13 Мамыр, 2019 Сұхбат
Ғани Байғалиұлы: Кайдзен - Ислам діні сияқты жүйе
Мен бір кісіні білемін. Аты құпия қалсын. Сол кісі өзі бірнеше кәсіп бастап, олары жүрмей, банкрот болып жүрген.
Қазақстандағы кайдзен жүйесі ішкерілендірілген компаниялардың басшыларымен, өкілдерімен тұрақты түрде сұхбаттасып, патша көңілді оқырманның назарын осы бір ерекше басқару дағдысына аударып-ақ келеді. Саусақпен санарлық компаниялар арасындағы ірі басты мекемелердің басшыларымен болған әңгімелерді біршама уақыт бұрын жариялаған едік.
Бүгінгі сұхбат бұрынғы сұхбаттан өзгерек... Неге?
Себеп – бүгінгі сұхбаттың кейіпкері еліміздегі аса ірі өндіріс ошақтарының бірі Алель Агро Акционерлік қоғамында кайдзен жүйесін ішкерілендіріп, оны әрі қарай дамытуға сүбелі үлесін қосып жүрген жас азаматтардың бірегейі, білікті кайдзен-тренер, кайдзен-менеджер Ғани Байғалиұлы.
- Сізді әлем желіде, осы салада жүрген азаматтар арасында, жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында біршама ел танып қалды. Сұрақ – кайдзенге қалай және қашан келдіңіз?
- Кайдзенді ішкерілендіру үдерісі осыдан біраз жылдар бұрын басталған. Менің де осы бағытқа келуім сол жылдармен қатарлас, шамалас болуы керек. Бұл жолға түскенім үшін, әлгінде өзіңіз айтқандай, аталмыш жүйені өзге азаматтарға үйретерлік дәрежеге жеткенім үшін Марғұлан аға Сейсембайға айтар алғысым шексіз.
Кайдзен тарихынан бір үзік сыр...
- Кайдзеннің пайда болу тарихы жалпы 1947 жылдан басталады. Сол кезде Жапониядағы өндіріс ошақтары америкалық жүйемен жұмыс жасай отырып, өз ерекшеліктерін қосты. Осылайша кайдзен жүйесінің алғашқы нобайы туды.
Сол уақытта атауы әлі беймәлім кайдзенді барша жапониялықтарға, нақтылай айтсақ, өндірістегі азаматтарға үйреткенде, тәлім алушылардың арасында Toyota компаниясының да іргетасын қалаушылар болған. Олар осыдан кейін жылдам көтеріле бастады.
Toyota - кайдзенді әлемге мәшһүр еткен компания
- Кайдзенді танымал еткен компнаия ең алғаш өндірістік жүйе құрып, оның атауын Toyota деп қойған. Өндірістік жүйе жылдам дамып, нарықта бой көрсете бастағаннан кейін, шамамен 80-жылдардың ортасында Масааки Имаи "Кайдзен. Жапон компанияларының жетістік кілті" деген кітап жазып, аталмыш жүйенің танымалдылығын арттыра түседі.
Сол уақыттан бастап, жапониялық көлік жасаушы компанияның өнімдері әлемді жаулай бастады. Олардың жасаған өнімдері уақытты үнемдеп, сапаны арттыра түсті. Сапалы дүниенің жылдам таралатыны анық қой. Сатылым көлемі де арта түсті. Міне, осы дүние оның жарнамасына жұмыс жасады.
Boеing, Honda, BMW ... Кайдзенді бәрі қолданады
- Toyota жаңа жүйемен өз уақытында нарықта сенсация жасады. Жылдам жасалу үдерісі, сатылымның көптігі сияқты бағыттармен сынға түскенде, ол өз бәсекелестерінен бірнеше сатыға озып кетті.
Міне, осыдан кейін әлемнің жетекші өндірістік ұйымдары жапониялық жүйені ішкерілендіре бастады. Олардың қатарында Boеing, Honda, BMW сынды алпауыттар да бар.
Азия мемлекеттері бір-бірінен көшіруге құштар
- Мен 2014 жылы Кореяда болдым. Ол уақыттарда осы жүйені меңгеріп әрі біліктілігімді арттырып жүрген кезім. Hyundai компаниясының да кайдзен жүйесін қолданатынына сол кезде көзім жеткен. Креативті ойлау, уақытты жылдамдатуда сапаны төмендетіп алмау сынды жапон жүйесінің құралдары кореялық компанияда да көрініс берді.
Азия мемлекеттері жылдам көшіреді. Әрі көшірген дүниелеріне өздерінің идеяларын қосып, бір бағытты дамыта түседі. қазірдің өзінде Азиядағы мемлекеттердің барлығында дерлік осы жүйе жұмыс жасап тұр. Мысалы әлгі Hyundai компаниясы жүйенің негізгі бөлігін Mitsubishi компаниясынан көшірген.
- Жапониядағы кайдзен мен қазіргі Қазақстандағы трендке айналып келе жатқан кайдзеннің айырмашылығы қандай?
- Әрине, айырмашылық бар. Өзіңіз де білесіз, біз Жапониядан даму жағынан 30-40 жылға қалып келеміз. Бірақ біздің даму қарқынымыз көз қуантады.
Біздің халықты немістермен, жапондармен салыстырып жатады ғой. Дегенмен, осының өзінде біздің көштен қалып келе жатқанымыз шамалы. "Жалқаулық – бұл даму" дейді ғой. Еріншектеу адамның идеясы, ойлау жүйесі сұмдық ұшқыр келеді екен. Осы қасиеттерімізді пайдаланып, біз де белгілі бір деңгейге әлі шығып алармыз деген ойдамын.
- Біз бірқатар кайдзен жүйесін ішкерілендірген компаниялардың өндіріс орынын көрдік. Байқасақ, аталмыш жүйені енгізген және дамытып келе жатқан өндіріс ошақтарының әлемдік деңгейде екенін көреміз. Осыдан кейін Қазақстандағы кайдзеннің әлем елдерінен қалып келе жатқан тұсы өндірістік қолданысы емес, идеологиясы ма деп қаламыз. Бұл ойымыз қаншалықты дұрыс?
- Рас, біздегі кайдзен орнатып жатқан компаниялардың өндіріс орындарының әлеуеті өз салаларындағы бәсекелестерінен кейіндеп қалған тұсы жоқ. Ол компаниялардың барлығы да өз деңгейлерінде жұмыс жасап келеді.
Әлгі идеология туралы айтқан ойыңыз өте орынды. Өйткені, бізде кайдзен айтарлықтай қоғамдық атақ, танылым жинап үлгере қойған жоқ. Барлық компанияларда, нақты айтсақ, кайдзенді енгізіп жатқан компанияларда атқарушы директорлар, менеджерлер немесе арнайы кайдзен-менеджерлер ғана бұл жүйенің барлық қалтарысын, талаптарын біледі.
Дамыған елдердегі үдерісті қуып жету үшін біздегі компанияларда кайдзенді басшыдан бастап қатардағы қызметкерлерге дейін толық білуі шарт. Оған да жұмыс жасап жатырмыз. Кайдзен енгізіп жатқан компаниялардың жұмысшыларына, барлық мүшелеріне белгілі бір уақыт аралығында арнайы тренингтер жүргізіліп отырады. Алған білім өндірісте сыналады. Бұл да – біздің жасап жатқан еңбегіміздің көрінісі.
- Кайдзенді мемлекеттік басқаруға енгізуге болады ма деген сұрақ көптің көкейінде. Әлде бұл жүйе тек коммерциялық компанияларға ғана негізделген бе?
- Кайдзен – бұл әмбебап құрал. Бұл жүйе арқылы мыңдаған адамдар шоғырын басқаруға да, жеке адамның дамуын қадағалауға да болады.
Мысалы, менің Телеграм мессенджеріндегі Qazkaizen деген арнам бар. Сол жердегі оқырмандарымның бірі өзінің осы жүйе арқылы қалай Құран жаттап алғанымен бөлісті. Нақтылық, уақытқа жұмыс жасау сынды кайдзен құралдарын пайдалана отырып, ол өзін дамытып жатыр.
Кайдзен – ауқымды жүйе. Одан әркім қалағанын алады. Мекемелер өзіне, қызметкеріне, бағалау әдісіне, еңбек өніміділігін арттыруға бағытталған тұстарын керегіне жаратады.
Бұл жүйе арқылы кез-келген дәрежедегі мәселелерді шешуге болады. Тіпті, кайдзен арқылы той жасауға да болады.
Жапония, Сингапур және Татарстан мемлекеттері кайдзен қолданады
Жапония бұл жүйе атақты бола бастаған сәттен бастап, бірнеше құралдарын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізді. Рас, ешбір мемлекет өзінің басқару жүйесін кайдзен арқылы жүргіземіз деген ақпарат жарияламайды. Дегенмен, өзіңіз назар салып қарар болсаңыз, аталмыш мемлекеттердің басқару жүйесіндегі кайдзен құралдарын анық көресіз.
Сингапур мемлекеті сол 80-жылдар тұсында кайдзеннің көптеген құралдарын билікке алып келді. Олардың қарқынды дамуларының сыры да – осында.
Бізде кез-келген шара Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді. Мәселен, жақын жылдар межесінде Азиада, Универсиада сынды ірі додаларды өткіздік.
Міне, осы қалаларда өткен шараларды өзге шаһарларда ұйымдастырсақ, еліміздің басқа аймақтарындағы инфраструктураны әлдеқайда көтеріп алатын едік.
Татарстан мен Корея тәжірибесі
Татарстан тәжірибесінде кайдзен бар деген ұғым көпті таңқалдырары анық. Бірақ бұл – абсолютті шындық. Қазан қаласында бір шара өтсе, келесі шара өзге қалаларда өтеді. Дәл қазір барсаңыз, Татарстан қалаларының қаншалықты гүлденгенін байқайсыз.
Корея да осы үрдісті қолданып келеді. 1993 жылы Кореяның Тэджон қаласында ЭКСПО өтті. 2002 жылы Кореяның бірқатар қалаларында футболдан Әлем Чемпионаты өтті. Дәл осы жылы Пусан қаласында Азиада ойындары өтті дегендей...
Міне, осындай дүниелерді ұстана отырып, аталмыш елдер инфраструктурасын біршама көтеріп алды. Шара өткен орында салынатын ғимараттар, мәдени һәм спорттық кешендер кейіннен халық мүддесіне қолданыла береді.
- Енді келесі сұраққа көшсек. Кайдзен инфраструктураны көтеретініне көз жеткіздік. Осы жүйе сыбайлас жемқорлықты жоюға немесе оның деңгейін төмендетуге қаншалықты қауқарлы?
- Кайдзенде құндылық деген дүние бар. Мекемеде болсын, мемлекетте болсын, ең бірінші құндылық – адам. Адам алғашқы орынға шығады, қалғандары содан кейін бола бермек.
Мысал келтіре кетейін. Сингапур мемлекетінің Ли Куан Ю деген ең алғашқы президенттері бар. Оның "Біздің ең үлкен байлығымыз – адам" деген сөзі бар. Сингапур билігі дәл осы қағиданы ұстанып, оны іс жүзінде дәлелдеп, бүгінгі күніне жетіп отыр. 60-жылдары Азиядағы ең кедей мемлекет сол Сигапур еді... қазір қарасаңыз көз сенбейді.
Азаматтарының барлығы бірнеше тіл бледі. Оқыған, көздері ашық. Әйтпесе, біз мысал етіп отырған мемлекеттің ешқандай шикізат ресурсы, қазба байлығы жоқ. Олар білімін сатып дамып отыр.
Қазір сол елге бара қалсаңыз, қатардағы азаматтарының өзі біз бренд деп киіп жүрген киімдерді кимейді. Олардың қатардағы жұмысшысының өзі бізде көп адам қолы жете бермейтін дүкендерден киінеді. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдайлары тамаша. Бұл – әлгі адамды құндылық етіп, алғашқы орныға қою тәжірибесінің басты көрінісі.
Бізде креслоға талас, таққа талас, билік жүргізуге талас көп орын алады. Осыдан келіп адамның құндылық дәрежесі төмендеп кетеді. Әйтпесе, жеріміздің асты да, үсті де байлыққа толы. Оған халық санын, жер көлемін, көршілес жатқан алпауыт клиенттерді қосыңыз. Қарасаңыз, мүмкіндік деген шаш-етектен. Тек соны біз жөнді қолдана алмаймыз. Неге? Өйткені, алғашқы орынға адам құндылығы емес, материалдық құндылық шығып кеткен.
- Кайдзенді ішкерілендірген компания шығынға ұшырамайды дейді білетіндер. Егер бұл тәмсіл рас болса, айтыңызшы, кайдзен жүйесін қолданысқа енгізген компания қаншалықты пайдаға кенеледі?
- Бұл сұрақтың да жауабы алдыңғы сұрақта айтылған адам құндылығының алғашқы орынға шығу мәселесіне келіп тіреледі.
Мен бір кісіні білемін. Аты құпия қалсын. Сол кісі өзі бірнеше кәсіп бастап, олары жүрмей, банкрот болып жүрген. Себеп сол – қызметкерлеріне қаталдық, оларды қит етсе жұмыстан қуу деген секілді. Сол кісі кайдзен жүйесін естіп-білгеннен кейін осы дүниені қолданысқа енгізе бастайды.
Қазір оның кәсібі Қазақстандағы ірі компаниялардың, жетекші компаниялардың біріне айналып отыр. Ол қызметкерлерге деген көзқарасын өзгерітп, өзінің есіміне қосылып айтылатын "мырза, шеф" деген сөздердің де көзін жойды.
Компанияда, жалпы жұмыс барысында басқарушы тарап пен бағынышты тарап арасындағы байланыс жақсы болу шарт. Бұл – жемісті кәсіптің алғышарттарының бірі.
Кайдзен де осы нәрсені талап етеді. Ал жұмыс аурасы жақсы жерде қызметкерлер разы болып тұрса, еңбек өнімділігі де артады, сапа да артады, жылдамдық та жоғарылайды. Бар құпия осы деп білемін.
Әңгімеңізге рахмет!
Аталмыш жүйе туралы Qamshy.kz жазған өзге де материалдарды оқи отырыңыз:
1. Нұрғали Қанатұлы: Біз қазаққа кайдзеннің жат емес екенін дәлелдедік
2. Оразаға кайдзен әдісімен дайындалу
3. Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес
4. Кайдзен орталығына кірдің – ғажайыпқа сапар шектің (фоторепортаж)
5. Кайдзеннің 6 қағидасы. Жапондар өмірін қалай жеңілдетті?
6. "Обея бөлмесі"— бизнесте уақытты тиімді пайдаланудың жолы
7. Қазақстандық кәсіпкерлерді жетістікке жетелеген ерекше әдіс
8. Қызметкерін жұмыстан қумайтын жапондық жүйе — кайдзен
9. Кайдзен әдісі: бала тәрбиесіндегі жетістікке жетелейтін жетілік
Сұхбаттасқан: Әділет Мәдениет
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір