лайықты ма? Мәселе сонда.

Абайдың атақты тәмсілі бар: «Болды да партия, ел іші бүлінді» деген. Абай бүл атақты сөз тіркесін он тоғызыншы ғасырдың ортасында айтса да, біз оның данышпандығы мен көрегендігіне әлі күнге дейін бас ұрамыз. Оның мықтылығын мойындаймыз. Ел іші бүлінбесе дейміз.

Жалпы бүгінгі саяси додадан анық байқалатын бір нәрсе бар: біздің кандидаттар бір-біріне құрметпен қарай ала ма? Әрине президенттікке ұсынылған әр үміткердің өз айтары бар. Бірақ біреуді мұқату арқылы екінші үміткердің өзіне саяси ұпай жинауы қаншалықты әділеттілік?!  Қарсыласын жамандағаннан халықтың көзқарасы өзгере қояр ма екен?!

Қалай айтқанда да, бұл президенттік сайлауда қазақстандықтар өз таңдауын жасауы тиіс. Бірақ қалай? Ең алдымен бүгінгі партия мен қоғамдық бірлестіктер атынан ұсынылып жатқан үміткерлер қаншалықты мықты, бұған дейін саяси сахнада олар қандай іс-әрекетімен есте қалды? Ең алдымен халықты осы мәседе толғандыруы тиіс? Сайлау кезінде ғана өзінің бар екенін білдіріп қоятын партиялар кімге керек? Мысалы, президенттік сайлауға өз кандидатын ұсынып жатқан «Ауыл» партиясы өзгелерге мықты бәсекелес болғандықтан өз адамын президенттікке ұсынып отыр дегенмен мүлде келісуге болмайды.

Қазіргі қазақ аулының жағдайы қандай екені бәріне де белгілі. Ал «Ауыл» партиясы қаймана қазақ тұратын елдің мақсат-мүддесі мен талап тілегінен шықты ма? Бір ақиқатты  айта кетуге  тиіспіз. Аталған партияның басшысы парламенттік сайлау бәсекесінде жеңіп шығып, содан кейін ғана барып, парламентке келді ме? Жоқ. Жалпы тек қана осындай ел ішіндегі сайлау додасында ғана көрініп, артынан үні өшетін партиялар кімге керек? 2007 жылы парламенттік сайлауда бағын сынаған «Ауыл» партиясы 1,51%, ал 2012 жылы жылы бар-жоғы 1,19% дауыс жинады, парламентке де өте алмады. Осыдан шығатын қорытынды: халықтың қолдауына ие бола алмаған мұндай партияның өкілі қалай президент бола алады?! Осы жолғы президенттік сайлауға «Ауыл» партиясы өз үміткерін ұсынды. Төлеутай Рахымбеков қазіргі таңда, "Ұлттық аграрлық ғылыми-оқу орталығының" басқарма төрағасы болып қызмет етеді. Бұған дейін, ауыл шаруашылығы вице-министрі, Қарағанды облысының әкімінің орынбасары және "ҚазАгроИнновация" АҚ президенті болған. Рахымбеков өз саласының қызметкерлеріне ғана танымал шығар, бірақ Қазақстанның қарапайым халқы оны біліп, тани ма? Жоқ. «Ауыл» партиясының өзі соңғы 2007 және 2012 жылғы парламенттік сайлауда 2 пайыз дауыс ала алмай отырғанда, Төлеутай Рахымбеков айды аспанға шығарады деу мүлде қате. Сондықтан «Ауылдың» бұл жолғы президенттік сайлауға қатысуы елде осындай партияның бар екендігін білдіру ғана. Басқалай ой жоқ. Ауылдың жағдайын көтеру үшін керемет бастамалар көтеріп, оны шынайы түрде жүзеге асырып жатса, қанеки?! Демек, бұл партияның үміткерінен үміт күту мүлде  қиын. Ауылға жағдай жасауға ықпал ете алмай отырған мұндай партия кімге керек? Парламенттік сайлауда жеткілікті дауыс жинай алмаған «Ауыл» президенттік сайлауға не үшін үміткерін қосып отырғаны тіпті түсініксіз. Ал мұндай ойыншық партиялардың халыққа тіпті керегі жоқ. 2014 жылдан бері сенатта депутат болып отырған, аталған партияның басшысы Әли Бектаев есте қаларлықтай қандай депутаттық сауалнама жасады? Бірақ президенттікке кандидат етіп үміткерін ұсынады. Қисынсыз, ақылға сыймайтын нәрсе. Жалпы мұндай белсенді қимылы жоқ, ұлт үшін ұлы істер жасай алмайтын партиялар керек пе? Жоқ.

Осы жолы президенттік сайлауға қатысып жатқан партияның тағы бір каратист жігіті бар: ол – «Жеңемін, өйткені халық мені таниды» деп қояды. Жалпы «халыққа танымалмын» деп көкірек ұрудың заманы өткен. Анық бір нәрсе бар, коммунистердің атынан ұсынылып отырған Жамбыл Ахметбеков ешқашан президент бола алмайды. Өйткені бұл партияның күні өткен, болашағы да жоқ. Бүкіл ұлтты ашаршылыққа ұшыратқан қан қызыл коммунистердің жолын жалғастырушы партияның өкілін халық ешқашан қолдамайды. Кешегі күнге дейін «Косаревтің партиясы» атанып келген бұл саяси ұйымға халық та сенбейді. Бұл саяси партияның келешегі күнгірт. Сондықтан болашағы жоқ партия мен оның өкілі ешқашан саяси додада көп дауыс ала алмайды. Жалпы парламентаризм институтында  Қазақстанның дамуы үшін мұндай партияның қажеті де шамалы. Сондықтан «халық мені таниды, біз жеңеміз» деу асылық. Ахметбековке Президенттік сайлау татами немесе белдесе кететін боз кілем емес. Президенттікке кандидат болып отырған мұртты каратист –коммунист Ахметбеков мұны терең түсінуі керек. Жалпы айта кететін бір нәрсе, коммунистерге болашақ парламентте орын болады деу күмәнді. Әрине, оған біздің билік қазір мүмкіндік жасап отыр. Дегенмен, Қазақстан парламенті мен қоғамын коммунизм елесі кезбеуі тиіс. Ешқашан! Сонда ғана сана тазарады. Мысалы, осы жылдың басында Астанада бес періште қаза тауып, көп балалы аналар құқын талап еткенде қызыл коммунист Косаревтің қылы да қисайған жоқ. Ендеше...

«Ауыл» мен Коммунистер сияқты уақытша ойыншық партиялар кімге керек? Ешкімге де! Халық ойыншық емес. Бірақ олар қоғамда ықпалы мен беделі және белсенділігі болмаса да, ыңғайсызданбай президенттікке үміткер ретінде өз адамдарын ұсынады. Кейде олардың осы әрекеттерінен амал жоқ, өзің ыңғайсызданасың. Парламентте де, қоғамда да орны жоқ санатта бар, сапалы ісі көрінбейтін мұндай партиялар туралы бәрі болашақта ойлануы тиіс.

Ал басқа үміткерлерге қарағанда, «Ақжол» партиясын халық біледі. Парламентте де ұлт үшін керекті депутаттық сауалнамалар жасап, өз ұсыныстарын айтып жүрген партия бұл жолы Дания Еспаеваны кандидат етіп ұсынды. Әрине, «Ақжолдың өз саяси электораты бар. Жалпы «Алаш арыстарын ардақтап, абыройға кенеліп жүрген аталған партияның парламентте көтерген мәселелері де аз емес.  Мұны жоққа шығаруға болмайды. Демек, әйел адамды президенттікке ұсынып отырған «Ақжолдың» жайы түсінуге тұрарлық. Атын тағы бір шығарса, артықтық етпейді.

1998-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болған Амангелді Таспихов те – президенттікке кандидат. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы. Бірақ бұрынғы депутат «бұқараның жүрегін жаулайды,  халық соны қалайды» деу қисынға келіңкіремейді. Мейлі аймаққа ол танымал шығар, алайда  «елдің толыққанды таңдауы Таспиховқа түседі» деу ақылға қонымсыз.

Президенттікке кандидат тағы бір азамат– ол Сәдібек Түгел. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел ұлттық «Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысы атынан ұсынылған үміткер және өзі аталған қозғалыстың төрағаларының бірі. Ұлт үшін үлкен істердің ұйытқысы болып жүрген азамат. Әйтсе де, ол басқа қарсыластарын басып оза алмайды Күдік көп.

Ал «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан президенттік додаға түскен журналист, оппозиционер Әміржан Қосановты әлеумет қаншалықты қолдайды? Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы оппозицияда келе жатқан қайраткер туралы әлеуметтік желіде әзірге қолдаушылар баршылық. Бірақ Қосанов қарсыластарын қаншалықты басып озады? Енді оны президенттік сайлаудың нәтижесі көрсетеді.

Бірақ бұл президенттік сайлау алдында қазірдің өзінде айқын болған бір нәрсе бар: Партиялар мен оппозицияның кандидаттары  билікпен алысып жатқан жоқ. Ақиқаты, тырнақ астынан кір іздеп, олар бір-біріне оппозиция болып, халықтың алдында өздерінің масқарасы шығып жатыр...

Мұндай жағдайда ел үміт артып отырған, халық басым дауыс беретін, саяси мүмкіндігі зор Тоқаевпен тіресу оларға оңайға соқпайды. Расын айту керек, оппозициялық көзқарастағы кандидаттардың кейбір жақтастары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, әлеуметтік желіде ойына  келгенін жазып жатыр. Мұнымен келісуге болмайды.

Мұны қарап отырып, сайлау науқаны мен үгіт-насихат жұмыстарын өте сауатты жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясының жұмысы бағалауға тұрарлық деп атауға болады. 

Ал «Nur Otan» партиясының кандидаты Тоқаев неге мықты?

  1. Мұны ең алдымен елдігімізді, мемлекеттігімізді қалыптастырған Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен еліміздегі жетекші партия «Nur Otan» қолдап отыр.
  2. Саяси тәжірибесі мен ұйымдастырушылық менеджерлігі өте күшті «Nur Otan» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын өте сауатты әрі белсенді жүргізіп жатыр. 
  3. Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған елдің тыныштығы мен тұрақтылығын қалайтын халық сондықтан да «Nur Otan» ұсынған кандидатқа басым дауыс беретіні ақиқат. 
  4. «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда және одан сырт жерлерде өте танымал қайраткер.

Аталған осы қағидалар Қасым-Жомарт Кемелұлын президенттік сайлау бәсекесінде алға шығаратыны анық. Ал әлеуметтік желіде бір-бірін қаралап жатқандар қашан да көш соңында қалады. Бұл – өмірдің нақты көрінісі...

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір