• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:35:11
Алматы
+35°

15 Мамыр, 2019 Әлеумет

Жаңа жылдан бері жалақы алмаған жұмысшылар наразылық білдіруде

Петропавлда вагон шығарумен айналысатын "Зиксто" зауытының жұмысшылары үш айға жақын жалақыларын алмағандарын айтып, наразылық білдірді

15 мамырда Петропавлда вагон шығарумен айналысатын "Зиксто" зауытының жұмысшылары үш айға жақын жалақыларын алмағандарын айтып, наразылық білдірді. 14.30-ға қарай 300-ге тарта жұмысшы еңбекақыларын талап етіп, зауыт әкімшілігінің алдына жиналды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі azattyq.org сайтына сілтеме жасап.

Зауыт жұмысы биыл қаңтардан бері тоқтап тұр. Жиналғандар сөзінше, әкімшілік наурызға дейін жалақыларының жартысын ғана төлеп келген. "Наурыздан бастап ақша төлеуді мүлде тоқтатты" дейді олар.

Наразылар несиелерінің пайызы өсіп, қарыздарының көбейіп жатқанын айтып шағымданды.

Азаттық тілшісінің айтуынша, маңайда полиция автобустары тұрған. Бес-алты полицей наразыларды бақылап жүрген. Зауыт қызметкерлері жиналған соң әкімшілік наразылар арасынан он шақты адамды іріктеп, ғимарат ішінде сөйлесті. Бір сағатқа жуық уақыттан соң зауыт директоры наразылар алдына шығып, 31 мамырда жалақының толық төленетінін уәде етті.

- Осыған дейін зауытта жасалған келісімшарттар тиімсіз болып шықты. Ресейдегі құрамдас бөлшектер 2-2,5 есе қымбаттап кетті. Ол жақтағы басшылар бағаның көтерілуі бойынша келісімшартты қайта қараймыз деп сөз берді. Осыдан кейін зауыттағы жұмыс жалғасады. Екі айдың жалақысын 31 мамырға дейін төлейміз, - дейді "Зиксто" зауытының бас директоры Ренат Шамсутдинов.

"ЗИКСТО" зауытында 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыт дерегінше, мекеменің жалпы қарызы - 95 миллион теңге.

Ұсынған: Мият Кәшібай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір