• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 10:36:51
Алматы
+35°

16 Мамыр, 2019 Оқиғалар

Ат мінгізген айып па?

Тіпті Тоқаевтың өзі бұл істі қатаң бақылауына алып, шара қолданатынын жеткізген-ді.

Кешеден бері әлеуметтік желіде Атыраудағы полиция департаменті бастығының ат мінген видеосы қызу талқыға түскен болатын. Аталмыш видео бойынша ІІМ де мәлімдеме жасап, тергеу жұмыстарын бастағанын айтты. Тіпті Тоқаевтың өзі бұл істі қатаң бақылауына алып, шара қолданатынын жеткізген-ді. 

"ІІМ Е.Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады",- деп жазды президент.

Генералды атқа мінгізген кім?

Аян Дүйсембаев Қызылқоға ауданы басшылығы мен жерлестерінің шақыртуын қабыл алып, өзінің туған жеріне барған. Жақында ғана шені жоғарылаған Аян Дүйсембаевқа осыған байланысты жерлестері ат мінгізеді. Видеоның өзінен ауыл тұрғындарының ыстық ықыласын көруге болады.

Аталмыш жайтқа қатысты фейсбукте түрлі пікірлер жазылды. Солардың қатарында Ержан Жаубай да бар. Ол өз жазбасында Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын тілге тиек етеді.  

— Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласының алғашқы тармағында: 

"Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі" - деген болатын.

Ал қазақтың қуанса — ат мінгізіп, шапан жабатыны, араздасса ат-шапан айып беретін дәстүрі бары ежелден белгілі. Оны дәлелдеп жатудың керегі жоқ.

Демек, қазақтың арғы тамырында атқа міну ешқандай қылмыс емес!

Ал өзінің сайлауалды бағдарламасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыратын, сабақтастыратын Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау халқы, соның ішінде өзінің туған ауылы ат мінгізіп шапан жапқан Полиция департаменті бастығы жайлы:

"ІІМ Е.Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады" - деген екен.

Ойланып көріңіз, Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының саясатын қолдай ма, әлде қазақтың салт-дәстүріне қарсы шыға ма? - деп жазды тәуелсіз журналист Ержан Жаубай.

Лауазымды қызметтегі азамат өзінің туған жеріне барып, жерлестерінің ықыласына бөленсе, несі айып?!  Иә, жемқорлық дендеп кеткен заманда оның себеп-салдарымен күресу қажет-ақ. Алайда бұл жерде бәрі басқаша. Аян Дүйсембаев тұлпарды жасырын жағдайда алып жатқан жоқ. Керісінше халықтың көзінше атқа мініп, суретке де түсіп жатыр. Мұны халықтың жерлесіне ыстық ықыласы, зор құрметі деп түсіну керек.

Сондай-ақ өзін "Қызылқоғаның құрметті азаматымын" деп таныстырған Есенбай Нұров деген азамат  фейсбук арқылы өз жерлесіне араша түсті.

— Дәстүрімізде ел сыйлаған, танымал тұлғаға берілетін мұндай жоралғыны тарту немесе таралғы деп атайды. Бұл тарту – таралғы сол азаматтың еңбегін бағалай отырып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынылған. Туған жері мұндай құрмет көрсете алмаса елге, жерге сын деп қаралған.

​Осындай өнегелі істі атқарған Қызылқоға ауданы басшылығы мен шақыртуды қабыл алып жерлестерімен кездескен Аян ініміздің мінген атын орынсыз алынған сыйлық деп қабылдаса, ұлттық бірлігіміздің, мәңгілік ел болу жолындағы қағидаларымыздың өрескел бұзылғандығы деп есептеймін, - деп жазды Қызылқоға ауданының құрметті азаматы.

Миллиондаған доллар пара алған азаматтардың қасында елдің алдында генералға жерлестерінің ат мінгізіп, құрмет көрсеткені айып па? Жемқорлықпен күресуді халық қос қолдап қолдайды. Алайда бұл ұлттық құндылықпен, салт-дәстүрмен күресу дегенді білдірмесе керек. Керісінше бұл әрекетті халықтың ыстық ықыласына бөленген лауазымды қызметкердің басын иіп, елінің алдына келуі деп ұқпаймыз ба?

Тоқаевтың кез келген даулы жайтты баса назарға алып, twitter желісі арқылы мәлімдеме жасауы жақсы қадам. Бұл оның сайлау алдында жақсы ұпай жинауына да септігін тигізетіні рас... 

Десек де, 9 мамырда өткен "Мәңгілік полкте" СССР-дің туын желбіретіп, Сталиннің портретін ұстағандарға неге тыйым жоқ? Тіпті тәуелсіз Қазақстанда өз елінде жүргендей атқа мініп шіренген казактарға неге тоқтау жасалынбайды? 

Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндейтін болсақ, атақ-абыройлы азаматқа ат мінгізіп, иығына шапан жабатын қазақпыз. Ертең тағы біреудің иығына шапан жабылды делік. Оны да жемқорлық деп ұғатын болсақ, ұлттық дәстүрімізге сын емес пе? Онсыз да жастардың бойына қазақылық пен салт-сананы, үлкенді сыйлау мен құрметтеуді сіңіре алмай отырған жоқпыз ба?

...Ал азаматқа ат мінгізген айып па?

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір