• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:29:47
Алматы
+35°

16 Мамыр, 2019 Саясат

Теледебат. Кандидаттар қандай пікірде?

кандидаттар арасындағы дебат таяуда тікелей эфирде өтуі мүмкін

9 маусым Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетіні белгілі. Осыған орай қазіргі БАҚ-ғы басты тақырып дәл осы саяси дода турасында болып тұр. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы «сайлау қарсаңында дебат өте ме?» деген тақырып қызу талқыланып жатыр. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі теледебатқа қатысты айтылған және жазылған пікірлерді назарларыңызға ұсынады.

Теледебат туралы қай кезден бастап айтыла бастады?

Жалпы 2019 жылы елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде мәлімдеген болатын. Бірақ Тоқаевтың бұл мәлімдемесінен кейін бірден теледебат жайында сөз қозғалған жоқ. Алғаш рет бұл туралы 19 сәуірде Украинада өткен (2019 жылдың 19 сәуірінде Киевтегі «Олимпийский» стадионында Украина президентіне үміткерлер П.Порошенко мен В.Зелинский арасында теледебат өткен болатын) теледебаттан кейін айтыла бастады. Facebook әлеуметтік желісінің көптеген белсенді қолданушылары «Қазақстанда да дәл осындай теледебат өтуі тиіс» деген пікірлерін білдірді. Мәселен, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Украинадағы дебаттан кейін Facebook парақшасы арқылы теледебаттың  демократияға бастайтынын әрі Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап бір форматта өтіп келе жатқан президент сайлауына тың серпіліс әкелетін айтты.

«Кеше Украинадағы дебатты көріп демократияда көш ілгері кеткеніне куә болдық. Алдағы президент сайлауында "Астана Аренада" саяси дебат өтсе, сәл де болсын "Біздің де қолымыздан келеді екен ғой деген қоғамда бір сілкініс болар еді. 30 жылда тұңғыш рет саяси конкуренцияның не екені xалықтың мұрнының ұшына барар еді. Дәл Назарбаев заманындағы жүйемен отыра берсек, уақыт өтсе болды, демократиялы ел болып кетпейміз. Демократия нақты саяси процестер мен xалықтың бұл процестерді практикалық тұрғыда көріп-сезуі арқылы іске асады. Сондықтан Назарбаев кезіндегі ескі-құсқы түсінікті Елбасымен бірге өткен шақта қалдырып, осы сайлауда ерекше процестерді қолға алайық. Болашаққа есі дұрыс қадамдармен аттайық!», - деп жазды Серікбаев.

Үміткерлер арасында теледебат өте ме, оның форматы қандай болмақ?

Бұл туралы 8 мамыр күні Орталық сайлау комиссиясы жиынында сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты.

«Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқығы бар. Қазіргі уақытта орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтап, қарастырып жатыр», - деді Петров.

Ал 14 мамырда Үкімет отырысынан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерге берген сұхбатында "кандидаттар арасындағы дебат таяуда тікелей эфирде өтуі мүмкін" деп жауап берді.

Дебатқа кандидаттар қалай қарайды?

Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынған "Нұр Отан" партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Максим Споткай "Азаттық" радиосының тілшісіне Тоқаевтың дебатқа қатысатыны немесе қатыспайтыны әзірге белгісіз екен айтқан.

Ал "Ұлт тағдыры" қозғалысы  кандидат ретінде ұсынған  Әміржан Қосанов 14 мамырда тікелей эфир барысында дебатқа дайын екенін айтты.

Әміржан Қосанов

«Біріншіден, ОСК дебат болады деді. Менің ойымша,  дебатқа барлық кандидаттар қатысуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев та кандидат ретінде дебатқа қатысуы тиіс. ОСК дебатты қай форматта өткізуді ұсынатынын көрейік. Қатысуға дайынмын. Ал сайлаудың екінші турына өтсем, менімен бірге екінші турға шыққан кандидатты стадионға дебатқа шақырамын», - деді Қосанов.

"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысының атынан ұсынылған кандидат Сәді-Бек Түгел "Азаттық" радиосының тілшісі Асылхан Мамашұлына берген сұхбатында өзге кандидаттарды дебатқа шақыру туралы әзірге ойланбағанын айтқан. Оның ойынша, өйткені "сайлау заң бойынша дұрыс жүріп жатыр" екен.

Сәді-Бек Түгел

Сондай-ақ, Сәді-Бек Түгел дебат болып жатса, қалыс қалмайтынын да айтқан.

«Ал бірақ, қандай дебат ұйымдастырылса да, қатысуға дайынмын, өйткені өз пікірімді әрқашан ашық айтып жүрген адаммын, - деген Түгел.

"Ақ жол" партиясынан ұсынылған кандидат Дания Еспаева болса, "Азаттық" тілшісі Асылхан Мамашұлына дебатты тікелей эфирде көрсеткен дұрыс болатынын айтыпты.

- Кандидаттардың сөйлеуіне екі минуттан емес, кем дегенде бес минут уақыт беру керек. Әйтпесе, аз уақытта тұщымды пікір айта алмайсың, - деді Еспаева.

Бұған дейін дебат бір-ақ рет өткен.

Елімізде өткен Президент сайлаулары барысында бұған дейін үміткерлер арасында бір-ақ рет дебат өтіпті. 2005 жылы желтоқсандағы президент сайлауы қарсаңында президенттікке кандидаттар – "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, "Әділетті Қазақстан" қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай, "Табиғат" экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов арасында теледебат болған. Бірақ сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев теледебатқа қатыспаған.

 

 

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір