• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
21 Шілде, 09:26:07
Кайдзеннің өндірістегі қағидалары

13 Мамыр, 2019 Саясат

Дания Еспаева үгіт-насихат жұмысын Алматыдағы "Ақсай-нан" зауытынан бастады

Дания Еспаева Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президенттікке үміткер ретінде тіркелген тұңғыш әйел кандидат.

Президенттікке үміткер кандидаттардың бірі –  Дания Еспаева үгіт-насихат жұмысын Алматыдағы "Ақсай-нан" зауытынан бастады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де президенттікке үміткер ретінде ресми тіркелген, ОСК төрағасы қолынан «кандидат» куәлігін алған азаматтар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Олар айналасы бір ай көлемінде елді аралап, ағайын-жұртпен кездесіп, Талап-тілектерін тыңдайды, сауалдарына жауап береді. Сайлау күні өзінің кандидатурасын қолдауға шақырады.

Дереккөздеріне сүйенсек, «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Дания Еспаева өзінің алғашқы сапарын Алматыдан, нақтылай кетсек, "Ақсай-нан" наубайханасынан бастады. Президенттікке үміткер Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған штаб өкілдері алматылық жұмысшылармен кездесіп, зауыттың жұмысымен танысты. Тәулігіне 150 тонна нан пісіретін бұл зауытта қазір 1500 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өз тілектері бар. Шешілмей жүрген, шеше алмай жүрген мәселелері де аз емес.

«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметіне сүйенсек, мемлекет тарихындағы тұңғыш әйел-үміткер және Республикандық штабтың жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжымына сайлауалды бағдарламаның басты тұстарын айтып өтті: бизнесті қолдау, ұлттық тәуелсіздік және жемқорлықпен күрес.

Кәсіпорын ұжымы Еспаеваның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арналған тауарлар) арналған салықты төмендету, бизнес несиелеудің үстемақысын төмендету және несие мерзімін ұзарту туралы бағдарламалық ұсыныстарына ризалығын білдірді.

Дәния Еспаева мен оның штаб мүшелері кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кәсіпорын жұмыскерлерінің көп бөлігі әйелдерден тұратындықтан кездесуде зейнеткерлік жасқа байланысты сауалдар қойылды. Сонымен қатар, қалада тіркеуі жоқ көпбалалы отбасылардың жәрдемақы және баспана алу мүмкіншілігі туралы сөз қозғалды. Комбинатта ондай аналардың саны көп екен – олар үй жалдағанымен, үй қожайындары оларды тіркеуге алғысы келмейді.

«Бұл мәселені қарастыруға уәде беремін. Көптеген кәсіпорындардың жұмыскерлері қалада тіркелмеген ауылдың азаматтары. Олардың саны – ұжымның жартысы да болуы мүмкін. Егер оларды жұмыстан шығарсақ – кәсіпорындардың жұмысы тоқтайды», - деді Еспаева өз кезегінде.

Сайлауалды штаб өкілдері 12 мамыр күні Алматыдағы «Жібек жолы» базарында болды. Біршама қиын мәселесі бар базардағы саудагелер кездескен қиындықтары туралы айтып, базардағы кездесу бірнеше сағатқа созылды. Саудагерлер өз талап-тілектерін Дания Еспаева мен оның штабына хат түрінде жеткізді.

Одан кейін кездесу Алматыдағы 65 жылдың тарихы бар «Темір-бетон» зауытында жалғасты. Штаб өкілдері 500-ге жуық жұмысшысы бар зауыттың жұмысымен танысып, еңбеккерлермен кездесті. Мұнда да жұмысшылар зейнет жасы, әлеуметтік көмек, тұрғын-үй және жер кезегі секілді бірқатар мәселелерді сөз етті. Өздерінің өтініштерін үміткер Дания Мәдиқызына аманаттады.

Әрі қарай Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Талдықорғанда жалғасатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, Дания Еспаева – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президенттікке үміткер ретінде тіркелген тұңғыш әйел кандидат. Ол Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі.

Президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді.

 

Ұсынған: Мақпал Сембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір