• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Шілде, 00:33:18
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі мен құрамы бекітілді

13 Мамыр, 2019 Дін мен дәстүр

Ораза тұтпасақ та, ауызы берік адамды сыйлай білейік

«Рамазан айында бір күнә істеген адам екі азап алады. Рамазанда бір жақсылық жасаған адам екі сауап алады»

Өзін мұсылманмын дейтін әрбір иісі қазақ жан бес парыздың бірі – оразаны жыл бойы асыға күтетіні рас. Отыз күн ауыз бекітіп, тек тамақтан ғана емес, жаман сөз, іс, әдет, қылықтардан тыйылуға тырысқан адам осы бір қасиетті айда өзін, өзінің «менін», нәпсісін тізгіндеуге, тәртіпке салуға тырысады. Егер осы отыз күн бойы оразаның нақты ережесін ұстанып, міндеттерін орындаса, оразадан кейін жақсы жаққа өзгерген, бұрын жақсы адам болса, одан да жақсы қасиеттері ашылып, көп нәрсеге көзқарасы өзгерген жанға айналары сөзсіз. Келер жылғы оразаға жетер-жетпесі беймәлім болғандықтан, оразамен қимай қоштасады да...

«Дінде зорлық жоқ». Ораза ұстауды да бәріне міндеттемеген. Ауыз бекітпеуге рұқсат етілгендер де бар. Алайда, бүгінгі таңда сан түрлі сылтау айтып, ауыз бекітпейтіндер саны қаншалықты көп болса, Алланың әміріне бойұсынып, «түбі бір баратын жерім – Алланың алды ғой» деп, парыздарын орындауға тырысып жүргендер саны да артып келеді. Шүкір дейміз.

Бүгінгі қозғағым келіп отырғаны ораза ұстамаған адамға қатысты оразаның әдебі. «Рамазанды құрметтеу керек. Оның рақымдылығы мүміндерді қуантады. Оның алғашқы күндері рақымдылық, ортасы кешірім және соңы тозақ отынан құтылу» деген хадис бар. Иә, Сіз белгілі-белгісіз себептермен ауыз бекітпедіңіз делік. Жарайды, хош. Дегенмен, сыйластық, құрмет деген нәрсе бар. Қанша жерден қарныңыз ашса да, қоғамдық жерде, көпшілік жүретін аймақта ораза кезінде су ішіп, тамақ жеп, әдепсіз қылық жасамасаңыз екен. Иә, түсінікті: бәлкім, түнгі ауысымнан шықтыңыз, шаршап тұрсыз, қарныңыз аш. Алайда, сәл шыдасаңыз, үйіңізге барып тамақтанасыз. Автобуста суды сіміріп, саябақта ауыз толтыра тамақ жеп отырғаныңыз – ауыз бекіткен жанға айтарлықтай әсер етпейтінін біліңіз. Себебі, ол  сыртқы емес, ішкі жан-дүниесімен күресіп жүр. Ол Алланың разылығынан үміттенеді. Алланың оның тамақ жемегеніне емес, амалына қарайтынын да біледі. Қарны ашып та кетпейді. Бірақ өмірінде бірінші рет ауыз бекіткен жан болса, оған ауыр тиюі мүмкін. Соны ескерсеңіз.

Тағы бір ескеретін жайт, ораза екенін біле тұра, дәл сол жанның ашуын оятуға тырысып, ұрсысуға итермелеудің де қажеті жоқ. Ол расымен де тек тамақтан емес, жаман әдеттен де тыйылып жүрген адам болса, сабыр сақтай алар. Бірақ оразаны жете ұға білмейтін жан болса, сөзсіз, сізбен сөз таластырып, айтысып кетуі ықтимал. Бұл деген сөз, ислам діні, ораза туралы онсыз да дүдәмал ойда жүрген көпшілік үшін соққыдай тиіп, ислам діні туралы ойын таразылай алмай жүрген адамның күмәнін арттыруы мүмкін. Яғни, сіз ораза тұтқан адамның ашуына тиіп, оразасын бұзғаныңызбен қоймай, соған куәгер болған үшінші бір жақтың да адасуына, дін туралы қате пікірі қалыптасуына септігіңізді  тигізесіз. Былайша айтқанда, жоқ жерден күнә арқалап аласыз. «Рамазан айында бір күнә істеген адам екі азап алады. Рамазанда бір жақсылық жасаған адам екі сауап алады» дейді хадисте. Жақсылық жасамаңыз да, жамандық жасамаудың өзі – жақсылық екенін естен шығармаңыз.

Ауыз бекітпесеңіз де, ораза кезінде ауыз бекіткен жандарға сыйластық, дінге құрмет танытсаңыз екен. «Рамазанды құрметтеген адам Алла Тағаланы құрметтеген болады» дейді тағы бір хадисте. Ендеше, дінімізді, ел-жерімізді, халқымызды сыйлап, қолдан келгенше бір-бірімізге құрмет көрсетіп жүрейік.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір