• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:49:52
Алматы
+35°

14 Мамыр, 2019 Саясат

Сайлау - 2019: Нумеролог кімнің мықты екенін анықтады

Кандидаттардың мінез-құлқы мен сайлауда жеңіске жету мүмкіндіктері нумерология тұрғысынан қандай болмақ? Бұл сұраққа белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы...

9 маусымда өтетін  Президент сайлауына қатысты түрлі болжамдар айтылып, саяси сараптамалар жүргізіліп, алдағы сайлау жайлы басылымдар жарыса жазып жатыр. Осы ретте сайлауға түсуші үміткерлердің қарым-қабілеті мен жеңіске жету мүмкіндіктерін білу үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігі сандарды сөйлетіп көрген еді. Кандидаттардың мінез-құлқы мен сайлауда жеңіске жету мүмкіндіктері нумерология тұрғысынан қандай болмақ? Бұл сұраққа белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы жауап берген болатын.

Ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сандарын есептей келе нумеролог мынадай болжам жасады:

«Қасым-Жомарт Кемелұлының басты коды – 314. Сонымен қатар, мыңдық коды да бар. Яғни, коды 314 болғандықтан, бұл адамның миссиясы - әділет әкелу. Көп нәрсені таразылап жүргенді жақсы көреді. Қандай да бір жағдай болып, мәселе туындаса қолдау білдіре алады. Бұл кісінің сандарына үңілсек, заң саласында жақсы қызмет істер еді. Бірақ, басшы болса әділетті басшы болады. Тіл меңгеруге қабілеті өте жоғары. Сонымен қатар, 1 саны өте көп. Өзіне сенімді күш-жігері мықты адам. Өзгелерге сөзі жүреді, бітімгер. Көп нәрсені жоспарлайды, аяқ асты шешім қабылдауы қиын. Мықты сарапшыға жатады. Сандарында екі 5-і бар патриот, мейірімді. Екі 3-і бар, есепке жүйрік.  Қорыта келе, бұл кісі жақсы заңгер, қаржыгер, сарапшы, дипломат, өте мәдениетті, полиглот, шыдамды адамға жатады. Мыңдық код өмірінің екінші жартысында тұрғандықтан, бұл адамға орта жол жоқ. Маған сандарды есептей келе ұнап отырғаны өте әділетті және қабілеті жоғары. 66 жасында үлкен арманы орындалады, жаңа лауазым, жаңа жұмыс күтіп тұр», - дейді.

Сонымен қатар Құралай Бақытқызы, "бүгінгі президенттікке ұсынылып отырған кандидаттардың барлығында 5 саны өте көп" дейді.  5 саны көп адамдар патриот, еліне-жеріне адал қызмет ететін жандар екен.

Ал Әміржан Қосанов туралы: «Бұл кісіде жаңашылдықтың коды бар. Өте білімді адам. Стратег, асықпай шешім қабылдайды, барлығын жоспармен жасайды, қолы ашық. Математикадан мектепте жақсы оқыған болар деп ойлаймын. Сандарында үш 9 бар. Миы күндіз-түні демалмай істеп тұратын адамдардың қатарынан. Басына көптеген идеялар келеді, ойшыл адам. Сәттілікке жауап беретін саны да жоқ емес. Бойында шыншылдық іздеуі, намысшылдығы басым. Бұл кісіге де биылғы жыл сәтті және нумерология бойынша Төлеутай Сатайұлы екеуінің мүмкіндігі бірдей», -деді.

Сәдібек Түгелдің сандарында психологтың коды бар. Артынан із қалдыратын адамдардың қатарында. Ойы ұшқыр, білімді адамға жатады. Адамдарды жақсы түсінеді. 1 саны аз, яғни бұйырып сөйлегеннен ақылдасып сөйлегенді жақсы көреді. Ерте есейген адамға жатады. 5 санынан 3-еу бар. Бұл адам өте патриот адам. Өзгелерге мейірімді, жаны ашып тұрады. Энергиясы те көп. Жаңашылдыққа жақын адам. Өйткені кодында жаңашылдық басым. Егер дәрігерлік пен психология саласын таңдағанда жақсы болар еді. Интуициясы жақсы, өте шыншыл адам. Бірақ биылғы жылмен қарастырсақ, мүмкіндігі өте аз.

Амангелді Таспиховта да мыңдық коды бар, бірақ өмірінің бірінші жартысында тұр. Және сандары басшылыққа жақын. Шенеуніктерде, Үкімет басында жүретін адамдарда осындай сандар болады. Жетекшілік етуге, біреуді бағыттауға жақын. Орта жол жоқ, өте қабілетті адам. Намысшыл, амбициясы басым. Еңбекқор адамдардың қатарынан. Көбіне өзгенің қамын ойлап кететіні бар. Көп адамдарға жақпай жатады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәдібек Түгелде 7 саны бар болып тұр. Амангелді Таспиховта 7 саны жоқ. Яғни адамдарға көмектеседі, бірақ адамдар бағаламайды. Қабілеті бойынша география, тарих пәндерінен жақсы оқыған болуы керек. Мінезінде прокурор, милиционер, тергеушінің қабілеті көрінеді.  Өз айтқанынан қайтпайды. Биыл мүмкіндігі өте жоғары емес. Бірақ басшылыққа жақын сандары бар.

Ал нумерология бойынша Дания Еспаеваның өмірдегі миссиясы – қоғамға қызмет ету. Көбіне Үкімет жұмыстарын жақсы атқара алады. 156 деген коды бар. Өте еңбекқор адамға жатады. Бұрынғы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты оның да 6 саны өте көп. Әйел адам болғандықтан кандидаттардың ішінде еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Бұл кісі ақшаны берекелі ұстайды. Мінезі жақсы адамға жатады. Ақкөңіл, кез келген адаммен тіл табыса біледі. Көп нәрсені жүрегіне жақын қабылдайды, сезімтал. 58 жасында жаңа жұмыс күтіп тұр. Бірақ президенттік дей алмаймын. Жалпы жолы болғыш адамдардың қатарынан.

Төлеутай Сатайұлы Рахымбековтың да мыңдық коды бар. Мысалы, нумерология бойынша Дания Еспаева қарапайым адамдарға жатады. Ал Төлеутай Сатайұлы біраз ерекшеленеді. Өзін өте жоғары ұстайды. Өте жолы болғыш, көп нәрсе сәттіліктің арқасында келген. Өте жолы болғыш адамдардың қатарында. Бүкіл үміткерлердің ішінде 2,7,8 саны бар. Ел алдында өзін ұстай алады. Сөйлей алады. Біреуге сөзі өтеді. Бірақ 6 саны жоқ. Яғни жұмыс істесе, қолайлы график іздейді. 54 жасы өте жақсы жыл, мүмкіндігі өте жоғары. 54 жасында өзін көрсете алатын жыл.

Жамбыл Ахметбектің сандарында 1 саны өте көп. 1 саны көбінде диктаторларда болады. Сөзі өзгелерге жүреді, бұйырып сөйлей біледі. Сөзі нақты, ойы ашық. Өмірінің екінші жартысы жеңіл деп тұр. Мансап жолында үлкен жетістікке жетуге мүмкіндігі жоғары. Сәтті саны жоқ. Сондықтан бұл адамға көп нәрсе еңбек пен мінездің арқасында келген. Мінезі, күш-жігері мықты. Алдына айқын мақсат қоя алады. Соған жету жолында кез келген қиындыққа төтеп беретін адам. Тазалықты өте жақсы көреді. Өмірдегі миссиясы – әкім болу, әдемілік әкелу, жетекшілік ету. Бұл адамда да басшылыққа жақын сандар бар. 58 жас өте жақсы жыл. Жаңа өмір басталады, өзін жаңа қырынан көрсетеді. Бұл кісінің Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейінгі мүмкіндігі жоғары.

Осылай әрбір кандидаттың сандармен саяси портретін жасаған нумеролог Құралай Бақытқызы кімнің қай орында болатыны жайлы болжам жасады. Оның айтуынша, бірінші орында – Қасым-Жомарт Тоқаев, екінші орында – Жамбыл Ахметбек, үшінші орында – Әміржан Қосанов пен Төлеутай Рақымбеков болуы мүмкін. Қалған кандидаттардың жеңіске жету мүмкіндігі нумерология бойынша төмен болып тұр, - дейді нумеролог.

Бұл жай ғана нумерологиялық болжам ғана. Кімнің жеңіске жетерін алдағы сайлау анықтайтын болады.

Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір